«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕЛІ ІСТЕР ОЙДАҒЫДАЙ ОРЫНДАЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке енуімен жаңа мүмкіндіктердің көкжиегі ашылды. Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында және “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында кеден органдары қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп, сыртқы экономикалық операцияларды кедендік рәсімдеу бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру міндеті қойылды. 

Әлібек ҚАРТОВ,

СҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы.

Кеден одағына енуге орай кеден заңын реттейтін негізгі құқықтық акт – “Қазақстан Республикасы Кеден ісі туралы” ҚР Кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді. Кедендік төлемді бюджетке өндіріп алу және кедендік құнды басқару, кедендік бақылау, кедендік мағлұмдауға қатысты Үкіметтің 20-дан астам қаулысы қабылданды.

Одақ қарамағындағы үш мемлекетте тауарлар мен қызметтер шекарадан төлем ауыртпалығынсыз және қағазбастылықсыз өтуі үшін бизнесті жүргізудің ұқсас жағдайлары жасалуда. Кеден одағының арқасында біздің кәсіпкерлерге өз тауарларын өткізу нарығы әлдеқайда кеңейді. Сонымен қатар бұл олардың Ресейдегі және Беларусьтегі әріптестерімен еркін бәсекелестікте кәсіби деңгейін жоғарылатуға ынталандырары сөзсіз. Бүгінде одақ құрамындағы елдердің санын көбейту бағытында жұмыс жалғасуда. Армения мен Қырғызстан да ұйым құрамына енуге ниет білдіріп отыр.  

Кедендік шекара Кеден одағының сыртқы шекарасына көшірілгеннен кейін солтүстікқазақстандық кеденшілердің міндет жүгі біршама жеңілдегенін айту керек. Қайта құру үдерістерінен кейін 11 кедендік бекеттің, соның ішінде Қазақстан-Ресей шекарасы маңында орналасқан 6 кедендік бекеттің жұмысы тоқтатылды. Департамент қызметкерлерінің саны қысқартылды. Бүгінде ішкі үш бекеттің жұмысына үлкен көңіл бөлінуде. Олар астық өнімінің экспорты мен қажетті тауарлар импортын кедендік рәсімдеу бағытында жұмыс істейді.

Бірыңғай экономикалық кеңістік дегеніміз – бұл экономиканы реттеудің бір тектес механизмі жұмыс істейтін, келісілген саясат жүргізілетін, тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін кеңістік. Қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындар үшін Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруда ресейлік инфрақұрылымға қолжетімділігінің арқасында Еуропа елдеріне қосымша шығу мүмкіндігі ашылады. Әсіресе, электр энергетикасы саласы, темір жол көлігі, мұнайды және газды тасымалдауда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

Биыл СҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқарды деп айтуға болады. Үстіміздегі жылдың 11 айында кедендік төлемдер мен салықтар бойынша тапсырмалардың болжалды орындалуы 100,2 пайызды құрап отыр. Республикалық бюджетке 2 миллиард 754 миллион теңгенің қаржысы аударылды. Сыртқы тауар айналымының, сонымен қатар импорт көлемінің төмендеуіне қарамастан, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 829 миллион теңгеге, яғни 43 пайызға артық. Үстіміздегі жылы кедендік төлемдер мен салықтардың болжалды түсуі 2 миллиард 959 миллион теңгені құрайды. Ал желтоқсан айындағы болжалды түсім 205 миллион теңгені құрап, осылайша жоспардың толық орындалуы қамтамасыз етілмек.

Кедендік бақылау депаратаментінде рәсімделетін дәстүрлі тауар номенклатурасына астық экспорты және облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен облыс орталығының өнеркәсіп өндірісінің қажеттілігіне арналған тауарлардың импорты жатады. Үстіміздегі жылдың 11 айының ішінде Солтүстік Қазақстан облысының сыртқы тауар айналымы 561,5 миллион долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 29 пайызға кем. Ал импорттық тауар айналымы 142,4 миллион долларды құрады. Солтүстік Қазақстанда шығарылатын тауарлардың экспорты әлемнің 28 мемлекетін қамтыды. Экспорттың 63 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Ал импорт бойынша серіктес 46 елдің ішінде Украина, Германия және Қытай мемлекеттері басымдыққа ие.

Департамент жұмысында кеден ісіндегі құқық бұзушылық және қылмыспен күреске үлкен мән беріледі. Үстіміздегі жылдың басынан бері 29 қылмыстық іс қозғалды. Олардың 23-і экономикалық контрабанда бойынша. Тергеу амалдары барысында 13 көлік өзге мемлекеттердің аумағында іздеуде екендігі белгілі болды. Бүгінде 2 көлік иелеріне қайтарылды. Қозғалған қылмыстық істер бойынша 5,5 миллион теңгенің тауары тәркіленіп, әкімшілік заңды бұзуға талпынудың 36 фактісі орын алып, 5,8 миллион теңгенің айыппұлы салынды.

Уақыт бізден кедендік басқаруды жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп, қызметімізді ақпараттық технологиялар форматында көрсетуді, кедендік рәсімдеу үдерісін автоматтандыруды талап етеді. Сол себепті Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік базасын қалыптастыруға қоса, біз Интернет-мағлұмдау және тауарлардың алыс жердегі шығарылымы сияқты технологияларды жетілдірудеміз.

Биылғы жыл да аяқталуға таяп қалды. Бұл кеденшілер үшін қосымша жүктеме. Кәсіпорындар келісімшарттарын аяқтап, жүктер мен сәлемдемелердің ағыны ұлғаяды. Біз ешкімнің көңіл күйін түсірмеу үшін тауарлар немесе сыйлықтарды уақытында жеткізуде өз міндетімізді жылдам әрі сапалы атқаруға тырысамыз.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp