«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШ СОҢЫНДА ҚАЛҒАН АУДАН биылғы жылды табысты аяқтады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2012 жылдың нәтижесі бойынша Шал ақын ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінен ең артта қалған аудан ретінде танылып, облыс әкімі та-рапынан сынға алынған болатын. Облыстық телеарнада өткен кезекті баспасөз конференциясында Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаров осы мәселені шешуде қандай шаралар қолға алынғандығы жөнінде баяндап, журналистердің сауал-дарына жауап қатты. 

Аудан әкімінің айтуынша, кеткен кемшіліктің орнын толтыруда біраз жұмыс атқарылған. Жыл басынан бері өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 29 нысан ашылған. Туристік саланы дамыту мақсатында инвестор тартылып, оған демалыс базасын салу үшін 6 гектар жер бөлінген. Бүгінгі күні бизнес-жоба жасалу үстінде, жоба құны – 160,0 млн. теңге. Баспаналы болған шалақындықтар қатары көбейген. “Астық Есіл” ЖШС-нің 5 мың тонна астық сақтау қоймасының құрылысы аяқталу үстінде. Сонымен қатар ветеринарлық зертхана ғимараты тұрғызылуда. Мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған шалақындықтар 1700 бас ірі қараны сатып алу жөнінде меморандумдар жасасқан. Бұл өз кезегінде агроқұрылымдардағы мал санының өсуіне жол ашқан және тірі салмақта ет өндіру – 10,7, сүт өндіру 18,3 пайызға артып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда әжептәуір өсім байқалады. Шал ақын ауданын дамытудың 2011- 2015 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес биыл 959 қосымша, соның ішінде 633 тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Өткен 11 айда 1213 адам жұмыспен қамтылған.  

Аудандағы орташа айлық жалақы 61 115 теңгені құрады, бұл 2012 жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 5,9 пайызға артық. Елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету жақсара түскен. Сумен қамтудың барлық нысандары санитарлық талаптарға сай. Ал аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мәселесі көңіл көншітерліктей жағдайда емес. Ауданның автомобиль жолдарының торабы 557 километрге созылса, соның 297 километрі аудандық маңызы бар жолдар болып саналады. Жол мәселесін шешуге бұрынғы кезеңдерге қарағанда, аудан бюджетінен 5 есе артық қаржы бөлінгенімен, кейбір ауылдар бұл машақаттан әлі де арылар емес. Муниципалды телеарна тілшісі Гүлбану Ахметованың айтуынша, бүгінде Жаңажол мен Бірлік ауылдарының тұрғындары елді мекеннен тас жолға дейін жету үшін біраз қиналатын көрінеді. Жеке кәсіпкерлер мен аталмыш ауыл тұрғындарының тарапынан жол әжептәуір түзелгенімен, көктем, күз айларында “миы шығып” жатады. Аудан әкімінің айтуынша, Жаңажол мен Бірлік ауылдарының жолын жөндеуге аудандық бюджеттен де, облыстық бюджеттен де қаржы қарастырылмаған. Дегенмен де, Марат Қосылұлы аталмыш жолдарды жөндеуге қатысты жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттаманың жақын арада аяқталатынын мәлім етті.

Журналистерді Сергеевка қаласының әлеуметтік жағдайы да толғандырды. Мұнда салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Ауданға 8 дәрігер жетіспейді. Марат Омаровтың айтуынша, барлық бос орындар қайта даярлау және қызметтерді қоса атқару негізінде жабылған. Осы мәселені біртіндеп шешу мақсатында орталық аудандық аурухана медициналық ЖОО-ларда оқитын екі студенттің оқу ақысын төлеуде. Аудан орталығындағы жаңадан салынған қоғамдық монша да бірер айдан соң толық қалпында жұмыс істейтін болады деді аудан әкімі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp