«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШЕТЕЛДЕ АЛҒАН БІЛІМІМДІ ЕЛІМНІҢ ИГІЛІГІНЕ ЖҰМСАҒЫМ КЕЛЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін екі жылдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен жасалған “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бүгіндері жемісін беріп отырған мәуелі бақ іспеттес. 10 мыңнан астам студент оның стипендианты атанып, әлемдегі алдыңғы қатарлы отыздан астам мемлекеттің ең мықты оқу ордаларында білім алу мүмкіндігіне ие болды. СҚО Ішкі істер департаментінің криминалист-сарапшысы Рүстем Рүстем де аталған бағдарлама бойынша Ұлыбританияның Бристоль қаласындағы Бристоль университетінде білім алып жүр. Ғаламтор арқылы онлайн режимде өткен сұхбат барысында шетелдегі жерлесіміздің амандығын біліп, ондағы білім беру турасында әңгімелестік.

Рүстем РҮСТЕМ,
Ұлыбританиядағы Бристоль университетінің студенті:

– Сіз үшін “Болашақ” бағдарламасының маңызы қандай?

– Барлық “болашақтықтар” үшін бұл бағдарламаның маңызын сөзбен жеткізу қиын шығар. Бағдарлама келешегіміздің берік іргетасын қалауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ол менің өмірімді түбегейлі өзгертті десем де артық айтқаным емес. Өмірге деген көзқарасым, дүниетанымым өзгерді, пайымдарымды қайта қарап, құндылықтарымды еселеп бағалай бастадым.

– Байқауға қатысуыңызға не түрткі болды?

– Шынымды айтар болсам, мен үшін шетелде оқу туралы ой Айға қол созумен тең болатын. Мектепте оқып жүрген кезімде әскери салада еңбек етуді қаладым. Әкем де бұл ниетімді қолдаған болатын. Алайда, комиссиядан өте алмай қалдым. Өзге қалада оқу қалтаға салмақ түсіретінін ойлап, ал КИМЭП сынды жоғары оқу орындарында білім алу сол уақытта қол жетпес асудай көрініп, арманымды жылы жауып қоя салдым. СҚМУ-дің “Химиялық, криминалистикалық және экологиялық сараптама” мамандығы бойынша білім алып жүрген кезімде шетелге шығудың сәті түсті. Студенттермен алмасу бойынша Германияның Нюрнберг қаласындағы Фридрих-Александр университетінде машықтанудан өттім. Кейінгі барған Австрия, Франция мемлекеттері де менің ой-санамды жаулап алып, болашағымды айқындап берді. Үйге қайтып оралғаннан кейін Еуропадағы жоғары оқу орындарына түсуге талпынып, бірнеше шетел университетіне құжаттарымды тапсырдым. Ол уақытта Ішкі істер департаментінде криминалист-сарапшы болып жұмыс істеп жүрген болатынмын. Сондықтан да емтихандарға дайындалуға уақытым бола бермеді. Ал “Болашақ” бағдарламасының стипендиясына екінші талпынысымнан қол жеткіздім.

– “Болашақ” халықаралық стипендиясының тағайындалу барысына тоқтала кетсеңіз. Қандай мамандық бойынша білім алып жүрсіз?

– Мемлекеттік қызметші квотасы бойынша бағымды сынадым. Бұл үдеріс бір жылға созылды. Барлық байқаулардан кезең-кезеңмен өттім. Барлық кезеңдерді мүдірмей өткеннен кейін “Нанотехнология” мамандығы бойынша стипендияға ие болдым.

– Оқу барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

– Оқу үдерісі біздікінен көп ерекшеленеді. Әрі университетті бітірген уақыттан бері 7 жыл өткендіктен, білгенімнің біразы ұмытылып қалыпты. Мұнда нақты ғылымдар – химия, физика және математика пәндерін үнемі қайталап отыру талап етіледі. Тілге қатысты қиындықтар болды деп айта алмаймын. Тілі басқа болса да, түсінігі мол кез келген адаммен қашан да ортақ тіл табуға болады. Бастапқыда мен үшін туған елімнен, отбасымнан жырақта жүру де оңай соқпады. Әлі де сағынышым басылған жоқ. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарын аңсаймын.

– Шетелге кеткеннен бері өзіңізде бір өзгеріс байқалды ма?

– Әрине. Мен күнімді жоспарлап, уақытымды бағалауды үйрендім. Ең бастысы туған жерімді, отбасымды ерекше жақсы көретінімді түсіндім. Шетелдегі оқуым аяқталған соң өз елімде мемлекетімнің дамуына аянбай еңбек ететінім анық.

– Жалпы біздің елді шетелмен салыстырғанда қандай айырмашылықты аңғардыңыз?

– Елдердің мәдениеті жер мен көктей. Бір байқағаным, мен білім алып жүрген елде адамдардың барлығы жылышырайлы, әрдайым күлімсіреп жүреді, алайда олардың не ойлап тұрғанын түсініп болмайсың. Аңқылдақ қазағымның аузын ашса, жүрегі көрінеді ғой. Ал сапа мәселесіне келсек, бұл мемлекетте құрылыс, білім саласы болсын – барлығы да сапаға негізделген. Бұл тұста мұндай талғампаздық біздің елдің азаматтарының бойынан табылса екен дейсің…

– Ал шетел мен Қазақстан жастарының арасындағы өзгешелік жайында не айтар едіңіз?

– Шетелде бірден көзге түсетіні – дербестік. Әсіресе, білім саласында жастардың өз бетінше білім алуына ерекше ден қойылған. Мұндағы жергілікті жастар өмірден нені қалайтындарын анық біледі. Мақсаттары айқын. Мектепте оқып жүрген кезден бастап өздерінше дербес, тәуелсіз. Оқушылар басқа қалалар мен елдерде білім алуды қашан да құптайды. Ал біздегі жастар ата-анасына тәуелді. Оқу немесе жұмысқа орналасарда да туғандарының қолдауына арқа сүйейтіндердің қарасы аз емес.

– Өзіңіз сияқты шетелде білім алып немесе жұмыс істеп жүрген жастармен араласасыз ба?

– Әрине. Бұл бізді біріктіріп, рухани әрі моральдық тұрғыда қолдайды. Сені өз отандасыңнан артық кім түсінеді?! Ұлыбританияның көптеген қалаларында қазақ қоғамдастығы бар. Бристольдегі қазақтар да бірін-бірі іздеп тұрады. Жақында Асхат есімді досым үйіне қонаққа шақырды. Ол түрік достарымен бірге тұрады екен. Өзі түрікшеге судай. Ағылшын тілін де еркін біледі. Бос уақытымыз болғанда осындай отандас-достарымызбен футбол ойнаймыз, мейрамханаға барамыз. Мерекелерді де бірге тойлауды игі дәстүрге айналдырдық.

– Өзіңіз секілді “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бойынша білім алғысы келетін қазақ жастарына қандай тілегіңіз бар?

– “Көз – қорқақ, қол – батыр” демекші, ең бастысы жүрексінбей, алға қойған мақсаттарыңа қарай батыл қадам жасау қажет. Сонда барлығы да ойдағыдай болады. Отанын және туғандарын шын жүрекпен сүйген азаматты өзінің ыстық махабатты шетелде жүрген кезде жылытып жүреді екен.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Рүстем Рүстем. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp