Газетіміздің биылғы жылдың 7 қарашасындағы №134 санында Тайынша ауданындағы Большой Изюм ауылының тұрғыны Жәнібек Сәдуақасовтың “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы мал өсіру мақсатында 1 миллион теңге несие алғаны, бірақ осы қаржыға қол жеткізу үшін үш ай бойы несиені құжаттауға 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсағаны туралы газет тілшісі Гүлгүл Қуатқызының сын мақаласы жарияланған болатын. Соған байланысты аталмыш қаржы мекемесінен өздерінің атына айтылған сынға келіспейтіндіктері туралы жауап хат келіп түсті. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаға сәйкес қай тараптың болсын өз пікірін білдіру құқы барын ескеріп, осы жауапты жариялауды жөн көрдік:
“Үстіміздегі жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры” АҚ-ы филиалы өңірлік өкілетті ұйым ретінде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруда. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету. Бағдарламаның, сол сияқты қорда бекітілген кредиттеу шарттарына сәйкес 54 айлық мерзімге дейін жылдық 6 пайыздық сыйақы ставкасы бойынша 3 миллион теңгеге дейін кредит беріледі.
Бағдарламаның осы бағыты аясында қордың облыстық филиалы жергілікті атқарушы органдармен шартқа тұрып, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша шағын кредиттеуге 600 миллион теңге берді. Осы қаржы сомасы бүгінде ауылдық шағын кредиттер түрінде бөлініп, уақтылы және толық игерілді.
Алдымен түсіндіріп өтерлік жайт, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының шарттары бойынша қарыз алушы өзін ықтимал қарыз алушылар тізіміне енгізу үшін аудандық тұрғындарды Жұмыспен қамту орталығына өтініш береді. Бұдан кейін тізім одан әрі кредиттеу мүмкіндігін қарау үшін қор филиалына жіберіледі. Қарыз алушылардың уақытын және материалдық шығындарын азайту үшін қор қызметкерлері аудан орталықтарына шығады, сол жерде кредиттеу шарттары түсіндіріледі және құжаттары қаралады. Мысалы, 2013 жылдың 13 наурызында қор қызметкерлері ықтимал қарыз алушыларға кредиттеу жөнінде түсінік беру және кепілдік қамтамасыз етілулері бойынша құжаттарын тексеріп қарау үшін Тайынша ауданында болды. Олардың бұл сапары кезінде қазіргі уақытта қордың қарыз алушысы болып табылатын не Жәнібек, не оның зайыбы Айгүл Сәдуақасовтар ақыл-кеңес алуға келген жоқ.
Айгүл Сәдуақасова жеке кәсіпкер ретінде 2013 жылғы 23 мамырда тіркелді және аудандық Жұмыспен қамту орталығына қарыз алуға өтініш беріп, онда ықтимал қарыз алушылар тізіміне енгізілді. Тайынша ауданының Жұмыспен қамту орталығы 2013 жылғы 19 маусымда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” филиалына қарыз алушылар тізімін ұсынды, оған Айгүл Садуақасова да енгізілген. Петропавл қаласындағы қор филиалына алғаш келгенінде Айгүлдің қолындағы құжаттар тізімі толмады. Атап айтқанда, кепіл берушілердің нотариалды куәландырылған келісім-өтініштері және мекенжай анықтамалары болған жоқ. Олар қайта толықтырылғаннан кейін 2013 жылғы 27 маусымда “Садуақасова А.Б.” жеке кәсіпкерінің өтініші тіркелді және келесі 28 маусым күні кредиттік комитеттің мақұлдауын алды. Сол күні қарыз алушы кепіл шартына қол қойды және ол әділет органына тіркеуге жіберілді. Шарт тіркелген соң 2013 жылғы 12 шілдеде Айгүл Сәдуақасоваға кредит берілді.
Қызметшілеріміздің біліктілігі жайында, филиалда тұрақты және міндетті біліктілік көтеру жүйесінің жұмыс істейтінін атап өту қажет, арнайы білімдері және қаржы ұйымдарында жұмыс тәжірибелері бар қызметкерлеріміз республикалық семинарлар мен тренингтерге қатысады, лауазымдық қызметтеріне сәйкестігі жөнінде ұдайы аттестаттаудан өтіп отырады.
Мақаладағы жұмсалған шығындарға қатысты айтарымыз: ықтимал қарыз алушылар әдеттегідей құжаттар пакетін дайындау кезінде оған, әрине, қаржы жұмсамай болмайды. Бұл, айталық, кепілдік мүлікті бағалауға қатысты, сол сияқты қор филиалы орналасқан облыс орталығына келіп-кету де шығын, оның бәріне клиенттер дайын болуы тиіс. Бұл ретте қордың кредиттеу бағдарламалары бойынша тапсырылатын қажетті құжаттар тізімімен қордың ресми www.fad.kz. сайтында танысуға болатынын атап өткен жөн. Кредиттеу бағдарламаларының шарттары бойынша ақыл-кеңесті әрбір аудан орталықтарында жұмыс істейтін ауылдық ақпараттық-кеңес беру орталықтарынан да алуға болады, сондай-ақ қордың 8-8000-80-35-05 тура хабарласу телефоны жұмыс істейді.
Мақалада көрсетілген кредит қаржысы есебінен қарызын төлеу фактісі расталған жоқ, өйткені берілген қарыз сомасындағы кредиттің мақсатты пайдаланылғанын қарыз алушының өзі 2013 жылғы 4 қазанда растады”.