«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚОЛДАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Зәуре Нұрмұқанованың төрағалығымен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаға мониторинг жүргізу мәселесі жөнінде кеңес өтті. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Петропавл қаласының Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі” ММ басшысының міндетін атқарушы Евгения Сальникованың айтуынша, азық-түлік тауарларының 33 түрінің бағасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Сондағы бақылау қорытындысына сүйенер болсақ, жыл соңында азық-түлік бағасының өсуі байқалмаған, тек “Зенченко және К” КС сүт және сүт өнімдеріне бір рет баға көтерсе, базарларда қызанақ және қиярдың қымбаттауы апта сайын аңғарылған. Биылғы жылы “Наурыз – 2030” ЖШС-нің өндірген 920 тонна қияры бұл мәселенің шешімін таптырмай отыр. Облыс орталығындағы “Южный” көтерме базарындағы көкөністердің бірқатары жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері болса, кейбірі сырттан әкелінеді. Ал цитрус жемістері Ресей арқылы тасылса, басқа өнімдер Қазақстанның оңтүстігі мен Қытай елінен әкелінеді. Жұмыртқа өндіруші кәсіпорындармен арадағы келіссөздің арқасында оның бағасы тұрақтанып, жұрттың көңілі орныққан. Алайда, жиынға қатысқан жергілікті сауда орындарының басшылары жұмыртқаны әлі де делдалдардан сатып алып жүргендерін, ол оның бағаға әсерін тигізетінін айтып, шағымданды. Осыған байланысты Зәуре Талапкерқызы бұл мәселе бойынша қадағалаушы органдар мен тауар өндірушілер және сатушы кәсіпкерлер тағы бір бас қосып, оны шешудің жолын қарастыру қажеттігі туралы ұсыныс жасады.

Азық-түлік тауарларының бағасы және бағаны тұрақтандыру жағдайы бойынша облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының алға тартқан деректерін негізге алсақ, 2013 жылы өңірімізде азық-түліктің жетіспеушілігі аңғарылмады. Оған басты себептердің бірі – биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дәнді дақылдар мен көкөністі молынан егіп, одан жақсы өнім жинады. Солтүстікқазақстандықтар жылына 137 мың тонна картоп, 47 мың тонна көкөністің басқа түрлерін тұтынады десек, биылғы науқанда 500,3 мың тонна картоп пен 126 мың тонна көкөністің басқа түрлері жиналған. Облыста 2013 жылдың 11 айында 61,5 млрд. теңгенің тамақ өнімдері өндірілсе, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға жоғары. Сөйтіп, биыл өңір тұрғындары 100 пайыз азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыстан ұн, макарон өнімдері мен сүт және сүттен жасалған тауарларды сыртқы нарыққа шығару деңгейі біршама өскен. Өңір кәсіпкерлері Кеден одағы құрамындағы елдер мен шетелдерге және Қазақстанның басқа өңірлеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуда.

Облыстық Статистика департаментінің мәліметіне жүгінсек, жыл басынан бері облыс аумағындағы инфляция деңгейі 3,7 пайызды құраған. Азық-түлік өнімдері 2012 жылы 4,8 пайызға қымбаттаса, ал биылғы көрсеткіш 3,1 пайыз болған. Департамент басшысы Ольга Перепечинаның айтуы бойынша, нан және ұн өнімдері – 1,7 пайыз, кондитерлік тағамдар – 4,4 пайыз, жұмыртқа – 9 пайыз, алкогольсіз ішімдіктер – 4,9 пайыз, шай 7 пайыз қымбаттаған. Ал қарақұмықтың бағасы 19,7 пайызға түскендіктен, жалпы жарманың бағасы 12 пайызға арзандады. Департамент биылғы жылдың желтоқсан айында азық-түлік бағасының бірқатарына аз да болса өсімнің бар екендігін есептеп шығарған. Әсіресе, мал еті мен сүт өнімдерінің бағасы сәл қымбаттаған.

Қала әкімдігі мен атқарушы органдар кеңеске жиналған кәсіпкерлерді бағаның тұрақтылығын сақтауға шақырды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp