Бүгінде Қазақстанда спортты дамытуға мемлекет тарапынан кең қолдау көрсетіліп, спортшылардың жоғары жетістіктерге жетуіне мол мүмкіншілік жасалуда. Жыл сайын өңірімізде спорт кешендері іске қосылып, спортпен айналысушылар саны арта түсуде. Осы орайда алдағы уақытта облыс орталығында Олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайының құрылысы басталары қуантады. Аталмыш жоба өңірлік спорттың дамуына өзіндік серпін беріп, солтүстікқазақстандық спортсүйер қауымға көптен күткен сый болмақ.
Маргарита МҰҚАШЕВА,
халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азиада ойындарының жеңімпазы.
Біздің өңірде халықаралық сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап жүрген білікті спортшылар бар. Мемлекет тарапынан қолдауға ие бұл спортшылар артылған үмітті ақтап, додаларда жеңімпаздар қатарынан көрінуде.
Мен Қазақстанның спорт тарихындағы ең жарқын беттердің біріне айналған – 2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, төрт жылда бір рет келетін байрақты додада ел намысын қорғадым. Бұл менің спорттық мансабымдағы ең биік деңгейлі сайыс еді. Біртұтас елдің үмітін арқалап келген спортшының жүрегінде тулаған көңіл күйін, сезімін сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Мұнда қуаныш пен намыстан бөлек жүктелген мол парыз жатыр. Осындай сәтте қателікке жол жоқ екенін жақсы түсінесің. Себебі, Олимпиададағы жалғыз жүгіріс үшін көп тер төгілді.
Тәуелсіздік алған соң ғана спортшыларымыз бір құрама команда болып, Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы елең-алаң кезден бастап, біздің республикамызда спорттың дамуы мен саңлақтарымыздың халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетулері үшін қолдан келген көмектің барлық түрі жасалып жатты. Тәуелсіздік бізге, спортшыларға зор мүмкіндік берді. Бұл мүмкіндіктің жемісін Лондонда өткен Олимпиада ойындарында көрдік. Ел үмітін арқалаған спортшыларымыз толағай табыстарға жетіп, ел мерейін үстем етті. Ел намысы мен абыройы үшін аламанға түсіп, жанқиярлықпен өнер көрсеткен жерлестер Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Ел құрамасы көрсеткен нәтиже біз үшін бұрын-соңды болмаған орасан зор жетістік еді. Алда 2016 жылы Рио де-Жанейро тұр. Онда өтетін Олимпиадада да спортшыларымыз осы сенім биігінен табылуға талпынбақ.
Соңғы 22 жыл ішінде ел спорты алға алшаңдап басуда, қол жеткізген жетістік те қуантарлық. Байрақты додаларда бейбітшілік сүйер жас Қазақстан мемлекетінің көк туын көкте желбіретіп жүргенімді бақыт санаймын.