«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІРДІҢ ТӘБӘРІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

КҮН КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ

(Соңы. Басы өткен сандарда).

ІІІ.

Оңы-солын тани қоймаған албырт студентпен жасты Тәуелсіздігіміз тас сияқты тапжылмай жатқан жоқ: таңымыз болып атып еді, енді Күніміз болып биіктеп барады. Күніміз туған бұл кезеңнің қай тұсын алсақ та, көбеймесе кеміп жатқан жоқпыз: жанымызға – жан, малымызға мал қосылып жатыр, ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш.

Бәрін айтпай, бірін айтайын: алысқа бармай-ақ, былтырғымызды баяндайын. Бұл адамзатты қатты абыржытқан жыл болды ғой: біреуіміз – көкке, біреуіміз – жерге, қысқасы, дүниенің төрт бұрышына үрейлене қарап, “ақырзаман” деген сөзді айтудан да қорыққан халге жеттік. Оның үстіне жазғы аптап та шошындырды: “Аспан айналып жерге түскендей мынау ыстық тектен-тек емес шығар”, – деп күбірледік. Ыстық қайтқаннан кейін ең қуанышты хабарды естідік: ақырзаман болмайды. Жаңа жыл бұдан да зор қуанышпен басталды: облыс орталығындағы перинаталдық орталықта жеті сәби дүниеге келді. Жаңа жылдың бұдан басқа жаңалықтары да аз болған жоқ: “Егемен Қазақстан” газетін облыс орталығында шығару басталды; Николаевка ауылында балабақша мен дәріхана ашылды; Бұлақта мал сою қосыны пайдалануға берілді. Кішкенекөлдің де шырайы жанғандай болды: онда Мемлекеттік рәміздер стеласы тұрғызылды.

Менің байқауымша, осы біз Тәуелсіздікті ду-думан деп түсінген тәріздіміз немесе қазағымның тойшыл мінезі толып жатқан ұжымдарға да жұққан сияқты. Ана жылдары Министрлер кабинеті бекіткен шеңберден шықпау қазір ұмыт: 5 жыл ма, 6 жыл ма, бәрібір тойлай береді. Мәселен, әскерилер екі рет тойлады: Ішкі әскердің 20 жылдығын, Әскери институттың 15 жылдығын. Әрине, әлеумет курсанттарға риза: сонау тоқсаныншы жылдары қақаған қыста да саяжайшылар киетін жұқа биялаймен жүрген олар тыныштығымызды күзетумен келеді.

Тәуелсіздіктің тағы бір белгісі облыс орталығын басқаруда ұлттық мамандарға теңдік тигені екендігін қалайша атап көрсетпеске?! Әттең, солар бір орында тапжылмастан 15-20 жыл бойы отырған А. Липовойдай емес: күнтізбелер сияқты жылда ауысып жатыр. Сондықтан ба екен, Қала күні екі жүз мың тұрғынның есінде қалатындай болып өткізілмей-ақ қойды. Қаланың 260 жылдығы осыған дәлел: баяғы “На-наның” концертінде терезелеріміздің әйнектері шытынай жаздағандай ештеңені естіген жоқпыз.

Есесіне Еске алу қабырғасы тұрғызылды. Саяси қуғын-сүргін кезінде бір кебін де бұйырмай, көмусіз қалған мыңдаған есіл ерлердің есімдері оған ойып тұрып жазылды. Солардың аты-жөндерін анықтау үшін талай жылдан бері тыным таппай келе жатқан, осы қабырғаны тұрғызу үшін бірден-бір бастамашы болып, жеті мыңдай боздақтың есімдерін енгізген Болат Сағындықовтың қажыр-қайратына қалай сүйсінбессің?!

Міне, осы қуғын-сүргіннің ең аяулы құрбаны – ұлы Мағжаннан асып түсетін Тәуелсіздіктің жаршысы біздің қазақта жоқ. “Мағжанның Қызылжары” деген тіркес – оның өлмес өлеңіне де, өміріне де берілген баға. Сондықтан Қызылжардың иесі емес, киесі болып табылатын ұлы Мағжанның келіп-кетіп жатқан жыпыр-жыпыр жолаушыларды қарсы алып та, шығарып салып та тұруына қол жеткізгеніміз игі іс болды: вокзалдың алдындағы сатылып кетіп, әрең қайтарылған атшаптырым алаңға ескерткіші орнатылды. Әуелде жақ-жақ болып жүрген зиялы қауымның өкілдері Мағжанның есімі аталғанда өзгелерге жол жоқ екендігін айтып, шетінен қолдау білдіргендеріне мың да бір шүкір!

Реті келіп тұрғанда ұлтымыздың ұятына теңеуге болатын зиялыларға жылы лебіз білдіргім келеді: қой бастаған ақ серкелер сияқты алда жүретін оларға разылық білдіреміз. Еліміздің атын шығарған талай батырлар мен ақындардың, әулиелер мен билердің аруақтарын бір аунатқан олар өткендерге ас беру, тірілерге той жасау үшін топ-топ болып жүруді сиреткен сияқты. Бұл жолы олар қоғамның қамын күйттеді: облыстық қазақ театрына жаңа ғимарат салуды сұрап, Үкімет басшысына хат жазды.

Біресе – Қожаберген, біресе – Құлсары деп өздері де отырмайтын, өзгелерді де отырғызбайтын олардың көш бастап жүргендері мәңгілікке көз жұмды: алдымен – Қосыл Омаров, артынша – Қоблан Хамзин, Алматыда – Мақтай Сағдиев, Астанада – Ербол Шаймерден қайтыс болды.

Рас, “қарттарға қамқорлық” деген жаттанды тіркес жалған болып жатқан жоқ: облыстық және аудандық ардагерлер ұйымдарына бір-бірден автокөлік берілді. Жаратқан Иеміздің шарапатына бөленуді құптайтын мешітімізде де ғибратты оқиғалар болды. Атақты Құнанбаймен бірге қажылықта болған қостанайлық Ташат Тілемісұлы Қағбаны көмкеріп тұратын қисуаның бір тұтамын елге әкелген екен. Соны қажының шөбересі Еркөкше Исахметов мешітке табыс етті. Одан кейін көп ұзамай “Зекет” қорының өкілдігі ашылды.

Шыжыған ыстығымен табасында қуырғандай болған жаз да жадымда. Бір айдай теледидардың ішіне кіріп кете жаздадық: Лондондағы Олимпиаданы бастан-аяқ көргеніміз-ай!.. Салған жерден қуанғанымыз-ай!.. Басталмай жатып, алтын медаль қолымызға топ ете түсті: бескөлдік жерлесіміз Александр Винокуров бірінші болып келді!

Оған алақандай алтын медаль тапсырылғаннан кейін еліміздің Гимні шалықтай жөнелгенде бір-ақ уыс болып тұрған Вини түгіл, диванымызда шалжиып жатқан өзіміз де бірге босадық қой…

Қарт Қызылжардың саусақпен санарлықтай ғана көрікті орындары күзге қарай көбейе түсті: үйленетін жас жұбайлар топырлап баратын “Ботаникалық бақтың” іргесінде “Нептун” аквапаркі ашылды. Әрісі – Америкада, берісі – Еуропада бар, бірақ Қазақстанда болмаған “Нептун” таңдай қақтырмай қоймайды.

Желден жарық алуға кіріскен “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің жаңашылдығына қалай таңданбассың?! Салмағы 74 тонналық екі қондырғыны Германиядан әкелген ондағылар арман болып тұрған “жасыл экономикаға” көшуге кірісті. Ал көптеген ауылдардың тұрғындары өздері көшіп кетіп жатыр. Өйткені, Кеңес Одағымен қоса құрыған ауызсу әр үйге әлі жете қойған жоқ, оның үстіне жолдар да ойқы-шойқы. Десе де “Көппен көрген ұлы той” дейтін көнбістігінен танбайтын ауыл тұрғындары қуаныштан да кенде емес. Саумалкөлге кіреберістегі Кирилловка ауылында орта мектеп салынды. Дәл осындай мектеп тұтастығына селкеу түсе қоймаған санаулы ауылдардың бірі – Тауағашта да есігін айқара ашты. Шал ақын ауданындағы Ыбыраев орта мектебі болса 80 жылдығын атап өтті. Өз басым туған ауылым – Өрнекте қиыршық тас өңдейтін зауыт ашылғанына қатты қуандым. Біздің бала кезімізде бүкіл облысты қамтамасыз еткен Өрнектің тасының тағы да кәдеге жарағаны қандай ғанибет?!

Күзге қарай Жазушылар одағының бөлімшесі ашылды.

“Ақырзаман болады” деп ел дүрліккен күн жақындағанда бұл мәселе жайында бір-екі ай бойы түртінгенімді қағазға түсіріп, газетімізге жарияладым. Мұның тым күрделі оқиға екендігін ескерді ме, дін жолында жүргендердің ешқайсысы қалам тарта қоймаған соң жазғанымды жұрт оқыпты. Ең бастысы – дәл сол күні аспан айналып жерге түскен жоқ, жер жарылған жоқ. Бәріміз де: “Ух” дедік. Содан кейін жаңажылдық қарбалас басталды…

ІV

… Қыста боран соқса, күзде дауыл тұрса, жазда нөсер құйса, бұрынғылар: “Арты тыныш болсын!” – деп күбір-күбір етуші еді. Сол қазір басымызға келді: енді өзіміз күбірлейтін болдық. Бәрінен бұрын бұрынғылардың да, бүгінгілердің де тілектерінің қабыл болғаны қандай ғанибет: еліміз аман, жұртымыз тыныш!

Біздің Қызылжар өңірін мәңгілік тыныштық орнаған мекен дерсіз: көк тіреген тауымыз жоқ болғандықтан, жеріміз сілкінбейді, сел жүрмейді; аяғыңды аттаған сайын алдыңнан шығатын шоқ-шоқ ормандар қаумалап тұрғандықтан, қара бұлттарды түте-түте қылған талай дауылдан аман қалдық. Қыста қар басып, жазда су басып, талай теперішті көрген басқа облыстармен салыстырсақ, Қызылжарымыз жұмақтай ғой: қысы сұп-суық, бірақ тап-таза ауасын айт; Есіліне бір сүңгісең, көпке дейін есіңнен кетпейтін жазын айт, қалада да, далада да жеміс-жидегі сыңсып тұратын күзін айт! Топырағымыз құнарлы: толқыны төске ұрған жайқалған егін; шөбіміз қандай шүйгін: біздікіндей дәмді жылқы еті еш жерде жоқ!

Қары күмістей, таңы пүліштей жаңа, 2013 жылды көбіміз осындай көңілмен қарсы алдық. Кірпі сияқты тікірейіп тұрған шыршаға емес, қап-қалың қарға қуандық: “биыл егін бітік шығады”, деп және “саяжайларымыздағы ағаштар үсімейді” деген пендешілік пейілімізді де білдіріп жаттық. Егін демекші, шапандай бір туысым: “Егін жақсы шықса екен”, – деп тілеп жүретін. Сонда бір ұлы онысын жақтырмай: “Егін жақсы шықса, бір-бір “Ланд Крузер” мініп шыға келеді. Олардан саған не пайда?!” – дейтін. “Нан болса, ән болады” дегенді қазіргілер білмейді-ау…

Биылғы жылы облыс әкімі болып тағайындалған Самат Ескендіров – кешегі социализмнің де, бүгінгі нарықтың да дәмін татқан басшы. Ол алмастырған бұрынғы әкімді, әрине, даттаудан аулақпын: қолынан келгенін аямаған секілді, қолынан келмегенін кешіре салайық. Ал жаңа әкім әлеуметке жаны ашитындығын барынша байқатты: ойқы-шойқы жолдарды жөндеуге барлығы 5 миллиард 45 миллион теңге бөлуге қол жеткізді. Бұған дейін жамау-жасқаумен шектеліп келген жолдарымызды жөндеуге мұншама қаражаттың бөлінуі тұңғыш рет!

Бүгінгілер “Бәрі де балалар үшін!” деген баяғы ұранды ұмытса да, оны жүзеге асырудан жаңылған емес. Өткен 2012 жылы 1294 бүлдіршіннің балабақшалармен қамтамасыз етілгенін жазған болатынбыз. Биыл бұл көрсеткіш жыл басында өзгеріп сала берді: облыс орталығында 320 орындық “Алтын бесік” балабақшасы ашылды. Бәленбай мың пәк бүлдіршіндер бас-аяғы көрінбейтін кезек күтумен алды мектеп парталарына отырып жатқанда анда-санда бір жаңа балабақша салумен бұл мәселенің түпкілікті шешілмейтіндігі айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан Самат Сапарбекұлы ескі жараның аузын ашып, мәселені төтесінен қойды: жекешелендіру кезінде қолы ұзын мекемелер өздерінікі қылып алған бұрынғы 10 балабақша балаларға қайтарылсын!

Бұл тапсырма қазір орындалу үстінде: университет ұстаздарының пәтерлеріне, кеңсеге, тағы басқаларына айналып кеткен ғимараттарда сәбилер күлкісі сыңғырлайтын күн жақындап келеді.

Биылғы сәуір тәуір емес, ауыр болды, құлағымыз жауыр болды: зейнетақы туралы жаңа заңның жобасы елу мен алпыс жас аралығындағы не жас емес, не кәрі емес қалың қауымның аяқ-қолдарын жерге тигізбестен шырылдатты. “Гендерлік саясат” деген тіркес әйелдерге құбыжық болып көрінді: 63 жаста зейнетке шығу оларды қатты қайғыртты. Абырой болғанда, олардың зарын Елбасы да естіді: ол Үндеу жариялап, реніш туғызған реформаны 4 жылға сырғытты.

Имандылығымнан жаңылмауға тырысатын мені діни ахуал да қуантты: ол тазара түсті. Бір-бір мақаласы газеттерге апта сайын, ай сайын шығып тұрған Дін істері агенттігінің төрағасы болған Қайрат Лама Шариф жат ағымдарға қарсы аянбай күрес жүргізді. Әсіресе, жаңа заң дегенімізге жеткізді: секталар жойылды, басқа бағыттағы мешіттер тіркелмеді. Мұндағы ауыс-түйістер де әбден қисынды: мәселен, “Қызылжар” мешітіне бас имам болып келген Кенжетай қажы Дүйсенбай білімінің тереңдігімен ерекшеленеді.

Қаламызға құтаймайтын әкім тағы да жаңарды: Төлеген Закариянов тағайындалды. Қан базардай қайнаған Қызылжарда жұмыс бастан асады: жылу, жарық, ыстық және суық су, газ – осының бәрі жүрісінен жаңылмайтын сағат сияқты болуы керек. Ойласаң, ұйқыңды шайдай ашар басқа жұмыстар да жетерлік.

“Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атағын алғандарға қатысты да айтарым бар. Баяғыда Сәбит Мұқановтан басқамызға берілмеген бұл атаққа Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашындай болған Шарғия Мұқышева әбден лайық. Мен Сайдаш Ғайсиннің еңбегі де еленгеніне қатты қуандым: бүкіл ауылдарды аралап, небір әндерді нотаға түсірген оның өнерімізге үлесі өлшеусіз зор.

Биыл Қожаберген жыраудың 350 жылдығы республикалық деңгейде дүркіреген тойға айналды.

Ұлы Мағжанның 120 жылдығы да атап өтілді.

Он күн Түркияға тамсанған мен осы екі тойға қатыса алмадым. Есесіне онда есімі аталғанда бүкіл түріктер орындарынан атып тұратын асыл тұлға – Мағжанымыз туралы мақтанышқа толы өлеңімді оқыдым.

Биылғы жылымыз тым жаңбырлы болды ғой: жазда да көп жауып еді, ал күзде тіптен толастамады. Нұрдың суы неге зиян болсын: егін атаулы жайқалып шықты, өзіміз болсақ, жеміс-жидекке де, көкөніске де қарық болдық. Бірақ егін жинауға бөгет жасаған биылғыдай соншама жылауық күзді көріп тұрғанымыз осы… Қазан айы түгіл, қарашада да басылмаған қалың жаңбырға қарамастан, 5,2 миллион тонна астық алғанымызды бір ерлікке балауға болатын шығар-ау… Олай болса “Ланд Крузерлер” көбейе берсін!

Егіншіліктен басқа салалардағы жетістіктеріміз де жоқ емес. Мәселен, ауызсу талай тұсқа жеткізілді: қалалықтар – 100, ауылдықтар 75 пайыз қамтамасыз етілді. Жөнделген жолдар 235 елді мекенде көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді. Құрылыста да олқы емеспіз: “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша биыл 1252 пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар қаншама: 7 ауданда 60 үй, 4 аудандық емхана, Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Мамлют ауданында орта мектеп салынуда. Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 41,5 миллиард теңгені құрайтын 31 жобаны іске асырып жатқан өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуеті де зор.

… 1986 жылғы 16 желтоқсанның күні де, түні де менің есімде: аяз буып тұр еді. Сондықтан да Тәуелсіздік маған ақырған аяз болып елестейтіндей. Тәңірінің тәбәрігі болып табылатын Тәуелсіздікті жанымызбен ғана емес, тәнімізбен де сезінеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp