Облыстық әкімдіктің биылғы бір отырысында Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаровтың есебі тыңдалып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы қаралған болатын. Содан бері арада біраз уақыт өтті. Елбасы және облыс әкімі берген тапсырмалардың орындалу барысы қалай жүзеге асуда деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
– Марат Қосылұлы, бір кездері атағы жер жарған аудан бұрынғы даңқынан айрылып қалған сияқты. Әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің төмендігі соны айғақтайды. Осындай өліара кезеңде басшылыққа тағайындалдыңыз. Тығырықтан шығу жолдарын іздестіргенде қандай салалар айрықша басымдық беруді қажет етті?
– Иә, аудандар мен Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісі бойынша шалақындықтардың 3 жыл бойы көшке ілесе алмай келгені жасырын емес. 2012 жылдың қорытындысы шығарылғанда да 23 көрсеткіштің 9-ы төмен даму санатына енді. Астық өнімі төмендігінің салдарынан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі – 41,7, құрылыс – 79,7, шағын және орта бизнес саласы – 81,8, жалдамалы жұмысшылар деңгейі 89,8 пайыздан аспады. Жол, ауызсу, инвестиция тарту, демографиялық саясат, сапалы білім беру саласында да өзекті мәселелердің орын алғаны байқалды. Алдағы кезеңнің ауқымды міндеттері жан-жақты зерттеліп, ішкі мүмкіндіктер зерделенді. Сөз арасында тұрғындармен өткен есепті кездесулерде айтылған ұсыныс-тілектерге де баса назар аударылғанын айта кеткен жөн.
– Әкімдіктің сол жолғы отырысында “алтылықтан” көрінуге уәде бергеніңіз есімізде. Жыл қорытындыланып, “балапанды санайтын” шаққа да жеттік. Қазіргі жағдайды қалай сипаттар едіңіз?
– Биыл аудан халқының тұрмыс деңгейін арттыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатымен бірқатар шаралар атқарылып, бірінші жартыжылдық бойынша 4-ші сатыға көтерілдік. 9 айдың қорытындысы да осы деңгейлес.
Қоғамдық малды, негізінен, жеке адамдар өсіреді. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы құрылымдарының белсенділігі әлі төмен. Соның салдарынан 2012 жылы 17 шаруашылық бар-жоғы 649 мал әкелген. Бұл – жоспардың 26 пайызы ғана. Шыны керек, ауданда ірі тауар өндірушілер қатары өте аз. Нанасыз ба, 5 мың гектар егістігі бар шаруашылық екеу-ақ, 3 мың гектары барлар – төртеу ғана. Қалғандары егістігі 500-1000 гектардан аспайтын ұсақ фермерлер саналады. Агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беру жан-жақты қарастырылып, биыл кемі 1700 бас ірі қара малын сатып алу межеленді. Бүгінге дейін қотанға бір мыңнан астам мал қосылды. “Дүйсеке-Жер” шаруа қожалығы 52 миллион теңгеге 102 бас абердин ангус малын жеткізді. “Агро-Север” ЖШС табындарды 300 бас малмен толықтырып, репродуктор шаруашылық құруды ниет етіп отыр. Былтырдан бері аудан аумағында “ТНС – 2020” және “Степное – 2020” секілді ірі агрофирмалар жұмыс істеп келеді. Оларға барлық егістік алқаптың 43 пайызы тиесілі. Бұлармен ірі қара өсіру жөнінде ортақ мәмілеге келдік. “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде 25 кәсіпкерге 53,4 миллион теңге несие беріліп, қоғамдық мал басын көбейту бірінші кезекке қойылды.
Президент тапсырмаларының бірі – жеке кәсіпкерлікке кең қолдау көрсету, мемлекет-жекеменшік серіктестік тәсілінің тиімділігін барынша пайдалану. Қазір барлығы 1028 субъект қарамағында 3056 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері 24 нысан ашылып, 51 жаңа жұмыс орындары құрылды. “Сәнді Райымбек” ЖК тұшпара өндіру цехын іске қосса, Социал ауылында тігін цехы, Бірлік ауылында ағаш кесу цехы пайдалануға берілді. 3 жоба жүзеге асырылды. “Григорьев” ЖК 9 миллион теңгеге Еурофура сатып алды. 3D кинотеатрын ашу үшін “Ғабдуллина” ЖК-не 2,5 миллион теңге грант берілді. Техникалық байқау стансасын құруды көздеген “ЦТО Альфа” ЖШС 5 миллион теңгемен қаржыландырылды.
“ТНС – 2020” және “Степное – 2020” агроқұрылымдары 9 айда 2,2 миллиард теңге қаржы құйып, инвестиция тарту көлемін 154 пайызға жеткізді. 10 егіс кешенін, 30 комбайн сатып алып, аудан аумағына орналастырды. Жалпы аумағы 40 мың шаршы метр болатын 4 механикаландырылған қырманды қалпына келтірді.
Ауданның көрікті жерлеріне әлеуметтік нысандар тұрғызу арқылы туризм саласын өркендетуге үлкен ықылас қойылды. Атап айтқанда, петропавлдық кәсіпкерге Сергеевка су қоймасы жанынан 6 гектар жер телімі бөлініп, 3 жылға арналған бизнес-жоспар жасалды. Оған қарастырылған қаржы – 160 миллион теңге. Бұл жоба келесі жылы облыстың Индустрияландыру картасына енетін болады.
Әрине, қол жеткен табыстарға тоқмейілсуге болмайды. Алда атқарылатын шаруалар көп. Олардың бастыларының бірі облыс әкімінің мал бордақылау алаңдары мен асылтұқымды репродуктор шаруашылық құру тапсырмасын орындау болып табылады.
– Сіздің тұрғындар алдындағы алғашқы есебіңізге оралайық. Онда әлеуметтік мәселелерге байланысты айтылған ұсыныс-өтініштердің орындалатынына сендірген едіңіз. Уәдеңізде тұра алдыңыз ба?
– Жаңа қызметке 2012 жылдың 26 желтоқсанында кірістім. Екі айдан кейін жұртшылық алдында есеп беруге тура келді. Тұңғыш алқалы жиын болғандықтан, барынша мұқият дайындалуға ұмтылдым. Кездесу барысында сын пікірлер көп айтылды. Келіп түскен 70-тен астам сауалдардың дені әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге қатысты болды. Жұртшылықты сапасыз жолдар, ауызсу, денсаулық, білімге қатысты қордаланған проблемалардың толғандыратынын аңғардым.
Ұсыныс-пікірлер жинақталып, орындалуы қатаң бақылауға ұсталды. Аудан рейтингіне кері еткен факторлардың бірі балабақшалармен қамту жайы болатын. Сергеевка қаласында 140 бүлдіршін кезекте тұр екен. Аудан орталығы мектебіндегі 25 орынды шағын орталықты 100 орынға дейін кеңейте алдық. Сөйтіп, мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 83 пайыздан 92 пайызға дейін көтерілді. Мемлекет-жекеменшік серіктестік шеңберінде “Ғабдуллина” ЖК-не үш қабатты үйден иесіз қалған пәтерлер босатып берілді. Қазір жөнделу үстінде. Келесі жылы 75 орынды жекеменшік балабақша бой көтереді. Оның екі тобы жергілікті қазына есебінен қаржыландырылады. Сонда балабақша мәселесі түпкілікті шешілетін болады.
Көпшіліктің аудандық орталық аурухана ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу туралы сұранымы да қанағаттандырылды. Кір жуатын орынға – 17 миллион, флюорографиялық кабинетті жабдықтауға – 2,8 миллион, неврологиялық бөлімшені қалпына келтіруге – 11,7 миллион теңге жұмсалды. Екі медицина қызметкеріне баспана берілді.
Двойники-Ольгинка-Ақанбарақ-Ступинка-Семиполка бағыттарындағы жолдарды жөндеуге 28 миллион теңге жұмсалды. Ішкі жолдарды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 23,7 миллион теңге бөлінді. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 5 есе көп деген сөз. Алқағаш, Көктерек, Еңбек ауылдарының ауызсуға деген мұқтаждықтары шешілді. Мұның бәрі есеп беру жиынында қозғалған мәселелер болып табылады.
– Сүт кластерін дамытуды да ойластырып отыр екенсіздер. Алайда, жалғыз сүт зауыты арқылы діттеген мақсатқа жету мүмкін бе?
– Қазір ол “Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС деп аталады. Ана бір жылдары бірталай қиындықты бастан өткеріп, тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрғаны рас. Бүгінде жаңа қондырғыларды орнатудың арқасында жағдай біршама түзелді. Оның бір себебі өнімділік мөлшерін ұлғайтуға келіп тіреледі. Былтырлары күніне 8-9 тонна сүт жиналып, қазан айының аяғында кәсіпорын жарым-жартылай қуатпен ғана жұмыс істейтін. Биыл өнімділік 15-16 тоннаға дейін жетті. Ауданда 43 елді мекен болса, сүт өнімдері 80 пайыздайынан әкелінеді. Өткен жылы 42 миллион теңге қолма-қол ақша төленсе, биылғысы – 108 миллион теңге. Сатып алу бағасы да артып, әр литріне 40-45 теңгеден төленеді. Жағдай оңалғаннан кейін Ресей Жинақ банкі арқылы 65 миллион теңге несие алу мүмкіндігіне ие болды. Тұтынушыларға өнімнің екі түрі ұсынылса, келешекте айран түрлерін шығаруды межелеп отыр.
Түбі сүт кластерін құрсақ па деген ойымыз бар. 20-30 сиыр сауатын шағын қожалықтар үшін субсидия берілетін болса, табыспен жұмыс істеуге жол ашылары анық.
– Қандай мәселелер өткір күйінде тұр?
– Айлық жалақының орташа мөлшері әлі төмен. Ол 63 мың теңгеден айналса, ауыл шаруашылығында 47 мың теңгенің төңірегінде ғана. Былтыр 33 мың теңгеден айналған. Өсу серпіні бар, алайда, қанағаттануға ерте. Кемі 80 мың теңгеге жеткізудің жолдарын іздестірудеміз. Ол үшін ұжымдық еңбек келісімшарттар жасау, кәсіподақтар арқылы ықпал ету шараларын қарастырудамыз.
– Кезінде облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті “Асылхан-Агро” басшылығына қатысты қылмыстық іс жүргізіп, көптеген заңсыздықтарды анықтаған еді. Олардың бір парасы несие алу мақсатында серіктестіктің барлық мүлкі мен жер телімдерін кепілге қою туралы заңсыз шешім алғаны үшін айыпталған. Соның салдарынан ЖШС қатысушыларына 5,3 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген. Оның аяғы жер телімдері үшін пай өтемдерін төлемеуге, адамдардың жалақысыз қалып, орынды өкпереніштеріне ұласқан. Жұртшылықтың содан жүректері шайлығып қалған болу керек, “Асылхан-Агроның” орнында жұмыс істеп жатқан “ТНС – 2020” және “Степное – 2020” агрофирмаларына күмәнмен қарайтын секілді. Сіз аудан басшысы ретінде пайшылардың күдігін сейілте аласыз ба?
– Аудан 200 мың гектардан астам алқапқа астық өсірсе, жартысына жуығын “Асылхан-Агро” ЖШС-нің иеленгені рас. Соңғы жылдары мыңдаған гектар егістік жерлер игерілмегендіктен, тыңайтылмағандықтан, пайшылар үлессіз қалды. Техникалар жаңартылмады, минералдық тыңайтқыш сіңірілмеді. Ал аталмыш екі фирманың “Асылхан-Агроның” “ауыр мұрасын” қабылдап, нақты іске кіріскеніне бір жыл ғана. Соған қарамастан пайшылармен 2012 жыл үшін толық есептесті. “Степное – 2020” ЖШС 62 миллион теңгенің пайларын үлестірді. Биыл да толық есеп айырысты. Бірі – 550, екіншісі 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тек жерлерді рәсімдеу үшін ғана 75 миллион теңге жұмсады. Машина-трактор шеберханалары, қырмандар қалпына келтірілді. 1,8 миллиард теңгенің инвестициясын құйды. Крещенка ауылында наубайхана ашты. Бір бөлке нанның бағасы – 35 теңге. Әлеуметтік әріптес ретінде аудан орталығында талай жылдан бері бос тұрған спорт-сауықтыру кешенін күрделі жөндеуден өткізуге тартып жатырмыз. Бұл ғимарат оларға тиесілі болғанына қарамастан, спорт залдарын тегін беруге ықыласты. Тұрмысы төмен отбасыларды, зейнеткерлерді де үнемі қолдап отырады. “Аютас” балалар лагерін, Крещенка, Белоградов, Куприянов, Октябрь мектептерін жөндеп, құрал-жабдықтар алып берді.
Бұл – жалаң мадақтау емес, ісіне қарап бағалау! Ұсыныстарымыздың 70 пайыздайы орындалды. Алда да бірлесіп жұмыс істей беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.