«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРЛЕРДІ ӨРКЕНДЕТУ – ХАЛЫҚ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ ФАКТОРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айгүл ӨТЕУЛЕНОВА,

облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының м.а.

Елдің жалпы дамуы өңірлердің дамуымен айқындалатыны белгілі. Қазіргі уақытта Қазақстанда осы мәселеге көп көңіл бөлінуде. Осыған орай арнайы министрлік – ҚР Өңірлік даму министрлігі құрылған. Оның қызметі ел өңірлерінің тиімді және тұрақты дамуы үшін жағдай жасау болып табылады.  

Өңірлерді дамытудың бірінші дәрежелі құжаты ҚР Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі №118 Жарлығымен бекітілген Елдің 2020 жылға дейінгі дамуының аумақтық-кеңістік болжамды кестесі болып табылады. Оның негізгі мақсаты әрбір өңір мен саланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуы мен тиімді пайдаланылуы негізінде халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін өңірлерді, соның ішінде олардың ауылдық аймақтарын дамытудың нақты міндеттері мен негізгі стратегиялық бағыттары айқындалған.

Қазіргі уақытта өңірлерді дамыту қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Оларды жергілікті деңгейде іске асыру өңір дамуының бірыңғай кешенді бағдарламасы – Солтүстік Қазақстан облысының аумақтарын дамыту бағдарламасымен үйлестірілген. Бағдарламаның негізгі мақсаты облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру болып табылады. Онда экономиканың барлық салаларын дамытудың өзекті индикаторлары мен көрсеткіштері айқындалған. Жалпы, бағдарламада экономиканың нақты секторын, әлеуметтік саланы дамыту, тиісті аумақтарға мемлекеттік қызметтер мен инфрақұрылымдар ұсыну жөнінде шаралар көзделген. Жоспарлы кезеңнің соңына қарай – 2015 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 749,6 млрд. теңгені құрайтыны жоспарлануда. Облыс экономикасының нақты өсімі 2009 жыл деңгейіне қарағанда 19,7%-ды құрайды деп күтілуде.

Аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асырудың тиімділігі мен нәтижелілігі мониторингтеу және бағалау арқылы айқындалады. Ол жылына бір рет жүзеге асырылады. 2012 жылғы мониторингтеу нәтижесі бойынша экономика дамуының барлық салалары мен бағыттары және мемлекеттік қызметтер ұсыну бойынша көзделгендерден 27 индикатор және 91 нәтиже көрсеткішіне қол жеткізілген.

Талдау көрсеткендей, Аумақтарды дамыту бағдарламасын іске асыру облыс экономикасының өсуіне, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасауға ықпалын тигізеді. Өңір дамуының интегралдық көрсеткіші жалпы өңірлік өнім болып табылады, оның көлемі 2013 жылғы бірінші жартыжылдықта 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% ұлғайып, 262,9 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққанда тауарлар мен қызметтер 454,3 мың теңгеге өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,3% артық.

Бағдарламаның іске асырылуы облыс басшылығының үнемі бақылауында. Облыс әкімі С.С. Ескендіровтің тапсырмасы бойынша үстіміздегі жылы өңір дамуының жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін превентивті шараларды қабылдау мақсатында 2013 жылдың 9 айы нәтижесі бойынша оны іске асыру мониторингі жүргізілді. 9 ай ішінде ғана бір жылға арналған 23 индикатор мен 59 нәтиже көрсеткіші бойынша жоспарлы мәндерге қол жеткізілді.

Бұл ретте, жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша индикаторлар мен көрсеткіштердің жоспарлы мәндеріне қол жеткізбеу қаупі бар салалар да айқындалған. Мониторинг нәтижелері индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді, бұл бағдарламаны неғұрлым сапалы іске асыруға, атап айтқанда – облыс тұрғындарының өмір сүруін жақсартуға ықпалын тигізеді.

Жалпы алғанда, “Өңірлерді дамыту” бағдарламасын іске асыру облыс елді мекендерінің дамуына айтарлықтай үлесін қосады, оның негізгі мақсаты өңірдің келешекке арналған өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу болып табылады.

Облысымызда осы бағдарламаны іске асырудың екі жылы ішінде, оның “Қазақстан өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық дамуына жәрдемдесу” екінші бағыты аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдауға көшелерді жарықтандыру мен көгалдандыру, заңсыз үйінділерді жою, қатты тұрмыстық қалдықтардың полигондарын, мал қорымдарын жайластыру, балаларға арналған аулалық ойын алаңшаларын орнату, әлеуметтік сала нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеу, кентішілік жолдарды ағымдағы жөндеу жөніндегі 372 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен облысымызға 315,8 млн. теңге бөлінді.

Бүгінгі күні 371 жоба іске асырылды (2012 жылы – 70, 2013 жылы – 301). Бұл ретте, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов атындағы, Тайынша аудандары әкімдіктерінің ұйымдастырушылық жұмысын атап өту қажет, олар жобаларды уақтылы аяқтап, 2013 жылы бөлінген қаражатты 98%-дан 100%-ға дейін игерді.

2014 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдауға арналған шығыстар жыл сайын 311,6 млн. теңге сомада жергілікті бюджет шығыстарының есебіне енгізілген. Барлығы үшжылдық кезеңге аталған мақсаттарға шамамен 935 млн. теңге жұмсалады.

Жоғарыда аталған жобалардан басқа, Айыртау ауданының Саумалкөл ауылы және Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы қазандықтар, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылындағы тұрғын үйлерді электрмен жабдықтау желілерін салу аяқталды. Бұған қоса, кәріздің тазарту имараттарының қолданыстағы технологиялық сызбаларын жаңғыртудың төртінші кезеңі мен Петропавл қаласындағы Караванная көшесіндегі автожол өтпесін қайта құру іске асырылуда. Осы жобаларды іске асыруға жұмсалған қаражаттың жалпы көлемі 1,4 млрд. теңгеден артық соманы құрады.

“Өңірлерді дамыту” бағдарламасында ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі бөлім көзделген, оның аясында оларды дамыту бойынша нақты және жүйелі шаралар көзделген.

Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізіліп, соның негізінде олардың даму әлеуеті айқындалды және төрт топқа топтастыру жүзеге асырылды – аудан орталықтары, тірек ауылдық елді мекендер, ауылдық және кенттік округтердің орталық қоныстары, өзге де ауылдық елді мекендер.

Бүгінгі таңда 36 облыстық тірек елді мекендер тізбесі Өңірлік даму министрлігімен келісілген, онда әр ауданда 2-4 тірек ауыл бар. Тірек ауылдық елді мекендерді дамыту үшін бірқатар стратегиялық құжаттарды әзірлеу мен бекіту көзделген. Оларды дамыту бойынша жеке кешенді жоспарлар әзірленеді. Оларда жұмыс істеп жатқан өндірістерді кеңейту мен жаңғырту, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын дамыту, тұрғын үй салу, мемлекеттік, қаржылық, сервистік және өзге де қызметтерді дамыту бойынша нақты шаралар айқындалған. Сөйтіп, тірек ауылдық елді мекендерде олардың тұрғындарына және маңындағы аумақтардың тұрғындарына өмір сүру үшін қажетті әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету мақсатында жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылатын болады.

Ауылдық және кенттік округтердің орталық қоныстарын дамыту мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.

Бұдан басқа, даму әлеуеті жоғары және орташа басқа да ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша аудандық іс-шаралар жоспарын әзірлеу мен бекіту көзделіп отыр.

Ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарларды және іс-шаралар жоспарларын қаржыландыру кезінде қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, облыстар мен аудандардың аумақтарын дамыту бағдарламаларын қаржыландыру тетіктері пайдаланылады.

Сөйтіп, көзделген шаралар ауылдық аумақтар дамуының тұтастай жүйесін жасауға, облыстық атқарушы органдардың және аудандар әкімдіктерінің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық қаражатты мақсатты бөлудегі және нәтижелерге қол жеткізудегі іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp