Өткен жексенбіде “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының өңіріміздегі филиалы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров, “Даму” Кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова, банктер мен қаламыздағы бизнес-қауымдастық және даму институттарының өкілдері қатысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын еліміздің барлық өңірлерінде ашуды “Даму” Кәсіпкерлікті дамыту қоры өткен жылдың күзінен бері қолға алыпты. Ондағы мақсат – өзінің бизнесі барлар немесе оны ашуды енді қолға алғандардың бір жерде, “бір терезе” режімінде бизнес жүргізудің түрлі аспектілеріне байланысты тегін кеңес алуына және оқуына мүмкіндік жасау. Жаңа жыл қарсаңында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылуымен өңіріміздің барлық кәсіпкерлерін облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.
– Бұл – Президентіміздің шағын және орта бизнесті қолдауды дамыту бойынша берген тапсырмаларының бірі. Елбасының саясатының арқасында облыс жұртшылығының экономикалық жағынан белсенді тұрғындары шағын және орта бизнеспен тұрақты айналысып келеді және олардың саны жылдан-жылға өсіп, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Мемлекет тарапынан бұл салаға бұдан былай да қолдау көрсетілетін болады. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының барлық тетіктерін пайдаланамыз. Жергілікті бюджет субсидиялар, жеңілдетілген несиелер түрінде қолдау көрсетеді. Мемлекеттік билік органдары ұсынатын қызметтердің барлығы осы орталықта жүзеге асырылады. Шағын және орта бизнестің бүгінгі күні сапалы дамуы мен саны артуы келешекте де облыстың әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды алға жылжуына оң әсер етеді, – деген Самат Сапарбекұлы жаңа орталықтың тұсаукесер рәсімін жасады.
“Даму” Кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында (КҚКО) шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды. Оның айтуынша, КҚКО-ның кеңесшілері кәсіпкерлерге қажетті ақпараттың барлығын, мемлекеттік қолдау алу шарттарынан бастап, құжаттарды дайындауға дейін толық әрі сауатты түрде түсіндіріп береді. Сонымен қатар оларға бухгалтерлік есеп және салық салу, кедендік рәсімдеу, заңгерлік мәселелер, маркетингтік зерттеулер, IT-технология және тағы басқалар бойынша қызмет көрсетіледі.
КҚКО-да кәсіпкерлерге бүгінгі күні ең қажетті “Бизнес-Кеңесші” бағдарламасы аясында дәріс беріледі. Орталық шағын және орта бизнес өкілдерінің біліктіліктерін курстарда оқыту және экономиканың әртүрлі салаларында бизнес жүргізу ерекшеліктеріне арналған тегін семинарлар өткізу арқылы да көтеретін болады. Жаңа орталықта бұл үшін оқу кабинеті қарастырылған. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кеңесшілерден басқа кәсіпкерлер палатасы, “ҚазАгро” Ұлттық басқару холдингі” АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталығы, екінші деңгейлі банктер сияқты дамыту институттарының өкілдері де орналасады.
Жаңа орталықта кәсіпкерлердің алғашқы жиыны өтті. Онда “Даму” Кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова алдағы жұмыс жоспарлары туралы хабардар етті.
– Орталықта алдағы уақытта істелетін жұмыс көп. Кәсіпкерлік, маркетинг, тұтынушылар құқықтарын қорғау, тағы басқа мәселелер жөнінде семинарлар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі күні өз бизнестерін ашқан кәсіпкерлердің жастары ұлғайып барады. Сондықтан кәсіпкерлікке жастарды тарту керек. Ол үшін “Жас кәсіпкерлер мектебін” ашу да жоспарда бар, – деді ол.
Жиын соңында Самат Ескендіров пен Ләззат Ибрагимова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйақысына ие болу үшін республикалық “Алтын сапа” конкурсына және “Қазақстанның үздік тауары” конкурс-көрмесіне қатысқан 11 кәсіпорынның басшыларына Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің Алғыс хаттарын табыс етті.
Суретті түсріген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.