Елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының төртінші жылы аяқталды. Осы жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама негізінде біздің өңірімізде де бірқатар шаралар атқарылды. Солардың бірі – “Зенченко және К” КС-нің сүт өңдеу зауыты. Осыдан үш жыл бұрын құрылысы қолға алынған жаңа нысан биыл аяқталып, өндіріс Жылқы жылы толығымен іске қосылмақ.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл – Астана, Қарағанды қалаларын және өңірімізді сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, облыс экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған коммандиттік серіктестіктің бизнес жолындағы тағы бір нық қадамы. Жаңа зауыттың жобалық құны – 592 миллион теңге. Қаржыны “ҚазАгроҚаржы” АҚ жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызбен несиеге берген. Аталмыш қаржы институты серіктестікке лизинг арқылы Германиядан заманауи құрал-жабдықтар алдырған. Алайда, жаңа техниканың қуаттылығы өндірістегі жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр етеді. Кәсіпорынның ескі зауытында бүгінде 56 адам еңбек етіп жатса, жұмыс жаңа ғимаратқа көшірілген кезде 15-20 еңбеккер жеткілікті болып қалады. Дегенмен, заман ағымына сай жаңаша жұмыс істеу – нарық талабы. Нанотехнологиялық құрал-жабдықтар адамдардың тек компьютер басында тұрып, тетіктерді басуын қажет етеді.
– Ескі зауытта жұмыс үдерісі күрделі жүргізіледі. Өндіріске әкелінген сүт қабылдау, одан кейін оны сүт тартатын машинадан өткізу, тазарту, қайнату жұмыстары кезек-кезегімен атқарылады. Ал жаңа зауыттағы құрылғылардың сүтті қабылдап алғанын мына басынан көрсеңіз, аз уақыттан кейін оның екінші басынан орамаға қапталған дайын тауар болып шыққанына куә боласыз, – дейді зауыттың директоры Георгий Целых.
Алдағы жылы мұнда еңбек орны қысқартылғанымен, есесіне кәсіпорында қалдырылған жұмысшылардың еңбекақысы көтерілмек. Сонымен бұл жаңа өндіріс орны несімен қызықты болмақ? Ең бастысы сапа өсіп, сүт және сүт өнімдерінің құрамын өз табиғилығымен сақтау дәстүрі жақсарады. Мәселен, бұған дейін сүтті 94 градус ыстықтықта қайнатса, енді ол 10 градусқа түсірілмек. Бұл – ыстық сүттің құрамындағы микробтар жойылып, дәрумендер толық сақталады деген сөз. Бүгінде тауардың жарамдылық мерзімі 3 тәулік болса, енді жаңа технология оны 10 тәулікке дейін ұзартуға мүміндік береді. Бір ауысыммен жұмыс істейтін ескі зауыт 12 сағатта 42 тоннаға дейін өнім шығарса, жаңа өндірісте тауардың өнімділігі 60-65 тоннаға дейін көтерілмек. Бүгінгі таңда кәсіпорын 33 түрлі өнім шығарса, жаңа жылдан бастап сүт, айран, ірімшік, майдың жаңа түрлері қосылып, барлығы 45 түрлі өнім шығарылатын болады.
Жаңа құрал-жабдықтарда жұмыс істейтін кадрларды даярлау үшін неміс мамандары бір айға келіп, үйретіп кеткен. Сондықтан зауыт әкімшілігі мамандардың жетіспеушілігі туралы әңгіме қозғамайды. Жалпы жаңа өндіріс басында технологияның көптеген артықшылықтары байқалады. Онымен тұтынушылар жаңа зауыт жаңаша өнім шығара бастаған кезде танысады. Бүгінде кәсіпорын әкімшілігі өндіріске дайын тұрған зауыт 2014 жылдың басында іске қосылады деп сендіріп отыр.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.