Баршамыздың Жаңа жылдан жақсылық күтетініміз рас. Кірер жылдың “иесiнiң” қасиеттерiн жақсы ырымға балап, бұрынғы айтулы оқиғалардың несiмен есте қалғанын өзiмiзше талдап, алдағы уақытқа болжам жасауға ұмтыламыз. Көптеген көріпкелдердің сөзіне сенсек, биылғы Жылқы жылы қазақ халқы үшін табысты болмақ. Осыған орай жұрт арасында “Жылқы жылынан не күтесіз?” деген сауал тастап, мынадай жауаптар алдық.
Гүлмайра Кенжеболатова, облыстық прокуратура аппаратының бас маманы:
– Жаңа жыл бәрімізге жақсылық, табыс әкелсін деп тілеймін. Жылқы жылы халқымызға қолайлы болады деген сенімдемін. Жылқы табиғатынан иесіне берілген, сенімді, төзімді мал ретінде танылған ғой. Сондықтан да келе жатқан жыл да барша қазақстандықтарға бейбіт уақыт ретінде есте қалып, бақ-дәулетімізді арттыратын оқиғалар көп болады деген ойдамын. Жаңа жылда жерлестеріме зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларына амандық, елімізге бейбіт өмір мен тұрақтылық тілеймін. Жаңа 2014 жылы, Алла қаласа, үлкен ұлым Азат әскерден келеді. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген баламның ортамызға аман-есен оралуын тілеймін. Әрі бұл жылы анам Шәмар Қуандыққызының өлеңдер жинағын жарыққа шығаруды мақсат қойып отырмын.
Данара Қосманова, “Кар-Тел” ЖШС-нің корпоративті клиенттерімен жұмыс жөніндегі аға маманы:
– Есен-саулығын “Малжан аман ба?” деп бастайтын қазақ үшін жылқы малының орны бөлек. Жылқы десек, әрине, ең алдымен қазы мен қымыз көз алдымызға келетін болса керек. Өйткені, қазы мен қымыздың дәмділігі тіл үйіреді. Оны біз – қазақтар түгілі, шетелдіктер де жақсы біледі. Қазақты мақтағысы келген жатжұрттық бірінші кезекте оның дарқан пейілін, кең дастарқанын, тіл үйірген қазысы мен қымызын мақтайды. Жуырда облыс орталығына қонаққа келген бір шетелдік досыма да қазы мен қымыздан дәм татырдым. Ол қазақтардың бай дәстүріне, салтына тамсанып кетті. Мені де келесі жылы өз еліне қонаққа шақырып кетті. Жылқы жылы кезекті еңбек демалысына шыққан соң ұлым Сұлтанмен бірге досымның еліне – Үндістанға баруды жоспарлап отырмын.
Жылқы жылында еліміздің халықаралық аренадағы абыройы артып, бізді танитын елдер қатары қалыңдай түседі деген үміттемін.
Галина Пехотина, “Медиация орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Жылқы жылында еліміз сәйгүліктей өзге мемлекеттерден оза шабуын тілеймін. Осындай бейбіт заманды бағалай білейік! Адамдар арасында дау туындаса, жанжалға ұласпасын. Біздің мекеме қызметкерлері кез келген адамға қол ұшын беріп, қолдау көрсетуге әр кез дайын.
2014 жылдан еліміздің медиация саласына қатысты жағымды жаңалықтарды күтеміз. Үстіміздегі жылдың қараша айында өткен ел судьяларының VI съезінде Елбасы медиация институтын дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай алдағы уақытта сотқа дейінгі дауларды реттеуге ықпалдасатын көптен күткен заң актісі қабылданып, мемлекет медиация саласын қанатының астына алса, нұр үстіне нұр болар еді.