«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ СОЮ МӘСЕЛЕСІ сын көтермейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі мал сою алаңдарының басым көпшілігі талаптарға сай емес. Ал мал дәрігерлері облыс тұрғындары тұтынып отырған етке жалған құжат жасап беріп, заңды белден басып келген.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық прокуратураның алқа отырысында осы мәселе талқыланды.Үстіміздегі жылдың соңғы тоқсанында өткізілген прокурорлық тексеріс кезінде ветеринария туралы заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берілгені анықталған. Ол жайында облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының аға прокуроры Асылбек Қоңыратов мәлімдеді.

– Қасапханалар бола тұра облыс базарларында сатуға арналған ірі қараны жеке аулаларда сою, мал етіне жалған құжат жасау фактілері әшкереленді. Мәселен, Қанапин деген азамат қыркүйек айынан бастап жұмысын тоқтатқан Заречный ауылдық округіне қарасты “Әсем” шаруа қожалығындағы қасапханада малдың сойылғаны жайында анықтама беріп келген. Тексеріс кезінде ветеринарлық анықтамаларды құзыретті емес мекеме қызметкерлерінің де бергені белгілі болды. Сондай-ақ ешбір құжаты жоқ, таңбаланбаған ет тасымалының жолы кесілді, – деді Асылбек Қоңыратов.  

Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, мал сою алаңдары мен алаңшаларының жағдайы да сын көтермейді. Облыс аумағындағы 17 алаңның 4-еуі жұмыс істемейді. Ал қалғандарының жұмысы талаптарға сай емес. Ветеринарлық-санитарлық талаптарды өрескел бұзған 40-тан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ветеринария саласындағы бейберекетсіздік бірінші кезекте АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетiнiң СҚО аумақтық инспекциясының жұмысына сын келтірді. Облыс прокуроры Степан Зайтлер аталған ведомствоның басшысы Владимир Карабельниковке анықталған заңсыздық жұмыстың нашарлығының дәлелі екенін айтты. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдері де өңір жұртшылығын сапалы етпен қамтамасыз ету ісінен шет қалмауы тиіс. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың тіркеуінде тұрған малдардың шығыс-кірісін бақылауы керек. “Бұл мал ұрлығын азайтып, жалған құжат жасауды, малдардың тиісті алаңдарда сойылуын қадағалауды қамтамасыз етпек”, – деді Степан Зайтлер.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp