Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды. Елбасы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы экономикалық өзара ықпалдастық аспектілері қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев өтіп бара жатқан жыл екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін табысты болғанын атап өтті.
– Біз XXI ғасырдағы ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық, бірқатар басқа да келісімдерге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жоспарланған екіжақты құжаттарға, атап айтқанда, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану жөніндегі Жол картасына, сондай-ақ Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан тарапы қолдап отырған Еуразиялық экономикалық одақ құру үдерісінің маңыздылығына тоқталды.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде өтетін қысқы Олимпиадалық ойындарға табыс тіледі.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президенті сапарының маңыздылығын және жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.
– Тараптарымыз белсенді жұмыс істеді, бірқатар құжаттар дайындады. Соңғы кездесуімізден бергі уақытта едәуір түйткілді салалардағы, соның ішінде энергетика саласындағы, сондай-ақ “Байқоңыр” кешенін бірлесіп пайдалану жөніндегі екіжақты ынтымақтастығымызды тереңдетуге және оның аясын ұлғайтуға байланысты нақты мәселелер бойынша көп жұмыс атқарылды, – деді Ресей Президенті.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және тереңдетуге қосқан үлесі үшін Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің басшысы Сергей Иванов пен “Газпром” ААҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер “Достық” орденімен марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен, Армения Республикасының Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуының Жол картасымен жұмыс барысын, сондай-ақ экономикалық интеграцияның бірқатар басқа да ағымдағы мәселелерін қарады.
Нұрсұлтан Назарбаев жыл соңында кездесіп, еуразиялық интеграциялық үдерістер аясында атқарылған жұмыс қорытындысын шығарудың игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Өтіп бара жатқан жыл кездесулерге толы болды, соның арқасында біз өзіміздің ортақ интеграциялық ісімізді табысты ілгерілетудеміз. Енді бір аптадан соң біз 2014 жылды – өте маңызды жылды қарсы аламыз. Біз келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою міндетін алға қойдық және оны іске асыруға мақсатты түрде қадам басып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Минскідегі қазан айындағы уағдаластықтарға қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институттық та, функционалдық та бөлігі бойынша келісе алмаушылық әлі де сақталып отырғанын айтты.
– Өкінішке қарай, шарттың жекелеген баптарының мәтіндерін өзгерту, оларды қарауда тараптар сарапшыларының асығыс режімде жұмыс жүргізуі және т.б. жайттар кездесті. Осының бәрі шарттың жобасын қол қою үшін дайындау мерзімін ұзарта түсуде. Құжаттармен жұмысты аяқтау үшін барлық күшті салу керек. Мәселен, сарапшылар әлі күнге дейін бірыңғай терминологиялық сөздік қалыптастырған жоқ. Шарттың саясатқа қатысты “бірыңғай”, “келісілген”, “үйлестірілген” тәрізді негізгі терминдері туралы ортақ түсіністік жоқ. Әзірге сарапшылар терминология жөнінде келісімге келе алмай жатқанда, бүкіл шарт туралы сөз болуы мүмкін емес. Тым тәптіштеу мен бұл мәселелер жөніндегі пікірталасқа ұрынбас үшін біздің Үкіметтерімізге, ЕЭК Кеңесіне және сыртқы саясат ведомстволарына шарт бойынша келісімді келесі жылғы наурызға дейін қамтамасыз етуді тапсыруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алдымен интеграция үшін іргетас дайындап алып, өзара ықпалдастықтың тереңірек түрлеріне содан кейін өту қажеттігін ескере отырып, кезеңділік қағидасын сақтауға назар аударды.
– Осыған байланысты қазіргі кезеңде үйлестірілген немесе келісілген саясатқа, барлық қатысушыларды қызықтыратын салаларда ортақ нарық қалыптастыруға ден қойған пайдалырақ болар еді. Сауда саясаты біз бірыңғай саясатқа қол жеткізген бағыттарда, мысалы, үшінші елдерге қатысты, сөз жоқ, сақталуға тиіс. Ал бірақ басқа салаларда “бірыңғай саясат” және “бірыңғай нарық” түсініктерін қолданудың түгел қамтитын сипатына назар аудару артық деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті құрылып жатқан Одақты саясиландыруға жол бермеу қажеттігіне ерекше тоқталды.
– Біз экономикалық одақ құрудамыз. Сондықтан Комиссияның міндеті – шартқа экономикалық интеграция шегінен шығатын ережелерді қоспау. Шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі тәрізді бағыттар, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек мәселелері экономикалық интеграцияға жатпайды және Экономикалық Одақ форматына көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің барлығы ҰҚШҰ, ТМД аясындағы көптарапты келісімдер форматында да, екіжақты форматта да жақсы реттелген. Қылмыстық және әкімшілік тәртіп бұзушылықтар жөніндегі жауапкершілікті біріздендіру туралы мәселе көтерілуде, алайда бұл салалар таза ұлттық салалар, мемлекеттің ішкі саясатының мәні болып саналады және жүйеленген шарттан алынып тасталуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттер басшылары және Үкіметтер деңгейіндегі Жоғары кеңеске ұлтүстілік өкілеттіктерді беруге болмайтынын атап өтті.
– Комиссия – ұлтүстілік орган. Біз интеграцияны ілгерілету үшін осыған бардық. Оның өкілеттігі қол қойылған шарттармен және келісімдермен нақты реттеледі әрі тек қана экономикалық салаға жатады. Біз Сіздермен бірге, Мемлекеттер басшылары ретінде, Комиссия мүшелерін тағайындаймыз, біздің шешіміміз стратегиялық және ұйымдастырушылық сипатқа ие. Біз тапсырмалар береміз, Комиссияның іс-қимылын мақұлдаймыз және шарттарға қол қоямыз. Комиссия оларды орындайды, себебі ол – Жоғары органның тапсырмасы. Осы құрылымды сақтау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Одақ туралы шарт оған мүше мемлекеттердің өзге елдермен және ұйымдармен арадағы халықаралық шарттарына нұқсан келтірмеуі тиістігін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Комиссияның жұмысының бұдан да тиімді жолға қойылуына, ЕЭК департаменттерінде біздің азаматтарымыздың теңдей өкілдік етуі мәселесінің шешілуіне назар аударды.
– Үнемі талқыланып жүрген тағы бір мәселе – Комиссияға жаңа өкілеттіктер беру. Қазір ЕЭК өкілеттігін аса кеңейтудің қажеттілігі жоқ. Бұл жөнінде біз мамыр айында Астанада да, қазан айында Минскіде де сөйлескенбіз. Әйткенмен, шарт жобасымен жұмыс барысында Комиссияның көптеген сәттерде өзіне қосымша өкілеттіктер алғысы келетіні байқалады. Комиссия қызметін бағалау тетіктері туралы мәселе қою әлдеқайда пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейде мемлекеттік органдарды бағалау жүйесі енгізілген. Солардың негізінде ортақ әдістер әзірлеп, оны Комиссия қызметін бағалауға қолдануға болады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қабылданатын шешімдерге Алқа мүшелерінің жеке жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Бұл халықаралық шенеуніктерді әр қадамын салмақтап, кез келген мәселеге объективті қарауға мәжбүр етеді.
– Бұл нормаларды шарт жобасына қазірден-ақ қосу керек немесе Үкіметтерге бірлесіп жеке құжат әзірлеуді және оны кезекті отырысымызға ұсынуды тапсыру қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанның берік, күшті әрі түрлі өзгерістерге икемді Экономикалық одақ құруға бейілді екенін тағы бір рет қуаттаймын. Мұндай Одақ оған қатысушылардың барлығының мүдделерін ескергенде ғана қалыптасуы мүмкін. Сарапшылар біраз жұмыс атқарды, енді айтылған ескертулерді ескере отырып, бірлескен қызметті жалғастыру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты мамырда қол қоюға әзірлеу сияқты ауқымды міндет қойылып отырғандықтан, келесі жылы жұмыстардың бұдан аз болмайтынын атап өтті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша екі ел Президенттері баспасөзге арналған бірлескен мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жоғары деңгейдегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысы өткеніне және оның барлық қызметі 2015 жылдың 1 қаңтарынан басталатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына бағытталғанына, өтіп бара жатқан 2013 жылдың маңыздылығына тағы да тоқталды.
– Бүгін бізге шарттың құрылтайшылық және салалық бөлімдерінің әзірлену барысы туралы толық баяндалды. Осы үлкен жұмыста оң сипаттағы ілгерілеушілік бар екенін атап өткім келеді. 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қорытынды нұсқасына қол қоюымыз үшін әр тарап барынша күш салады. Мұндай жұмыс режімі барысында болашақ Одағымыздың негізгі құжатының сапалы болуын да ұмытпау маңызды. Еуразиялық экономикалық комиссияны интеграцияның жаңа деңгейіне сәйкес болуы және барлық қатысушылар мүдделерінің балансын қамтамасыз ету үшін реформалаған жөн, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы еуразиялық интеграциялық үдеріске қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде, әсірелеусіз айтсақ, мемлекеттеріміздің тарихы жасалуда. Еуразиялық одақтың құрылуы – құлаған КСРО-ны қалпына келтіруге әрекеттену болып саналмайтын, шын мәнінде инновациялық жоба. Өткенге оралуға жол жоқ және оралмаймыз да – бұл біздің біртұтас әрі бірыңғай ұстанымымыз. Біз артқа емес, алға қарай, әлемді интеграциялық бірлестіктер бастап келе жатқан бағытқа беттеп барамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті интеграциялық үдерістің саяси мақсаттар көздемей, ерікті түрде және халықтарымыздың игілігі үшін іске асырылатына назар аударды.
– Біздің интеграциялық бірлестігіміздегі саяси егемендіктің бекем екенін тағы да атап өткім келеді және бұл – аксиома. Оның үстіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны одан әрі орнықты ете түсуге мүмкіндік береді. Одақтағы әрбір елдің егемендігі тек қана нығая түседі және толық дами береді, соның ішінде халықаралық деңгейде де, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктердің негізінде экономикалық прагматизм, құрмет, еріктілік, барлық шешімдерді қабылдау кезіндегі теңдік пен ашықтық тәрізді негізгі қағидаттар жатқанын атап өтті.
– Біз Еуразиялық одақты басқалардан бөлектену үшін емес, керісінше өзге серіктестерімізбен мейлінше ынтымақтаса түсу үшін құрудамыз. Сөзімнің соңында Қазақстан, Беларусь және Ресей Одақ құру жөніндегі жұмысты стратегиялық серіктестік пен достық рухында жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Экономикалық интеграция барлық елдің экономикалық мүмкіндіктерін едәуір күшейтеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның еуразиялық кеңістіктегі интеграция идеясының бастамашысы болып саналатынын еске салып өтті.
Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин отырыстың іскерлік және сындарлы ахуалда өткеніне тоқталды.
– Біз Қазақстан және Беларусь Президенттерімен бірге еуразиялық экономикалық кооперацияны дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Қазан айында Минскіде өткен кездесуімізден кейін біз бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығардық. Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік. Жалпы, сарапшылар тарапынан шарттың негізгі институттық бөлімі келісілді, онда болашақ Одақтың халықаралық-құқықтық мәртебесі, міндеттері мен іс-қимыл тетіктері айқындалған, – деді Владимир Путин.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
– “2010 жылғы 9 желтоқсандағы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді іске асыру жөніндегі жұмыс нәтижелері туралы” шешім;
– “Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың кезеңдік жоспарын орындау жөніндегі Табиғи монополиялар саласына қатысты (секторлық (салалық) разрездегі) қорытынды есеп туралы” шешім;
– “Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласындағы заңнаманы үйлестіру жөніндегі тиісті шараларды жүйелі жүзеге асыруды анықтауға және жақындастыруға жататын Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің нормативтік-құқықтық актілерінің тізбесі туралы” шешім.
Akorda.kz