«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТ СПОРТЫНЫҢ БЕС ТҮРІ Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үйретіледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабамыздан Қамбар ата тұқымының қадір-қасиеті “жесең – тіске, жемесең – түске кіретін” етімен, ішсең тілді үйіретін бал қымызымен, “құлыным!”, “құлыншағым!” деген жүректі жылытатын лебізбен ғана емес, ұлттық болмысымызды танытып тұратын “Қыз қуу”, “Теңге алу”, “Аударыспақ”, “Көкпар”, ”бәйге” сияқты ат спорты түрлерімен де мирас болып қалған. Еліміз егемендік алғалы ұлттық спорттың осы түрлеріне ерекше назар аударылып келеді. Оны “Қызылжар” ипподромы жанындағы ат спорты түрлерін дамытуға арналған Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тыныс-тіршілігінен де байқауға болады.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Біздің ат спорты мектебіміз 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ақжар, Айыртау, Тайынша және Уәлиханов аудандарында филиалдарымыз бар. Онда ұлттық ат спортының “қыз қуу”, “теңге алу”, “аударыспақ”, “көкпар”, “бәйге” сияқты бес түріне 175 бала мен жасөспірім тартылған, – дейді аталмыш мекемені құрылған күнінен бері басқарып келе жатқан Сабыржан Әбілтаев.

“Қызылжар” ипподромында балалар мен жасөспірімдердің ұлттық ат спортымен алаңсыз айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи атқорада мектепке тиесілі қазақтың жабы, орыстың желісті, ағылшынның таза қанды жылқысы сияқты 20 ат бапталады. Мектепте Санат Есмағұлов, Ирина Каратаева, Ольга Патошкина сияқты бапкер-ұстаздар еңбек етеді.

– Ат спорты мектебі ашылғаннан бері 12 спорт шеберлігіне кандидат әзірленді. Ақжар ауданындағы “теңге алудан” 2-санатты бапкер-ұстаз Қайрат Тілеужановты, Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөлдегі бүкіл республикамызға әйгілі ағайынды Махатовтарды ерекше атап айтқым келеді. Олардан үйренген шәкірттеріміз Қызылжар өңірінің намысын абыроймен қорғайтындығына сенімім мол, – дейді БЖСМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Әшімова. Айжан Асхатқызының айтуына қарағанда, “көкпарға” – 24, “қыз қууға” – 17, “аударыспаққа” – 80, “теңге алуға” – 10, атжарыс түрлеріне 44 оқушы тартылған. Олардың 70 пайыздайы қазақ балалары екен. Тәрбиеленушілерді облыс орталығы мен Бескөл ауылының оқушылары құрайды. Мектептің оқу-жаттығу жұмысына 12 бапкер-ұстаз басшылық етеді.

Соңғы жылдары “Қызылжар” ипподромында ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық спартакиада, атжарыс маусымының ашылуы мен жабылуына арналған шаралар үзбей өткізіліп келеді. Оған Балалар мен жасөспірімдер мектебінің шабандоздары да белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атжарыс маусымының ашылуында Светлана Крылова “жорға жарыста” 3-ші нәтиже көрсетсе, атжарыс маусымының жабылуына арналған байрақты додада Фархат Жайлиев “аламан бәйгеге” қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді, ал Әділ Азбаев 2-ші орын алды, “жорға жарыста” Анна Тимошенко көш бастады. Ұлттық спорт түрлерінен өткен облыстық спартакиадада “құнан бәйгеде” Жалғас Төлеубай – бірінші, “топ бәйгеде” Уәлихан Жұнысов, “ұшқыр бәйгеде” Фархат Жайлиев – екінші, “жорға жарыста” Светлана Крылова үшінші нәтиже көрсетті. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері арасында өткен жарыста “жорға жарысқа” қатысқан Татьяна Коротаева мен Анна Тимошенко жүлделі орындарға көтерілді. Абылай ханның 300 жылдығына арналған ат спорты жарысында Анна Тимошенко жорғасымен жүлделі үшінші орынды еншіледі.

– Биыл Тараз қаласында өткен республикалық жасөспірімдер чемпионатына ат спортының “қыз қуу”, “теңге алу”, “аударыспақ”, “көкпар” сияқты түрлеріне қатысып қайттық. Тәжірибеміз әлі аз болғандықтан, онда мақтана аларлықтай нәтиже көрсете қойғамыз жоқ. Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. “Теңге алуда” Ардақ Атабаев – төртінші, “қыз қууда” Фархат Жайлиев пен Татьяна Коротаева бесінші орын алды. Жұмыс істей бастағанымызға бес жыл ғана болған біз үшін бұл – әжептәуір жетістік. Үстіміздегі жылы тәрбиеленушіміз Алена Каменева мен бапкер-ұстаз Санат Есмағұлов “қыз қуудан” спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындағанын да мақтан етеміз. Осындай қуанышты алдағы Жылқы жылы еселей түсу үшін бүкіл ұжымымыз болып білек сыбана еңбек етіп жатырмыз, – дейді Сабыржан Әбілтаев.

Суреттерді түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp