Владимир ЛУКЬЯНЧЕНКО,
Жамбыл аудандық мәслихаттың құрылымдық бөлімшесінің басшысы.
Жақында біздің депутатымыз, Кладбинка ауылындағы Миролюбово дәрігерлік амбулаториясының жоғары дәрежелі аға терапевт дәрігері Гүлнәр Оспанова өз мерейтойын атап өтті. Ол Озерный орта мектебін ойдағыдай аяқтаған соң Целиноград медициналық институтына дәрігер-терапевт мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны аяқтаған соң 1987 жылы Петропавл қаласының 1-ші ауруханасында интернатурада 1 жыл қызмет етті. 1988-1993 жылдары – Пресноредуть учаскелік ауруханасының бас дәрігері болды және 20 жыл Миролюбово дәрігерлік амбулаториясында басшылық жасады.
Гүлнәр Бегайдарқызының қызмет көрсету аясына 11 елді мекені бар, төрт мыңға жақын адам өмір сүретін Кладбинка және Мирное ауылдық округтер кіреді. Бірнеше жыл бойы оның учаскесінде ана және бала өлімі, туберкулез ауруы жоқ. Тұрғындар халық қалаулысының адам денсаулығын сақтауға қамқорлығын, кәсіби шеберлігін, өзіне және қол астындағыларға талапшылдығын ризашылықпен айтады. Жерлестері оған үлкен сенім білдіріп, оны аудандық мәслихаттың ІV және V шақырылымдарының депутаты етіп сайлады.
Жұбайымен бірге ол 3 қыз тәрбиеледі. Үлкені Әсел шешесінің жолын қуды. Қарағанды медициналық академиясын тамамдап, облыс орталығында 1-ші қалалық ауруханада дәрігер-терапевт қызметін атқаруда. Ортаншысы Меңгүл – Қарағанды политехникалық институтының ІІІ курс студенті, кішісі Салтанат 7-ші сыныпта оқиды.
Депутаттық қызметінде Гүлнәр Оспанова үлкен жұмыс жүргізеді. Екі шақырылым бойы депутаттық өкілеттіктер, адам құқықтары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім және мәдениет мәселелері бойынша аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының құрамында. Әрдайым азаматтарды қабылдап, округ әкімімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Елді мекендерді көркейту, ардагерлер мен мүгедектерге қамқорлық көрсету, жастардың бос уақыты, мектептер жұмысы, демеушілік көмек және басқа да маңызды мәселелерді шешуге белсене атсалысып жүр. Оның еңбегі облыс және аудан әкімдерінің, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының грамоталарымен аталып өтілді.