«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫРША мен ПИРОТЕХНИКАНЫ ЗАҢСЫЗ САТҚАНДАР әкімшілік жазаға тартылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында табиғатты қорғау және жол-патрульдік полиция қызметкерлері шыршаларды заңсыз кесу, сонымен қатар оларды заңсыз сату фактілерін болдырмау мақсатында жұмысты жандандыра түсті.

Тәртіп сақшылары облыстық орман қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, Жаңа жыл қарсаңында жас қылқанды ағаштарды заңсыз кесуді, дайындауды, шығаруды және сатуды анықтауға бағытталған рейд өткізуде. Облыс орталығының өзінде шыршаларды сатумен айналысатын 40-тан астам сауда нүктесі бар.

СҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Табиғатты қорғау полиция бөлімшесінің инспекторы Алмат Дүйсекиннің хабарлауынша, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған Жаңа жыл шыршалары облыс әкімінің өтінімдері негізінде Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің рұқсаты бойынша сатылады.

Полицейлердің жедел топтары қалалық және аудандық базарларда Ресей Федерациясынан әкелінген шыршалардың сатушыларында тиісті құжаттар топтамасының баржоғын тексеруде. Заңсыз фактілердің бірі облыс орталығының Бензострой шағын- ауданындағы қоғамдық көліктің соңғы аялдамасында тіркелді. Нәтижесінде тауар иесінің дәл сол жерде сауданы жүзеге асыруға рұқсат қағаздары жоқ екендігі анықталды. Әкімшілік хаттама толтырылды.

ІІД Әкімшілік полиция басқармасының ақпараты бойынша жыл басынан бері облыс аумағында ағаштарды заңсыз кесудің 42 фактісі тіркелген. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен және зақымдаған тұлғаларға 10-нан 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.

Сондай-ақ полицейлер пиротехника өнімдерінің сатылуына бақылауды күшейтті. Пиротехниканы дұрыс пайдаланбау нәтижесінде балаларға қоса, үлкендердің де түрлі ауыр жарақаттарға шалдығатыны белгілі. Әсіресе, лицензияланбаған өнімдерден төнетін қауіп басым. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жарылғыш заттарды тек лицензиясы бар арнайы дүкендерден сатып алу жөнінде кеңес береді.

Рейд шаралары барысында ІІБ лицензиялау-рұқсат ету жүйесі бөлімшесінің қызметкерлері жарылғыш өнімдерді сататын 59 сауда орнын тексерді. Лицензиясы жоқ жарылғыш өнімдердің 445 данасы мен 4 қорабы тәркіленді. Мұндай рейдтер Жаңа жыл мейрамынан кейін де жалғасын таппақ.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp