Жыл басынан бері облыс аумағында 698 өрт орын алып, соның салдарынан сомасы 311 млн. теңгеден астам сомада шығын келді. Тілсіз жау 46 адамның, соның ішінде 10 сәбидің өмірін қиды. 54 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды.
Қызылжар ауданының Соколовка ауылындағы тұрғын үйлердің бірінде шыққан өрт дәліз бен отын қоймасын күлге айналдырған. Таң ата орын алған өртте 63 жастағы үй қожайыны да көз ашпастан жан тапсырды. Оқиғаға оның мас күйде жатып, төсекте шылым шегуі себеп болған.
Облыс орталығындағы Пушкин көшесінде орналасқан доңғалақтарды жинақтау шеберханасына қосарлана салынған отын қоймасы отқа оранып, оның 62 жастағы қожайыны өртті өз бетінше ауыздамақ болған сәтте денесін күйік шалған. Болжам бойынша өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан орын алса керек.
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 32 жастағы келіншек төрт баласымен бірге үйге шырша орнатқан. Мұндайда тұңғышының жасы 12-ге, кішісі 2-ге толмаған балалардың әр қадамын бақылап отырмаса болмайды. Анасы мал жайлауға кеткен кезде 4 жастағы сәбиі өз бетінше шыршаның шамдарын жағамын деп қолына сіріңке алған. Оттың иісі бүкіл бөлмелерге тарай бастаған кезде үйге кірген анасы шыршаның жанып жатқанын көрген. Абырой болғанда, бәрі дін аман.
Мерекелік көңілкүйді бұзбас үшін үйді безендіруде жауапкершілік танытып, қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауды есте ұстаған жөн. Шыршаны безендірумен кәсіби электромонтер айналысуы керек, өйткені шыршаға көп көлемде тағылған жанғыш материалдар тым қызып кетсе немесе кішігірім ұшқын шығарса, өрт туғызуы мүмкін. Айналып тұратын шыршаларды қоюға тыйым салынады. Оларды шаммен, қолдан жасалған электр гирляндалармен безендіруге болмайды.
Соңғы үш жыл ішінде облыс аумағында Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде (25 желтоқсан – 7 қаңтар) 130 өрт орын алған, соның салдарынан 20 адам қаза тауып, 24 азамат жарақаттанды.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.