Ақ-қайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС биыл да гектар берекелілігін 25 центнерге жеткізіп, облыстың көшбасшы агроқұрылымдарының қатарынан көрінді. Серіктестік егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқандығымен де ерекшеленеді. Аталмыш шаруашылықтың директоры, “Құрмет” орденінің, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Біржан Шаймерденов іскер басшы ғана емес, қазақтың бәйге десе делебесін қоздыратын асылтұқымды жылқыларын ұстап, Қызылжар өңірінің атын республика көлемінде шығарып жүрген атбегі де. Жеті қазынаның бірі – жылқы жылына орай Біржан Әбділманұлына арнайы жолығып, сәйгүліктері жайлы сөз қозғаған едік.
– Біржан Әбділманұлы, атбегілік негізгі ісіңізге кедергі келтірмей ме?
– Ауылдың баласымыз ғой. Жылқыны сүюім – қанға сіңген қасиет. “Баласы бәйгеге шапса, әкесі тақымын қысып отырады” дегенді естіп те, көріп те өстік. Содан тәлім-тәрбие алдық. Қотандағы қазақы жабы жылқыларға мініп, жас күнімізде жарыса беретінбіз. Заман ағымы, әрі республика көлемінде жандана бастаған ат спорты басқаша қадам жасауыма себепкер болды. Тек жаратылған, бапталған асылтұқымды жылқы ғана көмбеге дара жететініне көзім жетті. Кім жеңілгенді ұнатады дейсің?! Сондықтан 1996 жылдан бастап бәйге аттарын ұстауға ден қоя бастадым. Жылқыға әуестік шаруашылыққа кедергі келтірмейді деп нық айта аламын. Қосалқы шаруашылық өзін толығымен ақтап отыр.
– Асылтұқымды жылқылардың басын қалай құрадыңыз?
– Бәйге аттарын ұстауды ниет еткеннен бері Жамбыл облысындағы Мерке ауданына қарасты “Луговой” асылтұқымды жылқы зауытымен тығыз байланыс жасап келемін. Алғашқы “Бақторы”, Есіл” атауын берген, бүгінге дейін шаң қауып, артта қалып көрмеген “Айман” да – осы зауыттың сәйгүліктері. Осы уақытқа дейін додаға қосқан жылқыларымыз республикалық, халықаралық және облысаралық жарыстарда ақшалай және заттай сыйлықтарды есептемегенде 30-дан астам автокөлік ұтыпты, оның 13-і – кезінде 5 мың долларға сатып алған “Айманның” еншісінде. Туған апамның есімімен атаған осы “Айман” 2011 жылы Алматы қаласында өткен 21 шақырымдық топ бәйгеде 70 атты артқа тастап, ҚР Президентінің кубогын, “Нұр Отан” партиясы ұйымдастырған халықаралық жарыстың бас жүлдесін 17 шақырымдық топ бәйгеде жеңіп алды.
– Жарыс аттары ерекше күтімді және баптауды қажет ететіні белгілі. Осы жағы Сіздерде қалай шешілген?
– Осыдан 10 жыл бұрын Қызылжар ипподромы жанынан 1 гектар жер алып, 30 шақты жылқыға арналған заманауи атқора салғамыз. Онда қазір 16 сәйгүлігіміз күтіліп жатыр. Жылқышыларымыздың аталмыш шаруашылықта тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылдан бері ат спорты жарыстарына қатысқамыз жоқ. Таяуда, биылғы қараша айының аяғында, Еуропа елдерін аралап, Италиядан 6 жылқы сатып әкелдім. Ішінде асылтұқымды айғыр да бар. Өзіміздің Дайындық ауылында асылтұқымды қара малдан басқа 130 жабы жылқымыз бағылады. Жаз айларында бие байлап, шаруашылық қажеті үшін қымыз әзірлейміз, қазақы дәстүрмен етін пайдаланамыз.
Біздің осыған дейінгі ат жарыстарындағы бәсекелестеріміз: “Бәйгенің алдын бермейтін “Айман” өліп қалыпты. Енді құнан және топ бәйгеге қысылмай-ақ түсуімізге болады”, – деп өсек таратып жатқан көрінеді. Алдағы жылы “Айман” мен басқа сәйгүліктерді де құнан, топ бәйгеден бастап, аламанға да қосуды ойластырып отырмыз. Таяуда бапталатын жылқыларды Жамбыл облысындағы Мерке ауданына апарып, 3-4 айлық әзірліктен өткіземіз.
– Соншама қашық жерді таңдауыңызға не себеп?
– Бәйге аттарының бас бапкері – меркелік Мұратхан Шөпшекбаев. Сондағы ат спорты мектебінің түлегі. Білікті маман. Бізде 6 жылдан бері үзіліссіз бапкерлікпен айналысып келеді. Сол жігіттің айтуымен оған өз көзім де жетті, Мерке ауданындағы тауда жаттыққан сәйгүліктің бәсекелі додаларда “екінші тынысы” ашылатындығын іс жүзінде көріп келемін. Жарыс аттарымыз жылда сонда бапталады. Шабандоздарды да сондағы ат спорты мектебінен алып жүрміз. Олар бәйге кезіндегі бәсекелі қиындықтарды бастарынан өткергендігімен, төзімділігімен және сезімталдығымен ерекшеленеді. Ат құлағында ойнап өскен балалар жарыс жолына қосатын тұлпардың қалай шабатындығын жандүниелерімен түйсінеді, соған орай әрекет етеді. Мысалы, “Айманның” түзу жүрмей, тұяғына серпінді күш беретін жерді “таңдап” шабатындығын алғашында бас бапкеріміз Мұратханның айтуымен білсем, кейін оны өзім де байқадым.
– Сіз биыл облыста алғашқы болып “Тіл меценаты” атандыңыз. Оның да өзіндік себебі бар шығар?
– Облысымызда болып жатқан игілікті шаралардан шет қалып көрген жоқпыз. Есіл ауданының Бұлақ ауылы жанында бой көтерген Құлсары әулиенің мазары құрылысына, өткен жылы өткізілген І республикалық “Мағжан көктемі” өнер фестиваліне мүмкіндігімізге қарай қаржылай көмек көрсеттік. Бәйгеде ұтқан екі машинаны кезінде Дайындық және Власовка мектептеріне сыйға тартқамыз. Бес-алты машина шаруашылықтың механизаторларына берілді. Демеушілік жасау алдағы уақытта да жалғаса береді.
– Жаңа жылдан әуесқой атбегі ретінде не күтесіз?
– Додалы жарыстардың көшін бастап жүрген “Айман” мен биыл үйірге қосылып отырған италиялық сәйгүліктерді келе жатқан Жылқы жылы құнан, топ және аламан бәйгелердің жеңімпазы ретінде көргіміз келеді. Қызылжар өңірінің атын солар шығарса екен деймін. Сол үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап жатырмыз. Жаңа жылымыз атам қазақ айтқандай, жұтсыз болып, бәрімізге де жақсылық әкелсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Б.Шаймерденов пен “Айман”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.