Бабаларымыздың аңсаған асыл армандарына қол жетіп, тәуелсіз ел болып, зайырлы мемлекет құрып жатырмыз. Тұңғыш Президентіміз бас болып Қазақтың кең-байтақ даласында егеменді елдің іргетасын қаладық.
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы
ақсақалдар алқасының төрағасы.
Сонау тоқсаныншы жылдардың басында, күйреген Кеңес Одағынан жаңа ғана еншімізді алып, іргемізді ажыратып жатқан, қиыншылықтары қабырғаны қайыстырған, қыр арқаны езген кезеңнен азбай-тозбай аман шықтық. Мына жаңа ғасырдың басынан бастап күні бүгінге дейін елі екі мәрте кезіккен дағдарыстан батыстың алпауыттары тәлтіректеп, есеңгіреп қалғанда жаңа тәй-тәй басқан Қазақ төгілмей-шашылмай аман-сау өтті. Тіпті, өшпек түгіл, өсуіміз досты да, дұшпанды да таңдандырған жоқ па?! Мұның бәрі – Елбасының көрегендігінің, сындарлы саясатының арқасы. Президентіміздің дарынды басшылығы мен халқымыздың аянбай еңбек етуі, ұлтымызға тән төзімділік қасиеті елімізде бірлік, бірауыздылық, өрлеу үстіндегі бейбіт өмірге қол жеткізді. Бұл – көршілес және кешегі одақтас елдерден көш ілгері кеткеніміздің, тіпті, өркениетті мемлекеттердің сабынан орын алуымыздың кепілі. Ел абыройының өскенін, өркенінің өрлегеніне мақтанамыз. Жүздеген жылдар бодандықта байланып, ұлттық кейпін жоғалту қаупі төнген қазақ халқының іргелі ел болғанына, көк туымыздың көк аспанда желбірегеніне, өнер саласындағы өнегелі өрісіне, спорттағы жүлделі жайымызға бойымызды зор қуаныш сезімі билейді.
Табыстарымыз толастамай, Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін алдағы талай өткелдерден шығынсыз өтіп, күрделі істерді атқаруымыз керек.
Өзінің шешімін табар бірқатар өзекті мәселелер де бар. Соның бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Ертеңгі қоғам кімдердікі, бүгінгі болмысымызды кімдерге қалдырамыз? Аға буынды осы күндері толғандыратын жайттар көп. Жастар тәрбиесі өз дәрежесінде деуге ауыз бармайды, сондықтан бұл – кезек күттірмейтін келелі іс.
Ана тіліне шалалық, сөзге шорқақтық, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан алшақтық, ата-ананы құрметтемеу, үлкенді сыйламау, қатыгездік, шылым шегу, ұрлық-қарлық, әдепсіздік – ұлтымыздың жазылмай тұрған жарасы. “Тәрбие – тал бесіктен” дейді дана халқымыз. Бүгін сол бесікті тербететін кім? Жас аналар. Ертең балабақшаға апаратын, мектеп табалдырығын аттататын, тәрбие мен сабағына ықпал ететін кім? Жас аналар. Тек қазақ тілін ана тілі дейді. Сол тілді жетілдіретін кім? Тағы да сол аналар. Тілді, ділді, дінді білмеген анадан не жақсылық күтеміз? Тәрбие жемісін мектептен күтеміз. Кемшіліктерді мұғалімдерге жабамыз. Алайда, әділдікпен қарасақ, Елбасы айтқандай, ұстаздар қағазбастылықтан, шексіз тексерістен, балаларды дұрыстап сапалы оқытуға да шама-мұршасы жетпейді. Бұл үрдіс өзгермесе, мұғалімдерді тәрбиеге шалағай деу әділдікке жатар ма екен?
Айта берсек, заманымызда кездесетін әбес қылықтар мен зиянды істер аз емес. Мұның бәрін ащы сынға алып, сөзбен сөгу оңай-ақ. Аға буын өзіне де қарасын. Көргені кем бүгінгі жас ананы кеше тәрбиелеген кім? Жаулықсыз, жалаң сирақ әжелер. Шалағай, шалабайларды тәрбиелеген кім? Аузы арақтан құрғамайтын, бисмиллаға тілі келмейтін, ұлттық әдеп пен әдетті ұқпаған бүгінгі атамын дейтіндер. Сондықтан тағдырдың жазуымен жіберген қателіктерді түзетуге тырысқан жөн.
Бұл үшін не істеуіміз керек деген сұрақ әрбір ақсақалды мен ақжаулықтының көкейін тесіп, санасынан орын тебу керек. Кешегі “Нұр Отанның” ХV съезінде қабылданған Саяси доктринада, Президенттің сөйлеген сөзінде ұрпақ тәрбиесіне елеулі көңіл бөлінген. Осы ардақты да абыройлы іске өз үлесімізді қосып, септігімізді тигізу – біздің – аға ұрпақтың парызы.
Соған орай облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы Ақсақалдар алқасы Қариялардың тәрбие мектебін ашып, жас ұрпақпен тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізбекші. Бұл іске мол тәжірибелі, білімді де білікті ардагер ұстаздарды, зиялы қауымды тарту көзделеді. Ел болашағына жаны ашитын, жас ұрпаққа қамқоршы боламын дейтін әрбір азамат ортақ шаруадан шет қалмас деген сенім бар.