«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КЕДЕЙСІЗ АУМАҚ” ҚҰРУҒА ҰМТЫЛЫС нәтижесінде 91 ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік жылдары қоғамның әлеуметтік саласында мемлекеттік бағдарламалардың арқасында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп, мүгедектердің, қарттардың және аз қамтылған азаматтардың өмір сүру сапасы жақсарды. 

Асқар САҚЫПКЕРЕЕВ,

облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Еңбек нарығындағы белсенді саясаттың жүргізілуі өнімді жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықтың деңгейін төмендетіп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді тұрғындардың 14,6 пайызын құрады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 3 есе қысқарды. 2013 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздардың жалпы саны 17,45 мың адамды құрайды немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 5 пайызы. Бұған облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының өтінімдері бойынша тұрақты жұмыс орнына және квоталық жұмыс орындарына орналастыруға, қоғамдық жұмыс көлемін кеңейтуге, тұрғындардың мақсатты тобы үшін әлеуметтік жұмыс орнын ашуға бағытталған шаралардың септігі зор болды. Жалдамалы жұмысшылардың саны да артты. 1999 жылдан 2013 жылдың 3 тоқсаны аралығында жалдамалы жұмысшылардың саны 52,3 мың адамға артты. Өкілетті органдарда тіркелген жұмыссыздар саны қысқарып, 1,4 мың адамды құрады. Тұрғындарды жұмыспен қамту саясаты аймақтарды дамыту және “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда.

Жұмыссыздардың әлеуетін көтеретін осындай жағдай жасалып жатқанда кедейшілік деңгейін төмендету де оңайырақ. Облыста масылдықты жою үшін аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтудың белсенді түріне тартып, өз бетімен кедейшіліктен шыға алмайтын азаматтарға мақсатты бағыттағы әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыс жүргізілуде.  

Облыстық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2002 жылдан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесі 34,3 пайызға төмендеген. 2012 жылдың қорытындысы бойынша – 5,7 пайызды, ал үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 4,2 пайызды құрады.

“Кедейсіз аумақ” іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында тұрғындардың табысын көбейтіп, жұртшылық арасында әлі де бар масылдықты жоюға бағытталған жұмыс қолға алынған. Аталмыш жоспарды жүзеге асыру аясында еңбекке жарамды азаматтарды және жалдамалы жұмыс істейтіндер санатында жан басына шаққандағы төменгі табыстың қалыптасу себептерін анықтау үшін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар құрамына сараптама жасалуда. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көмек алдымен жұмыспен қамтудың белсенді түріне қатысатындарға көрсетіледі. Бізге мұндай мүмкіндікті “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы беріп отыр. Бүгінгі таңда жыл басынан бері облысымыздың 91 ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек алатындар жоқ.

Соңғы 20 жылдың ішінде мүгедектер мен қарттарға қатысты саяси тетік пен тұрақты беталыс қалыптасты. Өңірімізде медициналық-әлеуметтік мекемелер желісі кеңейіп, денсаулығына байланысты өзгенің күтіп-бағуына және әлеуметтік қызметке мұқтаж тұлғаларға арналған 4 мекеме жұмыс істейді. 1992 жылы Тайынша психоневрологиялық интернат-үйі ашылып, бүгін онда 500 мүгедекке кешенді қызмет көрсетілуде. Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйі 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Аталмыш мекеменің негізгі міндеті – мүгедек балаларды әлеуметтік бейімдеу, оңалту және шоғырландыру, бастауыш кәсіби бейімдеу, арнайы құрылған әлеуметтік-оқу кеңістігіне даярлау. Интернат-үйінде 6-18 жас аралығындағы 20 мүгедек бала тәрбиеленуде. Ал 2005 жылы Мүгедектерді бейімдеу орталығы құрылды. Қазіргі таңда орталықта оңалту шаралары курсынан 400-ден астам мүгедек өтуде. Бір жылдан кейін қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі “Надежда” интернат- үйі ашылды.

Елімізде 2009 жылдан бастап “Арнайы әлеуметтік қызмет туралы” Заңның аясында әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер мен қызметтер түрінде арнайы әлеуметтік қызметтер стандарты кезең-кезеңімен енгізілді. Ал арнайы әлеуметтік қызмет ұсынудың баламалы түрлерін дамыту үшін 2010 жылы балалар психоневрологиялық интернат-үйінің жанынан күндізгі бөлім ашылды. Қазіргі таңда онда 35 мүгедек бала бар. 2011 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес секторда арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Үстіміздегі жылы үкіметтік емес ұйымдар 30 мүгедекке қызмет көрсетуде. 2012 жылы психоневрологиялық сырқаттарға арналған ересектер интернат-үйінің жанынан 10 орындық 18 жастан асқан тұлғаларға арналған күндізгі бөлім ашылды.

Стандартқа сәйкес 3 мың жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет үйлеріне барып көрсетіледі. Соңғы 10 жылда үйінде көрсетілетін әлеуметтік қызмет бөлімдері 11-ден 33-ке дейін көбейді.

Жалпы әлеуметтік қорғау органдарының қызметі жұмыспен қамтудың оңтайлы түрлерін пайдалануға, аз қамтылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға, зейнеткерлер мен мүгедектерге қосымша тұрғындардың әлжуаз тобына тұрақты және қажетті әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp