«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЗЕРДЕ” БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ облыстық кезеңде бақ сынады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Республикалық “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған конкурстың аудандық және қалалық кезеңдерінде жеңімпаз атанған 301 оқушы қатысты.  

Байқау жалпы білім беретін мектептердің бастауыш және орта буын (1-7-сынып) оқушыларының арасында өткізіледі. Ол үш кезеңнен тұрады. Бірінші – аудандық (қалалық), екіншісі – облыстық (іріктеу), үшінші – республикалық (қорытынды) кезеңдер.

Байқаудың облыстық кезеңіне қатысушы бастауыш сынып оқушылары әл-Фараби мектеп-лицейінде, орта буындағылар қалалық классикалық гимназияда жобаларын қорғады.  

Ғылыми-зерттеу жобалары 8 секцияда: қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, математика және информатика, физика және техника, медицина және психология, тарих, өлкетану және этномәдениет, химия және биология, экология және валеология бағыттары бойынша жұмыс істеді. Жобаны қорғаушылар реті жеребе тарту арқылы анықталды.

Қалған балалар өз кезектерін күткен кездерінде тыныштық сақталуы үшін оларға арнап бірнеше кабинетте түрлі шаралар ұйымдастырылды. Бір бөлмеде оқушылар мен олардың жетекшілері өз қолдарымен жаңажылдық шырша жасап, оны әшекейлесе, екіншісінде бейнелеу өнерінің қыр-сырына қанықты. Спорт залында балаларға арналған ойындар өткізіліп, мультфильмдер көрсетілді, асхана да жұмыс істеді. Оқушылар өздерінің қалаулары бойынша осы кабинеттерге бөлінді. Кезегі келген балаларды жобаларын қорғауға кезекшілер шақырып отырды.

Жас зерттеушілердің өз жобаларын жеке және топпен қорғауға мүмкіндіктері болды. Әр жобаны қорғауға 10 минут уақыт бөлінді.

– Республикалық “Зерде” конкурсы жыл сайын өткізіледі. Конкурсты ұйымдастырудағы мақсат бастауыш және орта буын оқушыларының зерттеушілік, өз беттерімен ізденушілік қабілеттерін дамытуға және осы жастағы балалардың зияткерлік, шығармашылық әлеуеттерін ынталандыруға бағытталған. Конкурсқа ұсынған жобалар оқушының өзіндік ізденушілігіне, шығармашылығына, сұрақтарға берген жауаптарының толықтылығына, тақырыпты ашу шеберліктеріне қарай бағаланды, – дейді облыстық Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Гүлмайда Мүсетаева.

 Жас ерекшеліктеріне қарай (1-4-сыныптар бастауыш буын және орта буын 5-7-сыныптар) әр секциядан бір жоба (барлығы 16 жоба) жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаздардан құралған команда 2014 жылы қаңтардың 25-і мен 27-сі аралығында Бурабайдағы республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығында өтетін қорытынды кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp