Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мамлют ауданындағы “Хуландой” ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша Елбасының бастамасымен өткізіліп келе жатқан республикалық “Парыз – 2013” байқауының “Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері” аталымында күміс жүлдеге ие болды. Осынау жағымды жаңалықты естігеннен кейін облыс орталығына жұмыс сапарымен келген серіктестік директоры Небиюла Сағындықовпен арнайы кездесіп, жыл жүлдесімен құттықтадық.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мамлют ауданына қарасты Токаревка ауылындағы Небиюла Сағындықов басқаратын “Хуландой” ЖШС-інде орақ науқаны кезінде жұмыс бабымен бір-екі рет болып, астық жинау науқанын өз көзімізбен көргеміз. Бір кездері “Новомихайловка” кеңшарының бір бөлімшесі болған шағын ауылдың тарап кетуіне жол бермей, елді айрандай ұйытып отырған агроқұрылым. Серіктестік 1999 жылы құрылған. Барлық егістік алқабы 2700 гектарды құрайды. Техникалары да жеткілікті, механикалық қырманы да, астық сақтайтын қоймалары да бар. Жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеудің арқасында жұмыс күшінен де тарыншылық көріп отырған жоқ. Агротехникалық шараларды тиімді қолданудың арқасында жыл сайын егістіктен жұрт қатарлы өнім алып келеді.
Небиюла Нұрмолдаұлының айтуына қарағанда, биыл 1860 гектар алқапқа “Омбы-35”, “Омбы-36” бидайын, 500 гектарға “Кедр” арпасын егіп, ауа райының қиын жағдайында 14,5 центнерден өнім алған. Шаруашылықтың 135 сауын сиыры мен 63 тайыншасы бар. Жүз сиырдан 95 бұзау алуға, әр сиырдан 3200 литрден сүт саууға қол жеткізіп отырған мал фермасында 11 сауыншы мен 1 бұзау өсіруші, 4 малшы тұрақты еңбек етеді. Жүз бастан асатын жылқы фермасының да жұмысы жолға қойылған. Соңғы жылдары ауыр жүк таситын ресейлік Владимир жылқыларына басымдық беріп келеді. Серіктестікте еңбек ететін жұмысшылардың жалпы саны 36 адамды құрайды, орташа айлық жалақылары 72 мың теңгенің үстінде.
Биыл серіктестік өз күшімен 3 тұрғын үй салып, аудан аумағынан 3 жас отбасын көшіріп алыпты. Ондағы мақсат – еңбеккерлер қатарына жастарды тарту.
Жергілікті тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарын жемшөппен, отынмен қажетінше қамтамасыз етіп отырған да – осы серіктестік. Орақ науқаны аяқтала сала жер үлестерін берген ауыл тұрғындарының әрқайсысына пайлары үшін 5 центнер бидай, 4,5 центнер арпа үлестірілген.
– Серіктестікте үшжақты ұжымдық шарт жасалған. Жұмыс беруші ретінде біз өз міндеттемемізді толығымен орындап келеміз. Ауылдың ардагерлері мен мүгедектеріне, аз қамтылған отбасыларына ерекше назар аударамыз. Жоғары сынып оқушыларын Новомихайловка орта мектебіне тасымалдауды, оларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді, аз қамтылған отбасының 3 баласын киіндіруді, оқу құралдарымен қамтамасыз етуді өз мойнымызға алғамыз, – дейді Небиюла Нұрмолдаұлы.
Серіктестік Мамлют аудандық ауруханасына жұмсақ жиһаз сыйлаған, интернатты күрделі жөндеуден өткізуге 1,1 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен, ауылдағы 36 отбасыға “Отау-ТВ” қондырғысын орнатып берген. Мамлютка-Становое-Новомихайловка тас жолы бойында орналасқан шағын ауыл ауызсудан тарыншылық көріп отырған жоқ, торапты су құбырын пайдаланады.
– Елдегі агроқұрылымның басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, ауылда тұрғандықтан қосалқы шаруашылықтарын дамытуға барлық жағдайды жасау. Соған орай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша ”Үздік ұжымдық шарт” аталымында “Парыз – 2013” сыйлығының күміс жүлдесін Елбасының қолынан алып отырғанымыздың өзі бізге алдағы уақытта зор міндеттер жүктейді. Сол биіктен көріне бергіміз келеді, – дейді “Хуландой” ЖШС-нің директоры Небиюла Сағындықов.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.