«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢ АСТЫҚТЫ ӨҢІР екендігімізді тағы бір паш еттік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

27 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша орақ науқанының және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу мақсатында облысымызда болып, ірі агроқұрылымдар басшыларымен кездесті, ауыл шаруашылығын әртараптандыру жайында келелі әңгіме қозғады. Сол жолы Мемлекет басшысы: “Солтүстік Қазақстан – республикамыздағы ең құнарлы, ең астықты өңір. Биыл да бітік астық өсіріп отырғандарыңызды жаңа ғана тікұшақ арқылы аспаннан байқадым. Бүгінгі басты міндет – өнімді ысырапсыз жинап алу керек. Өйткені, Сіздер – әлемдегі ең үздік диқандарсыздар!” – деген еді.

Солтүстікқазақстандықтар Елбасы берген бағаны абыроймен ақтап шықты. 29 қараша күні ауыл шаруашылығы жылын қорытындылауға арналған салтанатты жиналыста облыс әкімі Самат Ескендіров: “Дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,6 центнерден өнім алынып, 5 млн. тоннадан астам астық жиналды, бұл республика бойынша өндірілген өнімнің 25 пайызын құрайды. Осынау мол өнімге Ғ.Мүсірепов атындағы аудан – 1 миллион, Тайынша ауданы – 732 мың, М.Жұмабаев ауданы 658 мың тоннадан астам сапалы астықпен үлес қосты. Агроқұрылымдар арасында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Тұқым” ЖШС (басшысы – Талғат Акаев) гектар берекелілігін – 28, М.Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай” ЖШС (басшысы – Алтынбек Сапаров) – 27,6, “ЖНВ” ЖШС – (басшысы – Максим Жигалов) – 26,1, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС (басшысы – Біржан Шаймерденов) – 25, “Иван Зенченко” ЖШС (басқарушысы – Геннадий Зенченко) – 24, Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС (басшысы – Геннадий Зенченко) – 22, Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” ЖШС (басшысы – Василий Шкодин) – 21,5, Тайынша ауданындағы “Астық СТЕМ” ЖШС (басшысы – Сергей Звольский) 21,3 центнерге жеткізіп, мол астық алған диқандардың көшін бастады”, – деді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осынау толағай табысқа зор үлес қосқан 9 солтүстікқазақстандық – “Құрмет” орденімен, 8 майталман – “Ерен еңбегі үшін, 5 адам – “Шапағат” медалімен, 9 еңбеккер Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp