Қала орталығында осыдан үш жыл бұрын “Аялы алақан” атты әлеуметтік дүкен ашылған болатын. Басқа дүкендерге қарағанда оның өзіне тән бір ерекшелігі бар. Яғни, бұл жерде барлығы тегін беріледі. Тек қалауыңыз бойынша шетінен таңдап ала беріңіз. Әрине, заттар ұсталған, бірақ жаңасынан ешбір айырмашылығы жоқ екенін айтып өткіміз де келеді. Аталмыш дүкеннің бүгінгі аяқ алысы қандай екендігі жайында мәлімет алу үшін облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиевадан сұхбат алдық.
– Бақытжан Мағжанқызы, “Аялы алақан” дүкенінің ашылғанына үш жыл өтсе де, саны жағынан көбеймей тұр, оның себебі қандай?
– Сұрағыңыз орынды. Бұл дүкен көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға көмек беру мақсатында ашылған. Бүгін оның жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Бірақ, Сіз айтқандай, сан жағынан алғанда ілгері басушылық байқалмай тұр. Бұл жерде мен тек облыс орталығын ғана тілге тиек етіп отырмын. Ал аудандарда бұл мәселе шешімін тауып келеді. Алдағы уақытта қаланың шеткі аудандарынан ашамыз ба деген ойымыз бар. Оны енді уақыт көрсетеді.
– Аудандарды да айтып өттіңіз, осыған нақтырақ тоқталып өтсеңіз.
– Елді мекендерде көпбалалы аналар аз емес қой. Соларға да бір пайдасы тиіп қалса, жақсы болар еді деген оймен аудандарда да осындай дүкендерді ашуды қолға алдық. Қазірдің өзінде Благовещенка (Жамбыл ауданы), Соколовка, Бескөл (Қызылжар ауданы), Новоишимка (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) ауылдарында ашылды. Бұл жерде Шәкен Әбиева (Жамбыл ауданы), Әлия Қаражігітова (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) сияқты белсенді жандарды ерекше айтып өткім келеді. Олар біздің бастауымызды қолдап, дүкен ашқан кезде жақсы көмектесті. Осындай қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын адамдар көп болса, игі шаралардың нәтижесі де ойдағыдай болар еді. Қазір көпбалалы аналар саны көбейіп келеді. Бұл – қуанатын жайт. Бірақ мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектермен шектеліп қалуға болмайды ғой. Көпшілік болып, қолдан келген жақсылықты жасауға тырысу керек.
– Дүкеннің жұмысы, оған тіркелудің тәртібі, жалпы бүгінгі таңда облыс бойынша қанша отбасына көмек көрсетіп отырсыздар, сол жайында мәлімет берсеңіз?
– Жұмыс белгіленген уақыт бойынша жүргізіледі. Дүкенге көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасылар келіп, тиісті құжаттарын тапсырып, көмегін пайдалануға болады. Мұнда барлығы тегін. Киім-кешек, жиһаз, аяқкиім, тіпті, ойыншықтар да бар. Игі шараға атсалысып, өз көмектерін көрсетіп жүрген адамдар да аз емес. Қолы ашық жандардың арқасында дүкен іші дүниеге толып тұр. Кейбір азаматтардың небір заттарын әкелуге мүмкіндіктері болмай жатады. Ондай кездерде біздің адамдардың өздері барып, алып келеді. Бұл да ыңғайлы. Заттар дүкен ішінде шаң басып жатып қалмайды. Оларды отбасыларға бөліп, кей кездерде осындай дүкендер жоқ аудандарға да жіберіліп тұрады. Одан кейін ауданнан ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасыларға да беріледі. Міне, осылайша жақсылық жалғаса береді. Өзіңіз ойлап қараңыз, бір отбасында алты, жеті бала болса, ата-анасының тапқан ақшасы айтарлықтай көп болмаса, балаларды киіндіру оңай шаруа емес қой. Осындай кезде біздің көмекке жүгінсе, несі айып? Келсін, шамамыз келгенше көмектесеміз. Қазірдің өзінде облыс бойынша мыңдаған адамға шарапатымыз тиіп отыр. Оны нақтылап тізіммен айту қиын. Бір білеріміз, келіп, тегін дүние алатын аналар саны күн сайын көбейіп келеді. Олай болса, жұмысымызда алға басушылық бар деген сөз деп ойлаймын.
– Дүкеннің жұмысын Сіз қадағалап отырасыз, ал кім жүзеге асырады?
– “Қызылжар аналары” қоғамдық қоры бізбен тығыз жұмыс істейді. Қордың төрайымы Галина Сапко – осы жұмыстың тікелей басықасында жүрген адам. Бұл қор 35 көпбалалы отбасының басын біріктіреді. Балалы үйдің тыныс-тіршілігін бір адамдай білетін аналар бірігіп, өздеріне қатысты түрлі мәселелерді қолдарынан келгенше шешеді. Өздері сияқты аналардың дүкенге келуіне ықпал етеді. Төрт-бес баласы бар кейбір аналар келуге ұялады, не болмаса әлі естімей, білмей жүргендері бар. Ал кейбіреулері тегін беріледі дегенге сенбейтін де сияқты. Сапа жағынан да көңілден шығады. Балаларға ғана емес, үлкендерге, тіпті, қарт адамдарға да таңдап жүріп, өзіне келетін киімді алуға болады. Жалпы аталмыш қордың мүшелері қала, облыс бойынша ұйымдастырылатын түрлі сайыстарға, көрмелерге де үнемі қатысып отырады. Олардың ішінде өнерлі жандар аз емес. Аналар да, ұл-қыздар да сурет, ою-өрнек салудан, киім тігуден, түрлі әшекей бұйымдар жасаудан кенде емес. Сондықтан бұл жағынан алғанда өнерлі адамдардың бірлесе жұмыс істеуіне “Аялы алақан” дүкенінің де өзіндік бір септігі тиді десе болады.
– Осы бағыттағы жұмыс бойынша жыл қорытындысына көңіліңіз тола ма? Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Дүкендердің саны жағына келер болсақ, әлі бәрі ойдағыдай деп айту қиын. Себебі, мұндай дүкендерді ауданда да, облыс орталығында да көптеп ашу керек. Бүгінде алға қойып отырған мақсатымыз да осы. Қоғам болып бірлессек, алдағы уақытта жақсы көрсеткіштерге де қол жеткіземіз деген үміттеміз. Ал жыл қорытындысына келер болсақ, істелген жұмыстар аз емес, әрине. Ең бастысы – ана мен балаға қолдан келгенше қамқорлық жасап отырмыз. Жүздеріне жылылық ұялаған жүздеген баланы көргенде қалайша көңілің толқымайды?! Жүздеген дейміз-ау, бір баланың басынан сипап, жақсылық жасасақ, мұның өзі үлкен сауап емес пе?! Жалпы Іскер әйелдер қауымдастығы бұдан басқа да көптеген қайырымдылық іс-шаралармен айналысып келеді. Бірақ бұл басқа әңгіме…
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.