Жаһар ЖҰМАХАН,
“Арыстан” лицейінің оқушысы.
Міне, көптен күткен сәт те келді. Мен “Арыстан” лицейінің алдында тұрмын. Жан-жағымда – толқып, алаңдап, тұрған ата-аналар мен жасөспірімдер. У-шу. Көп күттірмей кезекші офицер әскери тәртіп бойынша сынақтан өткен талапкерлерді тізім бойынша шақырып, сапқа тұрғызды да, қақпа ішіне кіргізіп әкетті. Солардың қатарында мен де табалдырықтан қуана аттап, аула ішіне қадам бастым.
Алақай! Мен лицеист атандым. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Айналасы ат шаптырым жерді алып жатқан алып ғимараттың әсемдігі мен жайлылығы, салтанаты жан-жүрегімді бірден жаулап алды.
Лицейге келгелі бірнеше ай өтті. Мен жаңа өмірге тез бейімделдім. Аспанмен таласқан Алатаудың Талғар беткейіндегі әдемі қойнауларының біріне орналасқан “Арыстан” мамандандырылған лицейінде өзім секілді озық ойлы жастармен бірге білім алудамын. Жас өрендерімізді әскери тәртіпке үйретіп, білім нәрімен сусындататын орда “Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры” қоғамдық қорының қайырымдылық жобасының аясында ашылды.
“Арыстан” мамандандырылған лицейінің басшысы – запастағы генерал-майор, педагогика ғылымының докторы Сәбит Сәуменұлы Тауланов.
Лицейімізде бозбалалар 9-11-сыныптар аралығында физика-математикалық және әскери бағытта білім алады. Бізге білікті, жоғары санатты ұстаздар сабақ береді.
Таулы аймақта тек оқу корпусы ғана емес, жатақхана, стадионы бар спорт блоктары, хауыз, асхана және лазарет те жоғары дәрежеде салынған. Әрбір бөлме мен кабинет осызаманғы техникалық құралдармен жабдықталған. Білім алу, тамақтану және тұру тегін. Лицей 240 орындық. Дегенмен, барлық өңірлерден келген мыңдаған талапкерлерден тек 80 бала ғана қабылданады. Арыстаншылар қатарына ену үшін, үміткер көптеген тест сынақтарынан өтуі, IQ тексерілуі, өте жоғары деңгейде физикалық нәтиже көрсетуі және міндетті түрде толық медициналық тексеруден өте алуы қажет.
Мұнда әр маусымға әртүрлі айшықты таңбалармен бейнеленген талапқа сай киім үлгілері де бар.
Анамыздай мейірімді күтуші апайлар мен психолог, дәрігерлер мен медбикелер, аспаздар мен аула сыпырушыларына дейін бала жанын түсіне біліп, қамқор болып жүргеніне таңғаласың. Осындай керемет оқу орнында білім алу – мен үшін үлкен бақыт.