Бірде елімізге танымал балуан Жамбыл Тасеменов ағамызбен күрес жайында толғана отырып, әңгіме оны баптаған атақты жаттықтырушы Виктор Викке келіп тірелді. Ағамыз бапкерінен алған өнеге мен өмірлік сабақтары туралы айта келіп: “Виктор Давыдовичтің тағы бір атақты шәкіртімен таныстырайын. Ол – Василий Левчук” деп, оны сырттай сипаттап кетті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінгі таңда жасы жетпістен асқан адамның жас балуандарды жаттықтырып жүргенінің өзі оған деген құрметтің үлкені болса керек.
1942 жылдың 23 наурызында Ресейдің Иркутск облысына қарайтын Нижняя-Урдинский ауданындағы Атагай кентінде туған оның кейінгі тағдыры Қазақстанмен тамырлас. 1954 жылы Қазақстанда тыңға жорық басталғанда оның ата-анасы осы оқиғадан үш жыл өткен соң қазіргі Шал ақын ауданының Марьевка ауылына қоныс аударыпты.
Ауыл баласының тұрмыс-тірлігі белгілі. Жастайынан еңбекпен шыныққан жеткіншек те шаруаға бейім болып, соның арқасында бой-бітімі өсіп, тұлғасы нығайған екен. Қыста шаңғы теуіп, жазда жүгіріп, суда жүзіп шыныға түскен.
Спортқа аса бейім болса да, ол ата-анасының ақыл-кеңесінен аса алмай, мектепті тамамдағаннан кейін Петропавл педагогика институтының физика-математика факультетіне жол тартып, ақыры осы мамандыққа бейімделеді. Алайда, өмірде ойламаған жерден өзгерістер де болып тұрады ғой. Ол бірде классикалық күрес (бүгінгі грек-рим күресі) бойынша балуандарды таңдап алып жүрген Виктор Виктің көзіне түседі.
– Екінші курста оқып жүрген кезім. Ол менен бар болғаны бір жас үлкен екен. Он тоғызда ғана. Алайда, “Міне, сен – мен іздеп жүрген адамсың! Барлық қырыңнан көңілімнен шығып тұрсың. Мен сені нағыз балуан етіп шыңдаймын!” деп сеніммен айтқан соң бас тарта алмадым, – деді Василий Николаевич өзін жас бапкердің қалайша баурап алғанына тап қазіргі әңгіме үстінде таңғалғандай болып.
Бірақ әуелгіде семсерлесумен шұғылданып, ширақ қимылымен қарсыластарын қапы қалдырып жүрген оны осы спорт бойынша 1960 жылы облыстың жастар құрамасына қабылдап, республикалық жарыста жастар арасында үшінші жүлде еншілейді. Алайда, Виктор Вик те оны өз үйірмесіне үйірсектетіп, ақыры күреске түпкілікті ден қойғызады. Тамшылап төгілген тердің жемісі алғашқы жеңістерге жетелейді. Соның арқасында 1960 жылы Павлодар қаласында Тың өлкесі балуандарының тұңғыш спартакиадасында 62 килограмм салмақта жеңіс тұғырының ең биігіне көтеріліп, күресті бекер таңдамағанын дәлелдепті.
Он сегіз жасында ғана осындай жеңіске жеткен оны арада үш жыл өткенде – 1963 жылы бапкері, курстастары, бүкіл институт қауымы студенттер арасында Қазақстанның чемпионы болуымен құттықтайды. Сол жылы Василий Левчук Гомель қаласында өткен КСРО чемпионатына Қазақстан намысын қорғауға аттанады.
– Әуелгіде тақымым дірілдегендей секемді сезіндім. Өйтпеске лаж да жоқ. Мен белдесетін салмақ дәрежесінде жетпіс бір адам сынға түсетінін естідім. Дегенмен де, сабыр сақтап, өзімді қамшылап, лайықты күресуді ғана ойлау керектігін сезіндім. Соның арқасы болар, біртіндеп жоғары қарай өрлей түстім. Ақыры, сегіз белдесуде мерейім үстем болып, жартылай финалға да жеттім-ау! Осы чемпионаттан төртінші орынмен оралдым, – дейді қалың топқа қаймықпай кіріп, мерейге бөленген сонау алыс жылдарын есіне ала отырып.
Осыдан соң-ақ ол ересектердің де жарыстарында еңсесін түсірмей, ең биік дәрежелерге жете бастапты. Атап айтқанда, жиырма төрт жасында Қазақстан чемпионатында күміс алқаны қанжығасына байлаған. Ауыл спортшыларының “Қайрат” ерікті спорт қоғамының Орталық кеңесінің жарыстарында қатарынан жеті мәрте ең биік дәрежеге қолы жеткен екен. Осы жетістіктері үшін оған “КСРО спорт шебері” атағы берілген.
– 1968 жылы КСРО ауыл спортшыларының спартакиадасында қола жүлде еншілегенімді күрестегі ең үздік жетістігім деп бағалаймын. Соның арқасында “КСРО-ның Құрметті спорт шебері” атағын алдым, – дейді Василий Николаевич.
Өзі күресе жүріп, бапкерлік жолға қалайша түсіп кеткенін де білмейді. Әйтеуір, өзі қасында болғандықтан, шаңырақтағы ұлқыздың бірі – Олегтің күреске ынтасын арттырып, ақыры ол да белдесумен айналысады. Әкесінің үмітін ақтаған ұлы – бүгінде Петропавлдағы “Жеңіс” күрес мектебінде жаттықтырушы.
Василий Николаевич негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі болғандықтан, Петропавл педагогика училищесінде сабақ береді. Өмір жолының бір кезеңдерінде мектеп директоры болып та қызмет атқарған. Кейін күресті дамытуға қайта ден қойып, облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдердің “Күрес” мектебін басқарған.
– Василий Николаевич, өз шәкірттеріңіздің ішінен ең атақтыларын айтып беріңізші? – деген сауалыма оның жауабы қомақты шықты. Ол он төрт спорт шеберін, тоғыз спорт шеберіне кандидатты баулыпты. Бәрі де – сайдың тасындай кесек тұлғалар: Теміртас Әлжанов, Асқар Дүйсенов, Александр Семенов, Анатолий Тихонков, Борис Терещенко, Василий Речкин, Николай Покидько, Сергей Эдлин, Сергей Ямпольский, Жақсылық Мусин, Василий Лисяной, Михаил Кромин, Сергей Вяткин, Евгений Ситников. Бұлар КСРО-ның спорт шеберлері, араларында түрлі жарыстарда, чемпионаттарда ірі жеңістерге ие болғандары бар.
Біз атақты балуанмен әрі бапкермен өзі балдырғандарды баптайтын екі орынның бірі – облыс орталығындағы №40 орта мектепте әңгімелестік. Шағын ғана күрес залында отырмыз. Сегіз-он жасар жеткіншектер кілемдердің үстінде әртүрлі жаттығулар жасап, бапкердің ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындауда. Осы кілемдердің біразын жоқшылық буындырған кезде оның өз қаражатына сатып алғанын басқа балуандардан естіген едім.
– Ол шындық. Күрес кілемдері жетіспейді, барлары әбден тозған. Сондықтан өзім сатып алуыма тура келді. Есесіне ризығын мына балалар көруде, – деді Василий Николаевич.
Қалған жабдықтарды алуға мектеп директоры Марина Гучок көмектесіпті.
– Қалай, балалар еңбегіңізді ақтап жүр ме?
– Ренішім жоқ. Осы жақында ғана, 29-30 қараша күндері, Ресейдің Макушино қаласындағы турнирге он бала апардым. Солардың жетеуі жүлдемен оралды. Атап айтқанда, екі жеңісті, бір күміс жүлдені, төрт қола алқаны олжаладық.
Бұл айтып отырған жарыста Қорғаннан, Челябинскіден, Түменнен, Петуховодан және басқа шағын қалалардан барлығы 170 жеткіншек балуан сынға түскен екен. Тамаша жетістік қой!
Ал ол жаттықтырушы болып еңбек ететін екінші мекеме – “Жеңіс” күрес мектебі. Онда сәл ересек жасөспірімдерді баптайды. Николай Михин, Роман Шеремет, Александр Гисс, Рият Искандаров, Андрей Пилипенко және басқалар мектеп жеңімпаздары болған. Оның үстіне бұлар – жас болса да, спорт шеберіне кандидаттар.
– Сіз жетпіс бір жастасыз. Әлі де кәрілікке жол беретін түріңіз байқалмайды. Бабыңызды қалай сақтайсыз? – дегенімде ол күліп жіберді.
– Саламатты өмір салтын ұстанамын. Жүгіру, салқын сумен жуыну күнделікті әдетіме айналғалы қашан?! Өзім спортпен, соның ішінде күреспен шұғылданған уақыттан бері осы әдеттерім жалғасуда. Біз, зайыбым Марина Васильевнамен бірге осы дағдыны өмірлік серігімізге айналдырдық. Айнып көрген емеспіз. Осыған тағы бір қосып айтарым, мен әр аптаның белгілікті бір күнінде, мысалы, сейсенбіде астан тартынамын. Жай күндері де тамақты сыла ғана ішемін. Пайдасы ұшан-теңіз!
Біз қош айтыстық. Оның балаларға әдіс-айлаларды үйретіп жатқан жанашыр дауысы дәлізде естіліп тұрды.
СУРЕТТЕ: Василий Левчук шәкірттеріне әдіс-айла үйретуде.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.