Бейбіт Қайыркешұлы, биыл облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен өңіріміздегі күре жолдардың сапасына ерекше назар аударылып отыр. Қоңыр күзде Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев облысымызда болып, жолдардың сапасына сараптама жүргізді. Соған орай жолдардың сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Облысымыздың автомобиль жолдары желісі 8998 шақырымды құрайды, оның 1468 шақырымы – республикалық, 2427-сі – облыстық, 5103-і – аудандық маңызы бар жолдар. Жолдардың ұзындығы жөнінен республикада Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін үшінші орынды иеленеміз. Күзгі байқаудың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың 17 пайызы – техникалық жағынан жақсы, 34 пайызы – қанағаттанарлық, ал 49 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда деп бағаланды. Жергілікті жолдарда 36 көпір бар, оның 12-сі – апатты жағдайда, 1520 су өткізетін құбырдың 230-ы қауіпті ақаулы саналады.
Жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіру үшін 2011-2013 жылдары 10 млрд. 580 млн. теңге қаржы бөлінді, оның 4 млрд. 114 млн. теңгесі – жергілікті бюджеттен. Осы кезеңде жолдардың 25,4 шақырымы қалпына келтірілді, 92,9 шақырымға – күрделі, 96 шақырымға орта жөндеу жүргізілді. “2011-2015 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағын дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы 5 млрд. 455 млн. теңгені құрады, оның жартысы – облыстық бюджеттікі. Сөйтіп, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы өңір басшысының тікелей бастамасымен 2012 жылға қарағанда үш еседей өсті.
– Жолдардың бәрі де маңызды ғой. Дегенмен, солардың кейбіріне тоқтала кетсеңіз?
– Мысалы, төрт жылда республикалық бюджет есебінен Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово тас жолының 25,2 шақырымы қалпына келтірілді, тек биыл ғана – 9,4 шақырым. Бұл жұмыс алдағы жылдары да жалғастырылады.
Пресновка-Архангелка-Троицкое, Булаево-Возвышенка-Молодогвардейское-Кирово-Қиялы-Рощинское,Покровка-Корнеевка-Горное, Становое-Новомихайловка-Меңкесер, Борки-Ташкентка-Барневка-Долматово бағытындағы жолдардың 25 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге де республикадан бөлінген қаржы жұмсалды. Ал Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл, Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл, Саумалкөл-Новоишимское-Червонное бағытындағы жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттің қаржысы пайдаланылды.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша облыстық маңызы бар техникалық жағынан жақсы жолдар 4 пайызға (97 шақырым), қанағаттанарлық жолдар 6 пайызға (148 шақырым) көбейіп, қанағаттанғысыз жолдар 10 пайызға азайды. Былайша айтқанда, 162 мың адам тұратын 235 елді мекеннің жол қатынасы жақсарды.
Бұдан басқа аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен және “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 1 млрд. 113 млн. теңге қарастырылған болатын, бұл қаржының бірінші траншы 13 ауданның жол желілеріне сәйкес бөлінді, екінші транш жеті ауданның 13 жобасын жүзеге асыруға жұмсалды.
Осы бағдарламаның арқасында 440 адам жұмысқа орналасты, 135 елді мекеннің кіре-беріс жолдары жақсарды. Келесі жылы да бұл жұмыс жалғастырылады.
– Енді алдағы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқтала кетсеңіз? Жергілікті тұрғындар Жаңа жылдан қандай жақсылық күтеді?
– Таяуда Көлік және коммуникация министрлігінде 2014 жылдың жоспарын қорғап келдік. Жергілікті маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге, жөндеуге және ұстауға қаржыландырудың барлық көздерінен 5,6 млрд. теңге қарастырылып отыр, оның 1,7 млрд. теңгесі – республикалық, 3,9 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен берілмек. Аталмыш қаржыға Лавровка-Келлеровка-Тайынша-Чкалово автожолының 6,6 шақырымы қалпына келтіріледі, 6 автожолдың 31 шақырымына, 2 апатты көпірге және Айыртау ауданындағы су өтетін құбырға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, 245 мың адам тұратын 256 елді мекеннің жол қатынасы жақсарады. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге және ұстауға 951 млн. теңге бөлінетін болды, оның 744 млн. теңгесі – “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша. Бұл ауқымды шара 366 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Сөйтіп, облыс аумағындағы қанағаттанғысыз жолдарды қысқарта түсетін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.