“Жеңіс” спорт кешенінде “Ашық есік күні” өтті. Бұл күні қонаққа келген 40 оқушымен мектеп басшылығы кездесіп, экскурсия ұйымдастырды.
Құрылғанына отыз жылдай уақыт өткен “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Виктор Лаврик оқушыларға мектепте жуырда ашылған спорттық даңқ мұражайын таныстырып өтті. Мұражай спорт мектебі тәрбиеленушілерінің облыста ғана емес, ел деңгейіндегі және халықаралық дәрежедегі сайыстарда олжалаған кубоктары мен түрлі дәрежедегі алқаларға толы. Экскурсия осы марапаттарды тамашалаудан басталды.
Содан соң оқушылар бокс, күрес, баскетбол, гимнастика сынды түрлі спорттық үйірмелердің жұмыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Спорт мектебіндегі семсерлесу, бокс, ойын және күрес залдарын аралап, мол мағлұмат алды. Спортқа қызығушылығы оянғандар өзінің жанына жақын спорт түрін таңдап, экскурсиядан кейін үйірмелердің біріне жазыламын деп шешкендер де болды.
Шара барысында жас гимнасшылар қонақтарға өнерлерін көрсетсе, жеңілатлетшілер спорттағы жетістіктерімен бөлісті. Ал мектеп психологі балғындарға есірткі мен алкогольдік ішімдіктер, темекінің зияндығы жайында әңгіме қозғады.
Келушілер өздерін толғантып жүрген кейбір мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлық жауап алды.