Соңғы үш жылдың ішінде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірімізде 130 өрт оқиғасы орын алып, 20 адам көз жұмды. “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ-де өткен баспасөз конференциясында СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері Жаңа жылға әзірлік шаралары жайында айтып, жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әсет Ысмағұлов мерекелік кештерді барлық қауіпсіздік шараларын ескере отыра өткізу қажеттігін қадап айтты. Жаңа жылдың басында орны толмас өкінішке жол берілмеуі тиіс.
Облыс бойынша атқарылған кешенді шаралардың арқасында 2012 жылмен салыстырғанда биылғы жылы өрт оқиғалары 19 пайызға кеміген. Алайда, “тілсіз жау” жер үйлерде жиі орын алуда. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бас маманы Ербол Қуанышевтың мәлімдеуінше, 2013 жылы тіркелген 496 өрттің 79 пайызы жер үйлерден шыққан. Өрт кезінде 110 адам жапа шегіп, оның 44-і қайтыс болыпты. Ал қасақана өрт қою фактілері кейінгі екі жылды салыстырғанда 125-тен 87-ге дейін, яғни 31 пайызға кеміген.
Суда құтқару қызметінің мамандары қыста да қауіптің аз еместігін алға тартты. Өзен-көлдерді мұз басқанымен, олардың үстінен жүргенде, балық аулағанда аса сақ болған дұрыс. Сүңгуірлер өткен жылы 100-ден астам адамды құтқарыпты. Ал 39 адамды құтқару мүмкін болмаған. Олардың 4-еуі – балалар.
Баспасөз конференциясында Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Еркін Жұматаев қыс мезгілінде жолға шығарда алдын ала ауа райын анықтап, көліктің техникалық дұрыс-тығын тексеріп, ұялы телефонды қуаттап, туған-туысқа қайда бара жатқаныңызды айту керектігін баса ескертті. Жолда тұрып қалған жағдайда бірінші кезекте “112” нөміріне қоңырау шалып, көлікті желге қарсы емес бағытқа бұрып қою қажет. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы апат атаулыдан аулақ болыңыз! Барлық құтқарушылардың өңір тұрғындарына басты тілегі де, өтініші де осы.