Облыс орталығындағы басты алаңда Жаңа жылдың мерекелік лебі желтоқсан айының бірінші күнінен басталғантын. Шырша жағылып, маңы мұзды шаһарға айналған алаңнан өткен жұрт мәз-мейрам. Қала әкімдігінің ұйымдастаруымен жүргізілетін безендіру жұмыстары жылдан-жылға түрлене түсуде. Биыл үлкен шырша түбіне мұздан қашалған мүсіндер қойылған.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оны жасап шыққандардың біреуі алматылық болса, екеуі – Екатеринбургтен келген мүсіншілер. Бір апталық жұмыс үшін арнайы келген олар табыс табумен қатар, солтүстік өңірдің мұзымен өздерінің шығармашылық ізденістерін шыңдауды ниет еткендерін айтады.
– Сурет, графика, кескіндеме – біздің кәсібіміз. Ол үшін түрлі материалдар қолданылады. Ал бірақ мұзбен бірінші рет жұмыс істеп отырмын. Былтыр Алматыда өткен мұз және қар кескіндемелері байқауында қарды пайдаланып, өнерімді көрсеткен едім. Бұл тапсырысты құп көрудегі басты жайт – табыс табу десем де, ішкі жан дүнием шығармашылық ізденіске талпынды. Сондай-ақ осы тапсырысты қолға алған әріптесіме көмектесу мақсатын да көздедім. Мұз – мүсінші үшін таптырмас материал. Әр материалдың өз өзгешелігі бар. Мұздың бір жерін опырып алсаң, барлық еңбегің зая кетеді. Сондықтан ол өнерпазға көп талап қояды, – дейді алматылық Андрей Ерискин.
Ресейлік суретшілер де өз өнерлерін салып, мүсіндерді жасап шықты. Оралдағы сәулет-көркемөнер академиясының ұстаздары Ольга Пакалина мен Владимир Гонзиннің қазақ топырағына аяқ басудағы мақсаттары шығармашылық шабыттарының желігі болса керек. Олай деуге себеп болған жайт, мен олардан қанша табыспен елдеріне оралатындықтарын сұрағанда олар ол жағына аса мән бермегендігін, бір апталық жұмыстары қаншаға бағаланса да, разы екендерін жеткізді.
Биылғы жаңажылдық безендірудің басты еркешелігі – шырша етегіне қатарластырыла мұздан қашалған мүсіндер. Жобаны ұсынған қалалық әкімдік болғанымен, олардың пішіндемесін жасаған – суретшілердің өздері. Шығыс күн тізбесі бойынша 12 мүсін істеліпті. Біз көргенде жұмыс толық аяқталмаса да, олардың жалпы көрініске ерекше сипат беретіндігі аңғарылып тұрды.
– Біз өнер адамдары болғандықтан, шығармашылығымызды түсінген жанды ұнатамыз. Жұрттың көңілі көтерілсе, біз үшін үлкен мәртебе. Қасымыздан жымың қағып өткен әр адамның қуанышты жанарын еңбегімізге деген ризашылығы деп білеміз. Ал мұнда ауа райы біздегіге қарағанда ызғарлы-ақ. Бірақ жұмыстың қызуымен суықты да сезбей қалдық, – дейді Ольга Пакалина.
СУРЕТТЕ: мүсіншілер А. Ерискин, О. Пакалина, В. Гонзин.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.