Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынға қатысушылар өзара келісім бойынша әрқайсысы бестен немесе оннан ортаға асықтарын шығарады да, солардың ішінен біреуін “хан” сайлайды. Сосын кезекпен барлық асықты жинап алып, қос қолдап шашып тастап отырады. Кейде “хан” көп асықтық астына басылып, көрінбей қалуы мүмкін.
Мұндайда асықты иіруші: “Ханды қара басты!” – деп жариялайды. Сол сәтте ойыншылар асықтарды бас салып, талап алады. Ал егер “хан” бөлек ашық жатса, онда иірген бала “ханмен” басқа асықты ата бастайды. Мысалы, “хан” бүк түссе, онда “ханмен” бүк жатқан асықты, шік түссе, шік жатқан асықты ату керек. Осылайша ойын жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша “ханмен” асықты атқан кезде басқа асықтарды қозғауға болмайды. Сөйтіп, кезек алған ойыншы ойын шартын бұзғанға дейін немесе “ханмен” ататын асық болмай қалғанға дейін атып, ұтқан асықтарын жинап алады. Ортаға салынған асықтар таусылғаннан кейін ойнаушылар қайтадан асықтардын шығарып, ойынды жалғастырады.
Бұл ойын негізінен ептілік пен шапшаңдықты, байқағыштықты аса қажет етеді.