Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Надира Шерематованың Петропавлда өткізілген көркемсөз оқушылардың халықаралық байқауында бас жүлде еншілеп, лауреат атануы біздің осы сұхбатымызға арқау болды.
– Надира Артықбайқызы, ақындардың жырларын жаттап, нақышына келтіріп оқудың оңай еместігін білемін. Ал қарасөзді жаттау тіпті де қиын. Бұған қалай машықтандыңыз?
– Мен Өзбекстанның Хорезм қаласында туғанмын. Қазақша білім алдым. Тілім шыға туған, өскен ортамда ұлттық тіл, дәстүр айрықша құрметке бөленді. Анам Балзия Қылышбайқызының мамандығы – кітапханашы. Соның арқасында шаңырағымызда кітапқа, әдебиетке деген құрмет ерекше болды. Ол мені жас күнімнен өлең жаттауға үйретті. Бұл зейінділігімді, жаттау, есте сақтау қабілетімді күшейтті деп ойлаймын. Бірте-бірте күрделі дүниелерді мәнерлеп, мүдірмей оқуға, жадымда олқылықсыз сақтауға машықтандым.
– “Парасат” мектебіне келгенше басқа оқыған жеріңіз болды ма? Кімдерден дәріс алдыңыз?
– Өзбекстаннан атақонысқа көшіп келгенде әуелі Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласындағы мектепте оқыдым. Отбасымда алып жүрген тәлімім тілімді жақсы да жатық меңгеруде өз жемісін берді. Содан соң Бескөлге қоныс аудардық. Онда ұстазым Анар Жасұланқызы менің туған тілге үлкен бейімімді байқап, өлеңдер жаттатты және байқауларға жіберіп, қанаттандырып отырды. Соның арқасында өткен жылы республикалық “Мағжан оқуына” қатысып, бас жүлдені иелендім.
Жалпы бесінші сыныптан бастап, осындай байқауларға қатысып, бағымды сынап келемін. Шығыс Қазақстан облысында өткен “Оралхан Бөкей” оқуына да жолым түсіп, үшінші орынды олжалап оралдым.
– Өлеңдерді жаттап, мәнерлеп оқу үлкен ізденіспен, жырдың табиғатына бойлай білу өнерімен байланысты деп ойлаймын. Жырдың ішкі сырын жеткізіп, сипатын ашып көрсету оңай емес қой?
– Анығында, солай. Сыдыртып, жеңіл-желпі айтып шығу сабаққа жауап беру емес. Өлеңнің мағынасына бойлау керек екенін ұстаздарымнан үйрендім. Мысалы, мен Мағжанның жетпіс өлеңін жатқа оқимын. Әрқайсысының өзіндік табиғаты, сыры бөлек. Соған орай оқылу мәнері де өзге болуы керек. Өлеңді жатқа оқып тұрған адам ақынның сол сәттегі көңіл күйін бейнелей алмаса, жыр тартымды болмайды. Демек, тыңдарманды баурамайды. Сондықтан әртістік өнерге де бейімделу қажет.
– Қарасөзді жатқа оқығанда да осындай бейім қажет қой. Әсіресе, психологиялық, күрделі шығармаларды жатқа оқу оңай емес шығар?
– Қарасөзді оқығанда баянды нақты, мүдірмей оқитындай болу үшін көп машықтану қажет. Мысалы, мен осы соңғы байқауда Оралхан Бөкейдің “Жылымық” әңгімесінен Жанардың монологын айтып шықтым. Қысылмай, қымтырылмай, әділқазылардың көңілінен шығуға, олардың бойында әңгіменің түгел ішкі астарына бойлағаным жөнінде әсер тудыруға тырыстым.
Даярлықтың барысында өзім оқитын гуманитарлық колледждегі ұстазым Аманжол Зағыпар ағай көп көмек жасады. Қайта-қайта тексерді, олқы тұстарымды пысықтап, жаңылған жерлерімді ескертті. Тіпті, әңгімені жатқа айту үстіндегі қимыл-әрекетіме дейін бақылап, түзетіп отырды.
Бұл психологиялық монолог болғандықтан, образды бейнелеп, сол Жанардың кейпіне түсуім керек болды. Осындай ыждағатты даярлықтың арқасында отыз үміткердің ішінен озып, бас жүлдені еншіледім де, лауреат атандым.
– Осы колледжде оқитын Бағила Шерематова Сіздің әпкеңіз бе? Ол Мағжан өлеңдерін оқудан жарысқа түсті ме? Мысалы, биыл республикалық “Мағжан оқуында” бірінші орын алды ғой?
– Ие, осындай құрметке қолы жеткен Бағила Шерематова – менің әпкем. Маған үлгі, өнеге дарытқан да – Бағила. Осы колледжге оқуға түсуді таңдауыма оның ықпалы тиді. Екеуміз де өнерге бейімбіз. Өлеңді де сүйіп оқимыз. Жаттаймыз. Бірімізге біріміз әсер етеміз, ақылдасамыз. Оның үстіне әпкем өлең де жазады.
– Оралхан Бөкейдің шығармаларын неліктен ұнатасыз? Бұл өзгелерге еліктеуден бе? Әлде басқа бір сыры бар ма?
– Жалпы, бір ақынды, яки жазушыны таңдап, құмартып оқу оның шығармаларының тартымдылығына, шынайылығына, адам жанына әсер етуіне байланысты ғой. Айталық, Мағжан – өз заманындағы ақындардың озығы. Оның лирикасы бойыңды баурайды. Сезімі шынайы. Осындай артықшылық Мұқағалидың өлеңдерінде де атойлап тұрады. Сондықтан жастар осы екі ақынды сүйіп оқиды.
Ал әңгіме, повесть жанрында – Оралхан Бөкей үздік. Ғабит Мүсірепов сияқты сөз зергерінің көңілінен шығу оңай емес деп ойлаймын. Ендеше Оралхан Бөкей талантты жазушы болған. Сондықтан оның шығармаларына жастар ден қояды. Мен де осындай сезімдемін. Бұл өзгелерге еліктеуден емес, осы шығармалар өзімнің жанымды баурағандықтан.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Н. Шерематова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.