Жаңа жыл мейрамы қарсаңында мерекелік жоспарға сай облыс орталығында мұз айдындарын құю жұмыстары да қолға алынған. “Қарасай” стадионында мұз айдыны дайын болып, оған келушілердің алғашқы легі мұз бетіне шығу мүмкіндігіне ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шара барысында стадион мамандары коньки тебуге келген қала тұрғындарын мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерімен таныстырса, мұз айдынына ұйымдасқан топ болып шыққан Қазбек Байболов атындағы МБЖСМ тәрбиеленушілері коньки тебудің сан түрлі тәсілдерін көрсетті.
Үстіміздегі жылы ауа райы салдарынан мұз айдындарын құю әдеттегіден кеш басталғанымен, стадионда келушілерге арналған конькилер қазірдің өзінде сақадай сай. Ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған барлығы 218 жұп коньки бар. Жалға беру бағасы өзгеріссіз қалған. Яғни, ересектерге сағаты – 300 теңге, ал балаларға арналған конькилер – 200 теңгеден. Мұз айдыны демалушыларды бейсенбі мен жексенбі күндері аралығында қабылдайды.
Қыста қала тұрғындары бос уақыттарын тиімді әрі қызықты етіп өткізу үшін облыс бойынша – 100, ал қала ішінде 17 мұз айдыны құйылу үстінде. Олардың ең ірілері “Қарасай” және “Жастар” стадиондарында болмақ.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.