«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СМАҒҰЛ САДУАҚАСҰЛЫ – ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЙРАТКЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

филология ғылымының докторы, профессор.

Халқымызда “Өлі риза болмай, тірі байымас” деген керемет тағылымды сөз бар. Бұл – өткенді ұмытпау мен болашаққа парасатпен қадам басуды білдіретін ұғым.

Елбасымыз бен еліміздің елшіл азаматтары 2013 жылы ұлт тарихына қатысты бірсыпыра жұмыс атқарды. Абылай хан мен Төле бидің мерейтойлары, “Қазақ” газетінің – ғасырлық, “Жас тұлпар” ұйымының жарты ғасырлық тойы биік деңгейде аталып өтті. Үлкен қалалар мен облыс, аудан орталықтарында, тағы басқа мерейлі тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағылымы атаусыз қалған жоқ. Сондай бір еске түсіретін дата аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлының (1900-1933) қайтқанына 80 жыл толуы еді.

Кеңес өкіметінің аса ауыр жылдарында Қазақстан Жастар одағын, Республикалық жоспарлау комитетін, Халық ағарту комиссариатын (министрлігін), педагогика университетін, бірнеше газет-журналдарды (ішінде бүгінгі “Егемен Қазақстан” мен “Ақиқаттың” бастауында тұрған басылымдар да бар) басқарған Смағұл Садуақасұлы өз тұсында аса танымал қайраткер болған. Сондай-ақ ол алғашқы ұлт театрын ұйымдастырып, қызметсіз қалған Алаш зиялыларына жүйелі көмек көрсетіп тұрды. 20-шы жылдары Абай мен Сұлтанмахмұт өлеңдерін жинатып, Бейімбет, Жүсіпбек, Мұхтар әңгімелерін орыс тіліне аударды. Өзі де қаламнан қол үзбей, “Сәрсенбек” романын, “Салмақбай-Сағындық”, “Күміс қоңырау” повестерін, “Өртең”, “Салмақбай, Махамбет”, “Аптономия” әңгімелерін, сансыз әдеби-сын мақалаларын, танымдық еңбектерін жазды. Осының бәрі бір адам үшін, әрине, орасан зор жұмыс дер едік.

Бірақ қазақта қайраткер мен қаламгер аз ба?! Смағұл Садуақасұлын басқа тұлғалардан ерекшелейтін қасиеттер: ұлт теңдігі мен республиканы, өндірісті, шаруашылықты өңір ету жолында табанды күресіп, замандастары тарапынан “Біздің Кенесары” атануы; қанқұйлы Ф.Голощекиннің геноцидін алдын ала сезіп, ашық қарсы шығуы.

Қазақ “Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек” деп, Смағұлдай азаматтарды айтса керек. Тағы да бір дерек: жастай Алашқа аңсары ауып, жастардың “Бірлік”, “Жас азамат” ұйымдарында қызмет еткен С.Садуақасұлы 1923 жылы ешкімнен қорықпай пәк махаббатын аялап, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның қызы Елизаветаға (Зейнеп) үйленді. Сол жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойында “Ақаңның алдында” атты баяндама жасады…

Осындай дәрежедегі қайраткер 1927 жылы саясаттан шеттетілді. Одан кейін ол біраз уақыт Ташкентте қызмет істеп, Мәскеуге қоныс аударды. Осында темір жол институтына түсті. 1932-1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жолында инженер болып қызмет етіп жүргенде ОГПУ-НКВД тарапынан құпия жағдайда өлтірілді. Жаппай саяси репрессия әлі басталмағандықтан, Смағұлдың жұмбақ өлімі көп жария етілген жоқ. Биліктің шешімімен сүйегі өртеліп (қылмысты жасыру мақсатында), кремациядан соң туысқандарына берілді…

Е.Ә.Бөкейханова атынан 1933 жылы Дон зиратханасының қабырғасына қойылған құты мен табыттастағы қайраткер сүйегінің күлі 2011 жылдың 20 қаңтарына дейін сол жерде сақталынып келді.

Дон зиратханасындағы крематория ғимараты 1992 жылы христиандық діни ғұрыптар орнына айналдырылды. Ендігі жерде мұсылман қайраткері сүйегінің күлін ол жерде қалдыру үлкен дәстүрсіздік болар еді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Смағұлдың мәйіт күлін елге жеткізудің мүмкіндігі туды.

С.Садуақасұлы мұрасына қатысты тарихи күн – 2011 жылдың 21 қаңтары. Дәл осы күні оның сүйегінің күлі ұшақпен Мәскеуден Астанаға жеткізіліп, Қазақстан елордасының Қазақ елі монументі жанынан өтетін Тәуелсіздік даңғылымен “Садуақас Ғылмани” мешітінің жаназа шығару бөлмесіне әкелінді.

Астананың тарихи мешітінде төрт ай бойы Қазақ елінің азаттығы жолында шейіт болған тұлғаларымыздың рухына, соның ішінде Смағұл Садуақасұлының рухына қасиетті Құран аяттары бағышталып жатты.

2011 жылы 20 мамырда Парламент депутаттары, Астана зиялылары, туыстары қала басшылығының қолдауымен қайраткер сүйегінің күлін аманаттап “қара молаға” қойды.

Ұлт тарихында Түркістанға жеткенге дейін қазақтың талай хандары мен батырлары “қара молаға” (уақытша) қойылған.

С.Садуақасұлы “қара моласына” байланысты бірнеше себеп бар:

1) Алаш қайраткері сүйегін басқа елден әкелу оқиғасы бұрын-соңды болмаған еді, сондықтан “Ұлттық пантеон” мәселесі күн тәртібіне шықты;

2) “Смағұл сүйегі қойылады” деген екі орынның (“Хан Кене сарбаздары жерленді” деген “Жастар” шағынауданындағы зират пен “Қабанбай батыр жерленді” деген Қосшы кенті маңайындағы зират) ғылыми-деректік негізі әлі нақтылана қоймады.

Бір сөзбен айтқанда, бодандықтан бостан болған біз, қазақ қауымы, тарихи қайраткерлерді жерлеу мен рухын қадірлеуге қатысты елдік істерге даяр болмай шықтық…

2012-2013 жылдар аралығында ескіше (арабша) хат танитын жекелеген жас азаматтардың арқасында “Жастар” шағынауданындағы зираттағы бір құлпытастан “Осында шейіт кеткен Хан Кененің 255 сарбазы жерленгені” мәлім болды. Біле-білсек, бұл да Тәуелсіздік жылдардағы аса ірі тарихи оқиға еді.

Құдайдың құдіретімен енді Смағұл сүйегінің күлі мәңгіге байыздайтын орын айқындалды. Елорда зиялылары, дін қайраткерлері, туыстары кеңесе келе, Астана әкімдігінің рұқсатымен С. Садуақасұлы мәйіт күлін елдік және мұсылмандық салтпен 2013 жылы 27 қазанда Хан Кене сарбаздары қорымына қойды. Бастамашыл азаматтар басына көрнекті ескерткіш тұрғызды.

Содан бергі екі айдың ішінде Кенесары сарбаздары мен Смағұл бейітіне зиярат етушілер көбейе түсті. Тәуелсіздік мерекесіне қатысты елордада өткен айтулы шаралардың бәрі осы қорымдағы дара тұлғалар рухына дұға жасау рәсімінен басталды.

Сөз соңында айтарымыз, С.Садуақасұлы – бүгінгі аумақтық бөлініс бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Оның кіндік қаны тамған Жарқын ауылы Ақжар ауданы жерінде орналасқан. Ендеше қызылжарлықтар Смағұлдай қайраткермен мақтануы керек. Бүгінгі жастар С.Садуақасұлына еліктеп, батыр, білімді, білікті, табанды болып өсуі қажет. Астанаға барған азаматтар “Жастар” шағынауданындағы қайраткер бейітіне соғып, дұға оқығаны да ләзім. Бұл – біздің ата дәстүріміз, ел үшін шейіт кеткен тұлғаларды қадірлеуіміздің белгісі.

Айтқандайын, Смағұлдың тарихи ескерткіш тасы әзірленіп біткен биылғы Құрбан айт күні (16 қазан) оның біз даярлаған үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты (“Нұра-Астана” баспасы). 2003-2004 жылдары екі томдығын (“Алаш” баспасы) және 2009 жылы “Смағұл Садуақасұлы” атты зерттеу кітабын (“Қазақстан” баспасы) оқырманға ұсынған едік. С.Садуақасұлы өмірбаяны мен мұрасын білем деушілер осы еңбектермен таныса алады. Таныса отырып, Қызылжар зиялылары қаланың көрнекті бір даңғылы мен мектебіне қайраткер атын береді деген ойдамыз. Бір қызығы, Қызылорда мен Астанадағы оның атындағы көшелер жұртқа жақсы таныс.

Смағұл Садуақасұлы – әлемдік деңгейде мақтанышпен көрсетуге лайықты қайраткер, дара ұлттық тұлға. Уақыт өткен сайын оның тарихи орны биіктей түспек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp