Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Жаңа күн, жарқын таңым, келді Жылым,
Он екі ай бастау алды енді бүгін.
Сапарға уақыт шықты Жер-жаһанның
Жолымен бойлығы мен ендігінің.
Айтылып ақ тілектер әр үйде де,
Жақсылық, жылы ниет – бәрінде де.
Отбасы, Отан болып ардақтайтын,
Қымбатсың үлкенге де, сәбиге де.
Бұйырып ең биігі төрдің дәйім,
Елгезек жандар айтар елдің жайын.
Қарыштап Қазақстан қадам басып,
Жер-жаһан алға озған көрді ыңғайын.
Толған соң ұлы істерге жыл қойнауы,
Жанып-ақ Қазақстан тұр ғой бағы,
Даналық, даралыққа бастау болып,
Самғатқан Елбасының нұрлы ойлары.
Сол ойлар – берекеміз, ырысымыз,
Өркендеп өңіріміз, ұлысымыз.
Досқа – сүйік, дұшпанға – күйік болған
Асады бір істерден бір ісіміз.
Уақыттың тоқтау бар ма ағысына,
Ұқсаған арғымақтың шабысына?!
Жаңа жыл берекелі болсын, елім,
Заңғардан көрінерміз, тағы, сірә!
Артамыз, Арғымақ-жыл, саған үміт,
Қуансын қала жайнап, дала күліп.
Кемел ер бастаған көш еш іркілмей,
Ең асқақ асуларды алады нық.
Биыл да шаңыраққа ырыс қонсын,
Береке, молшылыққа нұр үстелсін.
Төртеуді түгел етер ынтымақпен
Жүретін жолымыз да дұрыс болсын.
Жаңа жыл, ескі жылдың жалғасы боп,
Жеткізгей табыстарға арнасы көп.
Еліме серік болсын ерен намыс –
Қанатты тұлпарларға тән қасиет.
Тілеймін елімізге нұр тұнуын,
Болашақ белесіне ту тігуін.
Халқымды жеткіз арман асуына
Төріме бүгін озған, Жылқы жылым!