«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАНЫҢ ҮЙРЕТЕРІ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше ғана бесікте уілдеп жатқан бүлдіршін үш жылдан соң үш тілде былдырлап, компьютердің пернетақтасын тықылдатып, қойған сұрағыңа тасқа басқандай жауап берсе, таң қалмаңыз. Ғылым мен білім қарыштап дамыған ғасырдағы заман талабы осы. 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінгі ата-ана құндақталған сәбиінен көз алмай: “12 жылдық білімнің белестерін бағындырып, еліміздегі, бәлкім, шетелдегі ең озық жоғары оқу орнында білім алып, өмірде өз орнын тапса екен”, – деп ойлайды. Осы бағыттағы алғашқы қадам бала дүниеге келген сәттен бастап балабақша кезегіне тұрудан басталады екен. Есін білер-білмес шағынан бастап күнұзаққа балабақшада жүретін бала үшін балабақша ықпалының басым­дылығына қатысты сөз таластыру қиын. Екі жасында балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін ойнау арқылы ойлауды үйреніп, денсаулығымен бірге мінезі де шынығып, жасы алтыға келгенде мектепке сақадай-сай дайын болып барады.

Осыдан төрт жыл бұрын бой көтерген “Ақ бота” бөбекжай-бақшасында жаңашылдықты енгізу үдерісі өзгелерден ерек көрінеді. Үштілділік аясында бүгінде бұл мекемеде полимәдени тәрбие енгізілсе, таяуда баланың өз бетінше ойлау қабілетінің дамуын көздейтін Монтессори әдісі қолданылмақ. Ол жайында бөбекжай-бақшаның меңгерушісі Алтын Сейітова әңгімелеп берді.

Адамзаттың бәрін сүй

“бауырым” деп…

– Біздің бөбекжай-бақшада балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйренумен қатар басқа халықтардың мәдениетімен де танысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Басты мақсат бүлдіршіндерді ұлты басқа құрдастарын түсінуге, олардың салт-дәстүрін құрметтеуге үйрету, барлық адамдардың тең екенін және бейбітшілік пен келісімде өмір сүру қажеттілігін түсіндіру, балалардың өз ұлтын мақтан тұтуға, мәдени мұрасын сақтауға тәрбиелеу болып табылады. Бақшамызда барлық топтарда туған елдің және шетел мәдениетінің ерекшеліктерімен таныстыратын мүйістер, көрмелер, альбомдар бар. Тәрбиешілер қазақ және орыс ертегілерін, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы әлем халықтарының мерекелері, ойындары, сауық-думандарын, сонымен қатар, серуен, саяхат тақырыптары бойынша іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Ал тіл мұғалімдері өз сабақтарында және бірлескен ойын барысында елдер мәдениетімен таныстырады. Музыка жетекшілері болса баланың сезімін дамытуға септесетін фольклорға көп көңіл бөледі, ұлттық музыканың әсемдігін түсінуге үйретеді. Қазақ, орыс, өзбек және тағы да басқа халық билерін үйретумен айналысатын хореограф баланың дүниетанымын байытады. Полимәдени тәрбие үдерісіне бейнелеу өнері бойынша сабақтар елеулі үлес қосады. Осындай сабақтар мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық сәндік-қолданбалы өнер, кескіндеме және ою-өрнек элементтерімен таныстырады. Дене шынықтыру сабақтарында бүлдіршіндер ұлттық ойындармен танысса, педагог-психолог тұтастық, өзара әрекеттесу, түсіністікке бағытталған “Біз біргеміз: бір жердің бетінде, бір аспанның астында” тақырыбында сабақ өткізеді, – дейді бөбекжай-бақша меңгерушісі Алтын Тәлиқызы.  

Өзге ұлттардың тілі мен мәдениетін насихаттаумен қатар, бүлдіршіндердің қазақ тілін меңгеруіне үлкен көңіл бөлініп отырған көрінеді. Қазақ топтарының әрқайсысында дерлік ұлты басқа бүлдіршіндер бар екен. Қос ұлын қазақ тобына берген Оксана есімді келіншектен не себептен қазақ тобын таңдағанын сұрағанымда: “Ұлдарымның болашақта қазақ тілін білмегендіктен, қиналғандарын қаламаймын. Қазақстанда тұрғандықтан, осы елдің тілін де, мәдениетін де білсін. Балаларымның арқасында өзім де қазақ тілін үйрене бастадым. Бірде жиенімнен таяқ жеген балама: “Жылама, сен де оны сой” деп қазақша айтқанымды өзім де байқамай қалыппын” , – деп күлді.

 

Епті, есті, елгезек…

Бүгінде жекеменшік балабақшалардың дені Монтессори педагогикасы бойынша тәрбие беру әдісін насихаттап, осы бағыт бойынша балалармен жұмыс жүргізуде. Баланың өзін-өзі тәрбиелеуге, оқытуға, дамытуға ынталандыру қағидатын ұстанатын әдістің тиімділігі жиі жарнамаланады. Содан болар, жекеменшік балабақшаға төленетін қаражат сомасы 25-30 мың теңгеге таяп қалады. Екідегі бүлдіршіннің тәрбиесі мен жиырмадағы жасөспірімнің оқуына төлер ақы бірдей болатындай бұл әдістің сыры неде? Италиялық ғалым, психолог Мария Мантессоридің әдісі шетелдерде тиімді деп танылып, біздің елде де мектепке дейінгі мекемелерге жаппай енгізілуде. Басты ерекшелік балаларға өздігінен киіну, киімдерін ауыстыру, жуу, тазалау, араластыру, қию, бояу, сурет салу және тағы басқа әрекеттерді жасауға үйретеді екен.

Бүгінде бұл әдісті мемлекеттік балабақшалар да жаппай енгізуде. “Ақ бота” бөбекжай-бақшасы бұл бағыттағы жұмысты да алғашқылардың бірі болып қолға алған екен. Арнайы кабинет ашылып, тиісті құралдармен толық жабдықталыпты.

 – Баланың күнделікті іс-қимылдарын өз бетінше жасауды үйретумен қоса, оларға заттың өлшемін, пішіні мен түсін зерттеуге көмектесеміз. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасауына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына қолайлы жағдай туғызады. Ұстаздың, тәрбиешінің алдына келген бала – әрбір үйдің алақанына салған аяулысы. Мойнымызға осындай үлкен аманатты ала отырып, біздер балапандарымызға тиісті тәрбие мен білімді толық беруге міндеттіміз. 12 жылдық білім беру жүйесіне балаларды сақадай-сай етуге барынша тырысамыз. Елдің ертеңі болатын бүлдіршіндердің келешегі біздің бүгінгі берген білімімізге тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз, – дейді “Ақ бота” бөбекжай-бақшасының әдіскері Вера Бикбаева. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp