Петропавл қалалық Мәдениет үйі Жаңа жыл қарсаңындағы мерекелік қойылымдардың бір апталық шеруін бастады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осы жылдың соңғы аптасында күн сайын төрт рет “Жаңа жыл оқиғасы” деген сахналанған көрініс көрсетіліп, оны қала мектептерінің бастауыш және орта буын оқушылары тамашалайды. “Жаңа жыл оқиғасын” сахналаушы – “Желкен” драма ұжымының көркемдік жетекшісі Евгения Джамелетдинова, орындаушылар – Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенттері.
Қойылымда Аязатаның асатаяғы кенеттен қолды болып, оны іздеп табудағы шым-шытырық оқиғалар баяндалады.
Сахналық көріністен соң Мәдениет үйінің фойесінде әндер мен билер енгізілген бағдарлама бойынша концерт беріледі. Балалар Аязатамен және Ақшақармен жүздесіп, викториналарға, әзіл-қалжың ойындарына, “Ойлан,тап!” сұрақ-жауап сұхбаттарына қатысады.
Бұл бағдарламаны ұйымдастырушы – Мәдениет үйі жанындағы халық драма театрының режиссері – Надежда Окунева.
– Сахналық көріністерді қызықтап, концертімізге қатысушы балалардың ықыласы зор. Мектептермен байланыс орнатып, оқушыларын концертімізге шақырдық. Алда жетім балалар үйінің тәрбиеленушілерін қарсы аламыз. Сөйтіп, біз жас көрермендерге Жаңа жыл қарсаңында осындай тарту жасауды ұйғардық, – деді Мәдениет үйі директорының орынбасары Сұлушаш Жанболатова.