Адамдардың саламатты өмір салтын ұстануы спортпен шұғылдануға байланысты. Дене қимылы, жаттығуларға бейімділік адам денсаулығын жақсартуда ешқашанда өзінің мән-маңызын жойған емес. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спортты дамытуға бағыт ұстап, республика халқына жыл сайынғы Жолдауларында осы мәселеге жан-жақты көңіл бөліп келеді.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өзге өңірлер сияқты, біздің облысымызда да спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі артып отыр. Бүгінгі таңда біздің өңірде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысушылардың қатары өсе түсуде. Соңғы көрсеткіштерге қарағанда, облысымыздың 143 мыңнан астам тұрғыны дене шынықтырып, әуесқой спортпен айналысады. Осының нәтижесінде біз республикамызда төртінші орын аламыз.
Бір атап айтарымыз, бізде ел өміріндегі түрлі мерекелердің құрметіне ең қолжетімді спорт түрлері – волейбол және шағын футбол жарыстары ұдайы өткізіліп, олар мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерінің шеберлік шыңдауына да, сонымен бірге сергек те саламатты өмір сүруіне де ықпал жасайды.
Осыған қоса бұқаралық спорттың дамуы оқушылар мен жастарды түрлі үйірмелерге тартады. Қазір мұның 40 пайызға артқаны қуантады. Балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істейтін жаттықтырушылардың көздеген мақсаты – бұқаралылықтан шеберлікке жетісу. Спортшы балалардың және жасөспірімдердің сатылап өсіп, әуелі өз мекендерінің, одан соң аудан, қала және облыс намысын қорғауға дейін шеберлік шыңдауы маңызды.
Спорттың екі бағытта дамитыны белгілі. Біріншісі біз жоғарыда атап өткен бұқаралық спорт болса, екіншісі – жоғары жетістіктер спорты. Осы орайда біздің жаттықтырушыларымыз биылғы жылы 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 35 Қазақстан Республикасының спорт шеберін даярлады. Бүгінгі таңда облыста жоғары шеберлікке қол жеткізген 528 спортшы бар. 295 адам бірнеше түрлер бойынша ұлттық құрама командаларға мүше болып, ел намысын қорғап жүр.
Келесі, 2014 жылғы ақпан айында Ресейдің Сочи қаласында кезекті қысқы Олимпиада ойындары өтетіні және оның ашылуы күн санап жақындап келе жатқаны баршаның назарында. Осы жақында ғана Олимпиаданың алауы біздің өңірімізді де шетжағалап өтті. Соған орай өңір басшысы Самат Ескендіров Омбы облысы губернаторының шақыруымен осы қаладағы алау шеруін көзбен көріп қайтты. Бұл ойындарда ел намысын қорғайтын үміткерлердің арасында біздің қысқы спортпен, соның ішінде конькимен айналысатын спортшылардың болатынын білеміз.
Конькишілеріміз Роман Креч пен Дмитрий Бабенко таяуда Астананың “Алау” айдынында өткен әлем кубогының кезекті кезеңінде жақсы өнер көрсетіп, лайықты бапта екендіктерін айғақтады. Осылар сияқты әйелдер арасында Татьяна Сокирко мен Елена Урванцева да сынға түсуге дайындалуда.
Жалпы қысқы спартакиада жайында айтар болсақ, өңір спортшыларының жетістіктері олқы емес. Командалық есепте облыс спортшылары жылдың ең маңызды жарысы – Қазақстан Республикасының спартакиадасында үшінші орын иеленді.
Енді жазғы спорт түрлері бойынша қол жеткен табыстарымызды тарқатып айтайық. Бұл орайда велоспортшыларымыздың жетістіктерін алдымен ауызға алу керек. Өйткені, Лондон Олимпиадасының алтын жүлде иесі Александр Винокуровтың ізбасарлары ел құрамасының беткеұстарлары болып, республикада топ жарды. Вадим Галеев, Олег Земляков, Кирилл Пролубников, Сергей Ремев, Тарас Воропаев, Бақтияр Қожатаев, Тілеген Майдос, Артем Захаров, Алексей Луценко. Міне,біздің мақтан тұтар топжарғандарымыз осылар. Соңғы жыл Алексей Луценко үшін өте жемісті болды. Ол андерлер арасында Әлем жеңімпазы атағын иеленді.
Ал, жыл соңына таман халықаралық дәрежедегі спорт шебері А. Захаровтың жұлдызы жанды. Ол 2013 жылғы 7-10 наурыз аралығында Үндістанда өткен Азия чемпионатында велоспорттың трек түрі бойынша Қазақстанның намысын қорғап, елімізге алтын алқаны тарту етсе, 1-4 қазан аралығында Тайландта Азия кубогы сарапқа салынған додада алдына қара түсірмей, құрлықтың үздігі болып оралды.
Осы таяуда ғана Мексикада омнимум бойынша жарыста біздің велошабандозымыз дүниежүзінің көптеген озықтарын артта қалдырып, олжалы болды. Оған бұл жолы әлем чемпионатының қола алқасы бұйырды.
Біздің орынды мақтан етуге тұрарлық жерлестеріміздің ішінен, әрине, алдымен жеңіл атлетші Маргарита Мукашеваны бөле-жара айту артық емес. Ол бұдан бұрын бүкілқазақстандық жазғы ауыл спортшыларының спартакиадасында 800 метрге жүгіруде алдына жан салмағаны есімізде. Ал биыл Қазан қаласында өткен ХVІІ жазғы Универсиадада 9 шілде күні осы қашықтықта алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды желбіретіп, Гимнімізді шырқатты. Оның құрамаға мүше әріптесі Евгений Эктов үш дүркін секіруде үшінші орын алды.
Біздің гір көтерушілеріміздің атағы елімізге ғана емес, алыс және жақын шет елдердің спортшыларына да әйгілі. Атап айтқанда, 13-15 сәуір күндері Ташкент қаласында әлем чемпионаты өтіп, осы дүбірлі сынақта ел құрамасының сапында 80 килограмм салмақта Қазақстанның абыройын асқақтатқан Михаил Косинов күміс жүлдеге қол жеткізсе, осы салмақта ардагерлер арасында Дмитрий Акишин жеңіс тұғырының ең биік баспалдағына көтерілді.
Ал Еуропа чемпионатына қатысқан жерлестерміз тіпті де ерледі: тоғыз алқаны қоржынға салған оларды еліміз мақтан етті. Атап айтқанда, Ирландияның Вексфорд қаласында Виталий Диденко екі күміс, бір қола алқа алса, Владислав Третьяков, Алексей Горбаченко және Андрей Глывяк екі-екіден күміс алқа тағынды.
24-28 маусым аралығында Ташкентте Азияның мықты армрестлингшілері қол күресінде күш сынасып, екі солтүстікқазақстандық білекті жерлесіміз Алексей Баталов пен Виктория Фролова жүлденің ең ардақтысын қанжығаға байлап қайтты.
Түбінде біздің өңіріміздің де ауыр атлетшілері Қазақстанның абыройын асқақтатуға үлес қосады деген үмітіміз де жоқ емес. Мысалы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Айдар Қазов Азия чемпионатында жас жігіттер арасында бір алтын жүлде алса, оған екі қола алқаны да қосарлап оралды.
Өңіріміз шығыс жекпе-жетерін дамытуда соңғы жылдары елімізде алдыңғы қатардан көріне бастады. Оған жас талапкерлер мен бұлардың бапкерлері айтарлықтай үлес қосып жүргені түсінікті. Осы орайда Александр Поляков пен Илья Хванның жетістіктерін айтуға тиіспіз. Бұлар 15-24 шілде күндері Болгарияда таэквондо бойынша әлем чемпионатында ойдағыдай өнер көрсетті. А. Поляков жеке сынақта жеңіске жетті де, әріптесі И. Хванмен бірге жұптасып айқасқанда жоғары шеберлік көрсеткені үшін екеуі де күміс жүлдені еншіледі.
Жастарымыз ересектердің жеңісті жолдарына түсіп, көк байрақты желбіретіп жүргені қай-қайсымызды да қуанышқа бөлейді. Осы орайда жас былғары қолғап шебері, “Бокс” балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірті Азат Елубаевқа ризалығымызды ерекше атап айтуға болады. Ол Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Ал содан кейін Азия чемпионатында күміс алқаның иесі атанды.
Күрестің грек-рим түрімен айналысатын Ақан Баймағамбетов Сингапурде өткен тұңғыш жастар Олимпиадасында қола алқаны елге тарту еткен күнді ұмыта қойған жоқпыз. Ал, биыл ол Болгариядағы әлем чемпионатында осы жетістігін тағы да қайталады.
13-16 маусым күндері Тайландта осы күрес бойынша Азия елдерінің жастары сынға түсті. Қазақстанның үкілеп қосқан үміткерінің бірі жерлесіміз Данияр Қаленов еді. Арғы ата-тегінде “Қален балуан” атанған атақты күш иесі барын айғақтаған ұрпағы қола жүлдені тағынып оралды.
Қазіргі уақытта қыздар да күресіп, бұл спорт түрі Олимпиада ойындарының бағдарламасынан орын алғаны белгілі. Бұл ретте “Бізде балуан бір қыз бар!” деп мақтануымызға болады. Осы айтқанымыздай, Мария Зуева Моңғолияда әйелдер арасында өткен Азия чемпионатында боз кілемде белдесіп, елімізге үшінші жүлдені сыйлады.
Кикбоксшымыз Азамат Нұрпейісовтің атына өзіміз де, өзгелер де қанық. Оның өнерін Түркиядағы әлем чемпионатын тамашалағандар лайықты бағалады: күміс жүлделі жерлесіміз осындай абыройға бөленді.
Мүгедек спортшыларымызға жарыстардың жолы ашық. Олар соған орай лайықты өнер көрсетіп те жүр. Мысалы, жүзгіш Владимир Эрман мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасындағы Дүниежүзілік ойындарға қатысты. Голландияның Стадсканал қаласында паралимпиадашылардың сынағында жеңіске жеткен жерлесімізді қалай мақтасақ та болады.
Біз Тәуелсіздік күнінің қарсаңыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін орден,медальмен марапаттаған өңір азаматтарының ішінде әйгілі спортшыларымыздың болғанына қуанамыз. “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған Маргарита Мукашева мен Владимир Эрманның, “Шапағат” медалін алған мүгедек спортшы, жеңіл атлетші Сергей Харламовтың спорттағы жетістіктері лайықты бағаланғанын, олардың бұл жеңістері тұстастарына да, ізбасарларына да айтарлықтай өнеге болып жүргенін атап айту парызымыз.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, алдағы жылы Сочидегі Олимпиада ойындарында ел құрамасына мүше болып жүрген жерлестеріміз абыройға бөленіп, көк байрағымызды желбіретуін тілейміз. Одан әріде 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарында да олар ел мерейінің асқақтауына үлес қосатынына сенімдіміз.
СУРЕТТЕ: Дмитрий Бабенко.