«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛДАРҒА АУЫЗСУ ТАРТУ ТОЛАСТАМАЙДЫ”, – дейді “Есіл су” РМК филиалының директоры Серік Ысмайылов

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ақ бұлақ” бағдарламасының аясында екі жылдан бері қыруар іс-шаралар атқарылды. Негізгі қызметі өңірдің ауылдық елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз ету болып табылатын “Қазақ су шаруашылығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы “Есіл су” РМК филиалы осы жауапты жұмысты жүргізушілердің бірі болып табылады. Кәсіпорын басшысы Серік Ысмайыловқа жолығып, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың мән-жайына қанықтық.

– Серік Нұртазаұлы, бүгінде қыруар іс тындырып, жыл мәресін қорытындылап отырсыздар. Соған байланысты алдымен негізгі өндірістік көрсеткіштеріңіздің орындалуы жайында айтып берсеңіз?

– Қазір өзіміздің Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 210 елді мекеннің және көршілес Қостанай облысының 2 ауданындағы 23 елді мекеннің тұрғындарына ауызсу береміз. Жыл басында кәсіпорын екі облыстың 235 су пайдаланушысымен жалпы көлемі 3251 мың текше метр су беру шартын жасаса, іс жүзінде оны 3275 мың текше метрге орындап, тұрғындарға сомасы 1762 млн. теңгенің суы берілді. Соның ішінде демеуқаржыландырылған тарифтер бойынша 1664 млн. теңгенің 3090 мың текше метр суы босатылды, ал толық тарифтер бойынша берілген су – 185 мың текше метр, ол 98 миллион теңгені құрайды.

Кәсіпорын тұрғындарға су жеткізу қызметін Булаев, Преснов, Соколов және Есіл торапты топтық су құбырлары арқылы жүзеге асырады. Бір кездері жалпы ұзындығы 11 мың шақырымға жетіп, Гиннестің кітабына енген атақты “Союзцелинвод” тресінің мұрагері болып табылатын осы су құбырлары желісінің қазіргі ұзындығы 2680 шақырымға жуық. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған бұл құбырлардың пайдалану мерзімі екі еседен асып барады. Көптеген елді мекендерге ескі құбырлардың су жеткізе алмауы себебі де осы. Сондықтан “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша мол қаржы бөлініп, торапты су құбырларының жаңғыртылуына және тұрғындарды сапалы ауызсумен жабдықтауға зор маңыз беріліп отыр.

– Енді сол торапты су құбырларын жаңғырту жұмысына жеке-жеке тоқталып өтсеңіз.

– Оларды біз кезең-кезеңімен қолға алдық. Булаев топтық су құбырының 1-ші кезегі бойынша 2136 миллион теңгенің қаржысы игеріліп, 114 шақырым су құбыры жаңартылды. Ол 11 елді мекенді қамтиды, соның ішінде М. Жұмабаев ауданының 6 ауылына және Аққайың ауданының 5 ауылына су берілді. Аққайыңдағы Власовка мен Степной ауылдарында және жұмабаевтық Рощинка ауылында су бұған дейін тасып жеткізілген болса, 2011 жылдан бері оларда қоныстарына келіп тұрған ауызсуы бар. Бұл жерде айта кететін бір жай, біздің міндетіміз – су құбырын елді мекенге дейін жеткізу, ал оны одан әрі ауыл ішінде таратуды, көшелердегі колонкаларға жеткізуді оған конкурс ұйымдастыру арқылы облыстық Құрылыс басқармасы атқарады.

Булаев топтық су құбырын жаңғыртудың 2-ші кезегі бойынша өткен жылы мамыр айында басталған жұмыс жуырда аяқталып, 2150 миллион теңгеге 254 шақырым су құбыры жаңартылды. Соның нәтижесінде 29 ауылдық елді мекен таза ауызсуын алатын болды. Олардың 3-еуі – Қызылжар ауданынан, ал қалғандары – М. Жұмабаев ауданы ауылдарының тұрғындары.

Сондай-ақ осы топтық су құбырындағы өткен жылы басталып, жыл соңына дейін аяқталғалы отырған 3449 миллион теңгенің қаржысы жұмсалған күре буындағы 60 шақырымдық су құбырын ауыстырған 22 елді мекенді сумен жабдықтаудың үшінші кезеңі де өз мәресіне жетті. Қазір оның құжаттамалық актілері дайындалу үстінде. Бұл жүйе жаңадан 22 елді мекенді таза ауыз-суына қосады. Олардың – 15-і – Қызылжар және 7-еуі – Аққайың аудандарының ауылдары, сол сияқты Мамлют ауданындағы Леденово ауылы да осы су құбырына қосылады.

Жалпы Булаев топтық су құбыры бойынша “Ақ бұлақ” бағдарламасының 7734 миллион теңге қаржысы игеріліп, барлығы 428 шақырым су құбырлары жаңартылды және соның нәтижесінде 63 елді мекен таза ауызсуына қосылды.

– Топтық су құбырларын жаңғырту жұмысы оның ең осал тұсынан бастау алатыны түсінікті. Булаев топтық су құбырының бірінші кезекте жаңартылуы содан болса керек. Десе де кәсіпорынның өзге топтық тораптарының да оңып тұрғаны шамалы шығар? Олардағы жаңғырту жұмыстары қалай жоспарлануда?

– Әрине, жаңарту алдымен әбден тозып тұрған тораптарды алмастыруды қажет етеді. Осы ретте Булаев бағытына баса назар аударылып, негізгі су желілерін тәртіпке келтіріп алдық. Ал бұдан басқаларына көңіл бөлінбеді деуге бола қоймас. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша Соколов топтық су құбырын жаңғырту да 2011 жылы қолға алынып, жалпы сметалық құны 4587 миллион теңгенің 114 шақырым құбырын жаңарту жоспарланған болатын. Қазір оның 2,5 миллиард теңге қаржысы игеріліп, 97,2 шақырым су құбырлары тартылды. Әзірге Қызылжар ауданындағы Кондратовка және Белое ауылдарына ғана су берілді. Тораптағы жаңғырту жұмыстарының аяқталуы алдағы жылдың шілде айына белгіленген. Ол үшін әлі 2,0 миллиард теңгенің құрылыс жұмысын еңсеруіміз керек. Сонда осы торап бойынша тағы 13 елді мекенге су құбырлары жеткізіледі.

Ал Преснов топтық су құбырында бұл жұмысты келесі жылдан бастағалы отырмыз. Оған жоспарланған қаржы 13,6 миллиард теңгені құрайды. Жаңартылған су құбырлары желісі 168 ауылдық елді мекенді қамтитын болады. Сол сияқты Есіл топтық су құбырларының желілері де жаңартып, алмастыруды қажет етеді. Бұл топтық аймақта 132 ауыл су құбырларымен қамтылуы тиіс. Алайда, оның шамамен 96-сына ғана “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша қаржы бөлінуі мүмкін деп болжаймыз. Қалай болғанда да осы топтық жүйедегі құбырларды қалпына келтіруді 2015 жылдан кешіктіруге болмайды. Өйткені, ондағы әзірге пайданылып отырған су құбырлары жылданжылға тозып барады.

– Кәсіпорындарыңыз ауылдық елді мекендерге су жеткізуден басқа су құбырларында техникалық және пайдалану қызметтерін де атқаратындықтан, техникалық жарақтануға ерекше мән берілетін болар, ол қалай шешілуде? Тағы бір маңызды көрсеткіш – ұжымдағы орташа айлық еңбекақы деңгейі қандай?

– Филиалдың техникалық дамуы үшін амортизациялық қор құрылған. Оған жылма-жыл жеткілікті көлемде қаржы бағытталып отырады. Сол қордың қаржысына 2011 жылы кәсіпорынның 30 пайыз техникасы жаңартылды. Былтыр қорға 227 млн. теңгедей қаржы жіберілген болса, оған осы жылдың қорға түскен қаржысын қосып, алдағы жылда қырық шақты жаңа техника алу ойымызда бар. Атап айтқанда, шетелдік еңбек өнімділігі жоғары экскаватор мен бульдозерлер, К-700 тракторларын және құбыр бойындағы жұмысқа жұмысшыларды таситын арнайы автомашина аламыз.

Кәсіпорында бүгінгі таңда 710 адам еңбек етеді. Жыл ішіндегі еңбеккерлеріміздің орташа айлық еңбекақысы 93,5 мың теңгеден айналды. Әр топтық су құбырлары жеке өндіріс учаскелері болып табылады, олардың барлығы ауылдық жерлерде. Негізінен, ауылдық елді мекендерде қызмет ететін еңбеккерлеріміз, әрине, мұндай жалақыны қомсына қоймас деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тоқтар ЗІКІРИН. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp