«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ БОТАЙ ҚОНЫСЫ мемлекет тарапынан назар аударуды тілейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайлақ ЖАЛМҰРЗЕНОВ,

Айыртау ауданының

Құрметті азаматы,

өлкетанушы.

Айыртау – сырын ішіне бүккен көне тарихтың қатпарлы да тылсым құпияларына тұнып тұрған өңір. Көрсе, көз тоймайтын Имантау, Шалқар, Сырымбет сияқты табиғи аймақ қойнауларында тарихи, археологиялық жәдігерлер мен ескерткіштер жетіп артылады. Солардың бірі де бірегейі де Иман Борлық өзені жағасында орналасқан Ботай қонысы дер едік. Тарихи айналымға “Ботай мәдениеті” деген атпен енген сенсациялық жаңалық бүгінде осы аттас ауылдың есімін иеленеді. Тарихқа белгілі мәдениеттердің жер атауына телінетіні әлімсақтан бар. Мәселен, Андрон, Беғазы – Дәндібай, Долматов мәдениеті секілді. Ботай десек, жер атауы мен жеке адамның есімі қосарлана жүреді. Осы елді мекеннің тумасы, саяси ғылым докторы Әміржан Шалтықов немере ағасы Айдарханмен бірге туған ауылы жөнінде тарихи-танымы мол кітап жазды. Авторлар адырымызды қопарса, астынан қалалар, обамызды ақтарса, астынан алтын адамдар шығатын ежелгі ескерткіштер қатарына Ботай қалашығын да жатқызып, Андрон мәдениетімен тетелес, тіпті, одан әрі тарих қойнауына тереңдеп кететінін нақты айғақтармен дәлелдеп берді. Бұл орайда, атасы Шәлтік қажы құрастырған шежіре деректерін кеңінен пайдаланып, қазіргі ұрпақ жадына құюы – өте құптарлық.

Ботайдың әкесі Досан Абылайханның замандасы, жақын серіктерінің бірі болған. 18 жасынан хан жасағына қосылып, ерлік істерімен көзге түскен. Досан батыр Абылайханның Петерборға жіберген елшілерін екі рет басқарып барған. Бұл мұрағат құжаттары Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлихановтың мұражайында сақтаулы тұр. Ботай бабамыз Айғаным ханшамен көрші қонған. Кенесары ханның көтерілісіне кенже ұлын аттандырған. Оқыған-тоқығаны, өмірден түйгені көп қажы отаршыл әрекеттерге қарсы шығып, патшаға қызмет етуден саналы түрде бас тартқан. Ауылдастарының басын біріктіріп, елдіктен, жерден айрылмаудың барлық жағдайларын қарастырып отырған. Енді бұл атауға “мәдениет” деген сөз тіркесіп, ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяғы тиген Айыртау өңірін мекендеген бағзы замандардағы ежелгі адамдар өркениеті жайлы әлем құлақтанып отыр.

Ботай мәдениеті жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-ші жылдары жариялана бастады. Ғылымға беймәлім жәдігерлер мен құнды заттарды алғаш рет тарих пәнінің мұғалімі, республиканың еңбек сіңірген ұстазы Есләмбек Зәкіриянов кездейсоқ тапты. Жергілікті өлкетанушы оқушыларды Ботай ауылының ескі жұртына апара жүріп, шашылып жатқан мал сүйектерінің қалдықтарын, аңшылық құралдар сынықтарын, тастан, балшықтан жасалған ыдыстарды кезіктіріген. Олардың бұл жерде жай жатпағанын сезіп, Көкшетау облыстық мұражайына экспонат ретінде ұсынған. Бәлкім, оның туған жер тарихын зерттеуге деген құлшынысы мен ерен сүйіспеншілігі келешектегі үлкен тарихқа қозғау салған болар. Әлемді дүрліктірген оқиға осындай көзге көрінбейтін елеусіз істен өріс алғанын, оның бастауында Есләмбек аға тұрғанын біреу білер, біреу білмес.

80-ші жылдары Петропавл педагогикалық институты тарих пәнінің оқытушысы Виктор Зайберт экспонат ретінде қойылған тастан, сүйектен, балшықтан, мүйізден жасалған құралдар мен қаруларға көңіл бөлмегенде шаң басып жата берер ме еді, кім білсін?! Жас ғалым Ботай қалашығына арнайы экспедиция ұйымдастырып, қазба жұмыстарын талмай жүргізді. Сөйтіп, 158 елді мекеннен 120 мыңға жуық заттай айғақтар ұшыратты. Басты олжа сол, жылқының 70 мың сүйегі табылған. “Ботай – ежелгі адамдар мекені” еңбегі үшін В.Зайбертке Берлин институтының корреспондент-мүшесі ғылыми атағы берілді. Тың тақырыпты одан әрі індете зерттеп, Ботайды айдай әлемге танытты. Алайда, Ботай ауылынан ежелгі адамдар қонысының табылуы әлем ғалымдарының назарын аударып, ашық күндегі найзағайдай әсер еткенімен, мұндай тосын оқиғаға сенбеушілер табылмай қалған жоқ. Әсіресе, Кеңес Одағының ғалымдары тың жаңалыққа тосырқай қарап, “ұлы державалық” көзқарастан аса алмай жатты. 1983 жылы Ботай жерінде Бүкілодақтық, 1995 жылы Бүкіләлемдік семинар-симпозиумдар өткізіліп, осыдан 40-50 ғасыр бұрын қылқұйрықтың алғаш қолға үйретіліп, үй малы ретінде өсірілгені, бие сүтінен қымыз дайындалғаны, бағзы заман адамдары бүгінгі қазақтардай жылқы малын – көлік, етін – тамақ, сүтін сусын ретінде пайдаланғаны ғылыми түрде тұжырымдалды. Қазба жұмыстары жылқымен бірге арбаның да бірінші болып қолданылғанын дәлелдеді. 1998 жылы аса құнды тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның тізіміне, жоғары және орта мектептердің оқулықтарына енгізіліп, “Ботай мәдениеті” деген атпен тарихи айналымға шығарылды. Ботай мәдениетінің ашылуы Қазақстанның тарихын одан әрі тереңдетіп, тарих тегершігін 20 ғасыр кейін айналдырды деуге әбден болады. Бұл – даусыз шындық.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Ботай мәдениетін зерттеу одан әрі жалғастырылды. Шетелдік ғалымдарды Ботайдың біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатыны өте-мөте қызықтырды. Америкалық оқымысты Д. Энтонидің: “қазіргі заманның ғалымдары әлемдік тарихтың көптеген сауалдарына жауапты Ботайдан табады”, деген салиқалы пікірі кері тартушыларға тоқтау салды. Кембридж университетінің профессоры М. Левина бастаған ғалымдар ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. Би-Би-Си телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының өмірі, олардың тыныс-тіршілігінің бөлінбес бір бөлігіне айналған жылқы жайлы телехабарлар түсірді. В. Зайберт Корольдік ғылым академиясының шақыруымен Лондонға барып, Белфаст, Оксфорд, Эдинбург секілді беделді университеттерде дала өркениеттері жайында дәріс оқыды. Кембридж археологиялық мұражайында Ботай мәдениеті туралы көрме ұйымдастырылып, әлемдік археологияның үздігі деп танылды.

Мәдени мұра мемлекеттік бағдарлама аясында да біраз шаруалар тындырылды. Көкшетау Ұлттық саябағының бастамасымен бұл мекенде тарихи-археологиялық қорық ұйымдастырылды. 1,5 гектар аймақты алып жатқан қалашық айнала қоршалып, 158 үйдің орны қазылып, аршылды. Олар қабырғалары бір-біріне жалғастыра салынған бірнеше тұйықталған бөліктерден тұрады. Мұндай томаға-тұйық жоспарланған орындарға жататын құрылыстар 30-ға тақау. Олардың ішінен белгілі бір жүйемен ені 4-8 метр, ал ұзындығы 50 метрге дейін жететін қазқатар көшелердің екі жағына кейде 15-16 үйден салынған. Шаруашылық құралдары да көз қызықтырарлық. Көбіне алуан түрлі тастан, саз балшықтан, сүйектен жасалғаны бірден байқалады. Ал құрал-саймандарға қарап шаруашылықтың күрделі болғанын аңғаруға болады. Тас тоқпақтар, пышақтар, қанжарлар, сүңгілер, найза ұштары – тағы аңдар, шанышқылар – балық аулауға, жүгеннің сүйек тетіктер мен ілгектері жылқы ұстауға арналғанын болжау қиын емес. Тұрғын үйлер салу кезінде балға, шот, қашау, кескіш, қырғыш секілді ағаш өңдейтін аспаптар молынан пайдаланылған. Қосалқы саймандар арасында шой балғалар, түрпілер, шақпақтастан жасалған бұрғылар жиі кездеседі. Тері өңдеу ісінің, қыш өндірісінің, тігіншіліктің жолға қойылғанын айғақтайтын заттар жеткілікті. Орасан зор мөлшердегі остеологиялық материалдардың басым көпшілігіне жылқы сүйектері жұмсалған. Жерлеу ғұрпына байланысты бірқатар символдық заттар тотемизмнің, бабаларға табыну дәстүрінің болғанын көрсетеді.

Ботай обаларындағы бабаларымыздың өткен өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен сан алуан сыр шертетін бағзы тарихты зерттеу келешектің ісі десек, барымызды жете бағалай алмай отырғанымызды қалай түсінеміз? Асылы, мәдениеттің мұндай биік үлгісі әрқайсысымыздың бойымызда мақтаныш сезімін ұялатса керек. Міне, Сағындық Салмұрзин жетекшілік ететін “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы табиғаты әсем курортты аймақта этнографиялық, экологиялық, спорттық-сауықтыру, туристік қызметтердің басын біріктіретін этноауыл ұйымдастыруға бірнеше жылдан бері талпынып келеді. Бизнес-жоспар қолөнер бұйымдарын жасайтын өндіріс ашу, ат әбзелдерін жасау, құс салу, ит жүгірту, саятшылық, аңшылық, атбегілік, ұлттық кәсіпшілікті жаңғырту, салт атты саяхаттар ұйымдастыру, жаңғырту секілді сан-салалы ауқымдылығымен ерекшеленеді. Жобаның құны 100 миллион теңгені құрайды, 5 жылда өзін-өзі ақтайтын көрінеді. Соған қарамастан қаржылық қолдау таппай келе жатқаны өкінішті. Олай дейтініміз, осындағы табиғаты әсем жерлер мен қорықтар, ескерткіш кешендер жұртшылықтың назарын аударып, ішкі-сыртқы туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Ботай қонысы олардың ерекше қызығушылығын тудырар еді. Бір кездері осы жерді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жұмыстары қолға алынып, игі бастама ақыры аяқсыз қалды. Мәселе тағы да қаржыға келіп тірелді. Аудан орталығында “Ботай мәдениеті мұражайын құру, бабамыздың басына ескерткіш белгі қою, жастарға дәріптеу, отандық, шетелдік туристер орталығына айналдыру да – кезек күтпейтін жайттардың бірі. Сондықтан осы шараларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетілсе деген ұсыныс айтқымыз келеді.

Ботай – Қазақстандағы ерте дүние аймағының ең көне мекені, біздің заманымызға дейінгі 53 ғасыр бұрынғы тарихи дәуірдің асыл мұрасы. Осы жерден дала өркениеті басталды деуге толық негіз бар. Жылқы малының қолға үйретілуінің саяси-әлеуметтік маңызын да жоққа шығаруға болмайды. Тұрмыстіршілігі жылқының тісі мен тұяғына тікелей байланысты көшпелі қазақ халқы бұл өлкеге келімсек емес, керісінше, 4-5 мың жылдан бері арда түліктің қазысын кертіп жеп келе жатқан байырғы тұрғын екенін айғақтайды.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp