Жексенбі күні Петропавл қаласының жұртшылығы Пестрое көлінің жағалауындағы “Солтүстік жұлдызы” стеласының маңына жиналды. Онда облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мен қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен “Тұлпарлар байқауы” өтті. Оны көпшілікпен бірге облыс әкімі Самат Ескендіров те тамашалады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жарыс алдында Ат спорты түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қазақтың дәстүрлі “Қыз қуу”, “Теңге алу”, “Аударыспақ” сияқты ұлттық ойындарын көрсетті.
“Тұлпарлар байқауы” басталмас бұрын жеткен Аяз ата мен Ақшақар сайыс көрігін қыздырып әкетті. Олардың соңынан астықты өңірдің қамбаға құйып алған 5,2 млн. тонна сары алтынын бума-бума масақ етіп түйіп, шанаға тиеп алған петропавлдықтар да жетті. “Тұлпарлар байқауына” 9 ауданның сайыскерлері қатысты. Аттары мен шаналарын барынша әшекейлеп, баптап әкелген аудандар қазылар алдынан кезекпен өтіп, сахнада өз өнерлерін көрсетті. Байқауды бастаған Тайынша, Қызылжар аудандары өздерінің жетістіктерін әнмен, өлеңмен жеткізді.
Аққайыңдықтар жаңажылдық құттықтаулары мен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістерін частушкалармен баяндады. Олар көпұлтты облыс тұрғындарын бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруге шақыра отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның саясатын өңірімізде бұлжытпай жүзеге асырып отырған облыс әкімі Самат Ескендіровке алғыстарын да әнмен жеткізді. Биылғыдай молшылық жылында дағдарыстан да сүрінбей өтеміз, сүтті де, етті де молынан береміз деп жырлаған олар жұртты мәз қылды.
Айыртау ауданы Шалқар мен Имантау сияқты табиғаты әсем жерлерін, Айғаным қонысы мен Ботай қорымын, Ағынтай мен Қарасай кесенесін мақтан етсе, Тимирязев ауданы “Ақбидай – 2013” ойынында бірінші орын алғанын, ауданның 50 жылдығы өткенінен де хабардар етті.
Бұл аудан басқалардан ерекшеленіп, күймемен жетті. Өңірімізде ең көп астық жинаған Ғ. Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев аудандарының өнерпаздары жаңажылдық қойылым қойып, қыстың суығында тоңып тұрған ересектерге ойын ойнатып, көңілдерін көтерді. Мағжандықтар үш тұлпарды қатар жегіп шықты. “Тұлпарлар байқауын” тамашалауға келгендерді облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады:
– Сіздерді келе жатқан Жылқы жылымен құттықтаймын! Жаңа жылымыз берекелі болсын, әр отбасыға қуаныш әкелсін! Мерекені ұйымдастырып, өткізген облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мен қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлеріне рахмет! – деді Самат Ескендіров.
“Тұлпарлар байқауы” мәресіне жетті. Қазылардың шешімімен ІІІ дәрежелі диплом және 200 мың теңгенің сертификаты Қызылжар ауданына берілді. ІІ орын мен 300 мың теңгенің сертификаты Тимирязев ауданына бұйырса, І дәрежелі диплом және 500 мың теңгенің сертификатына Мағжан Жұмабаев ауданы ие болды.
Шара соңы жаңажылдық отшашумен аяқталды.