«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҢҒЫДА ҚАНІШЕР АТҚАН ОҚТАН Қаржы полициясы департаменті басшысының бірінші орынбасары қаза тапты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

24 желтоқсанда сағат 20.00-дің шамасында Петропавл қаласының шет жағындағы үйінің кіреберісінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы, қаржы полициясының майоры Жандос Ахметовті белгісіз қылмыскер оның 12 жасар баласының көзінше атып өлтіріп кеткен. Атылған бес оқтың біреуі офицердің басына тиген.

Бұл факті бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаменті ҚР ҚК 96 бабы бойынша (адам өлтіру) қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Қаржы полициясының баспасөз қызметі хабарлады.

“Ішкі істер органдары тергеп жатқан қылмыстық іс аясында барлық мән-жай қарастырылуда. Ж.Ахметовті өлтіру мен оның қызметінің арасында байланыс бар екендігін жоққа шығармаймыз.

Ж.Ахметов 2012 жылғы наурыз айынан бастап Қаржы полициясы органдарында қызмет атқарды. 2013 жылғы наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның қарауында тергеу және сотқа дейінгі өндіріс мәселелері болды.

Жандос Аликұлының артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

Қаржы полициясы органдарының басшылығы және жеке құрамы қаза тапқан әріптесіміздің отбасысы мен жақындарына көңіл айтады. Осыншама зұлым қылмысты жасаған тұлғалар жақын уақытта анықталып, тиісті жазаларын тартады деп үміттенеміз”, делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл жан-түршігерлік қылмысты тергеумен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов басқаратын арнайы жедел тергеу тобы айналысуда.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp