«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС КИІМІНІЗДІ КІМ ТІККЕН? “Сокирко С.Н.” жеке кәсіпкерлігі емес пе?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егер облыс орталығындағы “Меховая радуга” ателье-дүкеніне жолыңыз түсе қалса, оның сөресіндегі бірінен-бірі сәнді тымақтар мен жеңіл бас киімдерге таңдау жасауыңыз оңай болмайды. Олар – петропавлдық шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар.

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

ӨҢІРДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ЦЕХ

Сергей Сокирко бас киім тігуді 13 жасында бастапты. Оның айтуынша, ертеректе Сергей Николаевичтің отбасы жүздеген қоян өсіріп, оны шағын кәсіпке айналдырса керек. Қоянның бірқатарын ас етсе, қалғанынан отбасылық қор жасаудың да мүмкіндігі болған. Үй жануарының терісін де бір кәдеге жаратуды оң көрген олар шикізатты илеп, тымақ тігуді қолға алады. Олардың бұл ниеті шебер көршісінің үйретуімен жүзеге асады. Жеме-жемге келгенде Сергей Николаевичтің мамандығы басқа болса да, бүгінде ол заман талабына сай табыс көзі ретінде бас киім тігу ісмерлігін таңдаған. Содан бері де 13 жыл өтіпті.

– Отбасылық кәсібіміз шағын ательенің жұмысынан басталды. Ондағы тұтынушыға көрсететін қызметтеріміз бас киімнің үлгісін өзгертіп, қайтадан тігу, үлкенін кішірейту, кішісін үлкейту сияқты тапсырыстар болатын. Мұны әбден игеріп алып, мамандарымыздың шеберлігіне көзіміз жеткен кезде қымбат аң терілерінен сужаңа тымақтар тігуді қолға алдық. Ал осыдан екі жыл бұрын орташа тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жасанды тері мен тоқыма бас киімдер цехын аштық, – дейді “Сокирко С.Н.” жеке кәсіпкерлігінің басшысы Сергей Николаевич.

Өнімділік пен сапаның басты көрсеткіші еңбеккердің біліктілігінде деп білетін Сергей Сокирко кадр мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Біріншіден, ол осы жылдар ішінде өз жанына шебер де білікті мамандарды топтастырып үлгергеніне, сондай-ақ елімізде кенже қалған жеңіл өнеркәсіп саласындағы кадрды одан әрі нығайту және жандандыру мақсатын көздей алатынына разы. Сол үшін де кәсіпкер шағын цех ашып, өңіріміздің қолөнершілерін бір жерге тоғыстыра алған. Алайда, бұл оңайлықпен атқарылып жатқан шаруа емес. Сергей Сокирко бұл мақсатты ойын жүзеге асыру үшін облыс орталығындағы “Северный” тұрмыстық үйі ғимаратының үшінші қабатын өндіріс орнына айналдырып отыр.

– Мен осы ғимараттың ипотекалық төлемі үшін екінші деңгейлі банктен несие алдым. Ол несиенің жылдық сыйақысына мемлекеттік “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 7 пайыздық демеуқаржы берілді. Бұл менің кәсіпкерлігіме үлкен қолдау болды. Осы жерде көңілімді қобалжытып жүрген бір мәселе туралы айтып өткім келеді. Ол – еліміздің құрылыс туралы заңнамасына енгізілген өзгерістердің салдарынан бастаған ісімнің тоқтатылуы. Былтыр қыс бойы ескі заңнама негізінде дайындаған құжаттарымыз жарамсыз болып, жазда құрылысымызды жүргізе алмадық. Бұл жайт жалғыз мені ғана емес, көптеген құрылысшыларды әлекке салды. Кезінде қомақты қаржы төлеп жасатқан мемлекеттік сараптаманы қайтадан жасау үшін тағы қаржы керек. Бүгінге дейін құрылысты жалғастыруға құжатымыз да жоқ, оны тездетіп жасап алуға қалтамыз да жұқа. Отырмыз, – дейді басшы.

Сондай-ақ ол өз әңгімесінде кәсіпкерлігіне қолбайлау болып отырған тағы бірнеше себепті алға тартты. Біріншіден, әлемдік дағдарыс ұзаққа созылып кетті десе, екіншіден, Алматының көтерме базарындағы оқиғалар кәсіпкерлігіне кездейсоқ соққы беруде деген ойын жеткізді. Ал үшінші салдар – биылғы қыс мезгілінің әдеттегіден кеш келуі. Басты салдарды кәсіпкердің аузынан шыққан сөзбен тарқатсақ, былай түсіндірді:

– 2008 жылы басталып, бүгінге дейін созылып келе жатқан дағдарыс ірі кәсіпорындардың тауар айналымын төмендетіп, өнімнің бағасын ауытқытып, нарықтың тұрақтылығын жоғалтуда. Сондықтан осындай кезеңде кәсіпкерге тікелей мемлекет тарапынан көмек керек-ақ. Сондықтан бізге демеуқаржы ретінде беріліп жатқан көмектің маңызы зор. Оның көмегімен кәсіпорындағы жұмысшылардың саны сақталып, тауардың бағасы аз да болса төмен түсіп, бәсекелестікке төтеп берерлік сенім пайда болды. Мемлекеттің қолдауымен нарықтағы қиындықтарды жеңіп, еңсемізді тіктеп келеміз, – дейді.

Ал Алматының көтерме базарында орын алып жатқан түрлі оқиғалардың солтүстіккқазақстандық кәсіпкерге ықпал жасауы мынада: сол базарда тұрып, “Сокирко С.Н.” жеке кәсіпкерлігінің өнімдерін еліміздің оңтүстік аумақтарына сатып отырған саудагердің мүмкіндігі шектеліп қалған. Қанша дегенмен жаңа орын, жаңа орта табу нарықта оңай шаруа емес. Ал үшінші кедергі биыл қыстың кеш келуі десек, кәсіпкердің ондағы айтпағы – оның өнімдері маусымдық тауарлар екендігінде, яғни күн суытқан кезде оның саудасы жүре бастайды. Мұнда жұмыс алты ай қыс қауырт жүрсе, оның еңбеккерлері жаз айларында қол қусырып отыратын кездерге де бойлары үйренген.

Сергей Сокирко өндіріс цехын 2011 жылы ашқан. Бұған дейін аң терісінен бас киім тігіп жүрген кәсіпкер тоқыма мата және жасанды жүннен бұйымдар жасаумен өнеркәсібін кеңейте түсіпті. Ол тауарларын жақын маңдағы қалаларға шығара бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, Петропавл қаласындағы сауда орталықтарында бұрнағы жылдардан бері шетелдің өнімдері, дәлірек айтсақ, Ресей мен Түркия елдерінің тауарлары көп сатылады. Бұл, әрине, елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамымай отырғандығының белгісі. Әзірге біздің өңірімізде бас киім тігумен айналысып отырған жалғыз цех болса, ол – Сергей Сокирконың жеке кәсіпкерлігі. Сондықтан көрші елдердің тауарлары нарығымызды жауласа, әбден қисынды. Алайда, Сергей Николаевич мұны уақыт еншісіндегі жағдай деп біледі. Ол алдағы жылдары өндірісті кеңейтуді жалғастырып, жергілікті нарықты толығымен отандық тауарларға бағындыруды мақсат тұтады.

– Біз өзіміздің тауарлық белгімізді тіркету үшін құжаттарымызды тапсырдық. Бұл – бастапқы қадам ғана. Әлі де талай қиындықтарды еңсере отырып, бизнестің ашық жолына түсерімізге сенімдімін. Бірақ мемлекеттік бағдарламалар шын мәнінде қолжетімді болып, жекелеген шенеуніктер аяқтан шалмаса болғаны, – дейді басшы.

Біздің өңір экономикасындағы жеңіл өнеркәсіп дамытуды қажет етеді. Бұрындары бұл іспен айналысып келгендер зейнеткерлік жасқа жақындаса, жаңа мамандар даярлайтын оқыту орындары елімізде саусақпен санарлық қана. Тоқетерін айтар болсақ, бүгінге дейін отандық жеңіл өнеркәсіп үлкен күйзелістен шыға алмай келеді. Осындай жағдайда қылт еткен сәуледен нәтиже шығаруға жанталасқан Сергей Николаевич бұрынғы қалыптасқан кадрларынан айрылып қалмау үшін олардың біліктілігін жас буынға дарыту мақсатында қимыл жасауда.

– Бізде жақсы ұжым қалыптасқан. Еңбеккерлерімнің шеберлігіне көңілім толады. Кез келген үлгідегі бұйымды сәнді етіп шығару қас шебердің ғана қолынан келетін іс қой. Ондай адамдар бізде көп. Жоғары біліктілігі бар мамандар еңбек етіп, олардың айналасына жас кадрлар шоғырлана бастады. Біз біліктілікті арттыру семинарларына қатысып жүрміз. Сырттан келген адамдар біздің қызметкерлердің шеберлігін көріп, разы болады, сондай-ақ одан әрі дамытуға өз үлестерін тигізуде. Менің бүгінгі мақсатым – қоластымдағылардың жалақысын айтарлықтай өсіру. Өйткені, еңбеккерді тұрақты ететін бірінші фактор – жалақы, – дейді кәсіпкер.

Облыс орталығындағы “Меховая радуга” аталатын үш дүкен де – тондар мен тымақтар сатуда ыңғайлы орта жасап алған сауда орны. Ондағы бұйымдардың барлығы кәсіпкерлік шеңберінде тігілуде. Дүкен маңындағы шағын шеберханада бас киімнің үлгісін өзгерту, кішірейту, үлкейту жұмыстары еркін жасала береді. 2000 жылдан бері мұнда жоғары білікті, жауапкершілігі мол мамандар қалыптасқан. Олар кез келген бас киімді түрлендіріп жіберері хақ. Қызметтеріне алатын бағалары да қолжетімді. Бұл кәсіпкерлік маусымдық сипат иеленетіндіктен, онда бірқатар қиындықтардың туындауы да орынды.

– Қиындық қашанда болады. 2014 жылы мен басшы ретінде қаржы табуға талаптанамын. Барлық өндірілген тауарды сатудың жолдарын қарастырамын. Осылайша кәсіпкерлігімнің де, еңбеккерлерімнің де жағдайын көңіл қуанатындай түзетуім керек. Ол үшін бүгіннің өзінде тауарлардың сапасы мен өтімділігіне баса мән беріп отырмыз. Қандай бизнес болсын жоспар мен сараптамаға жүгінеді. Оны біз ұжым болып жасап жатырмыз, – дейді болашаққа сеніммен қараған Сергей Сокирко.

КАНАДАЛЫҚ ҚОНАҚ

Жеңіл өнеркәсіп саласының қас маманы Агата Гани-Коллард – талай жыл Канаданың жоғары оқу орнында дәріс беріп, өз білгенін жұртқа дарыта білетін жан. Сондықтан жергілікті мамандармен тіл табысу оған қиынға түспеді. Оның кез келген матаның қасиетін бүгешігесіне дейін білетіндігі таңғалдырды. 80 жасқа келген Агата жұмысқа әлі де қабілетті.

– Мен Филиппин аралында, Африка, Армения, Боливия, Камерун елдерінде болдым. Қазақстанға келіп, осылай өзімнің қолғабысымды тигіземін деп ойламаған едім. Бұл бір ертегі сияқты. Өйткені, Қазақстан Канададан бірнеше мыңдаған шақырым алыста жатыр. Мен қазақ деген ұлтты өз көзіммен көріп, олармен жақын байланыс жасайтын күн туады деп ойлаппын ба?! Маған бұл жерде еңбек ету ұнады. Бұл кәсіпкерлік бірқатар қиындық көріп келе жатса да, жақсы ұжымның қалыптасқандығының арқасында барлық ауыртпалықты еңсере алады, – дейді канадалық қонақ.

Сырттан сарапшы шақыртып, олардың тәжірибесін көріп, біліктіліктерін үйрену арқылы қазақстандық кәсіпкерлердің шеберлігін шыңдау шарасы мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетіп отырған тағы бір қолдауы. Бұл “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының жаңа тетігі арқылы жүзеге асуда. Биыл қордың өңірлік филиалы үш маман шақырған болатын. Канадалық сарапшы Агата Гани-Коллард “Сокирко С.Н.” жеке кәсіпкерлігінде 14 күндік оқыту ұйымдастырып, тәжірибе алмасып қайтты.

– “Бизнестің Жол картасы – 2020” бойынша мен де екі рет семинарға бардым. Пайдалы. Біліктілігім, кәсіпке деген қызығушылығым артты. Жалпы мамандар өткізген арнайы курстарға қатысудың берер тәлімі мол. Қарамағымдағы мамандарды Сант-Петербургтегі Михаил Косенің оқытуларына жіберіп тұрамын. Енді, міне, биыл “Даму” қоры жақсы бастама көтеріп отыр. Кәсіпкерлер қолдайтын шара. Агата – жақсы теорияшы, бірақ тәжірибе жүзінде еңбек етпеген маман. Оның біліктілегі жаңадан оқу орнына түскен, мамандыққа енді баулына бастаған жастарға пайдалы болар еді, – деп Сергей Сокирко келіп кеткен қонағы туралы жылы лебізін білдіріп, сарапшылыққа келесі жолы өндіріс басында жүрген мамандар шақырылса деген тілегін жеткізді. Оның айтуынша, Канада, Германия сияқты елдерде бүгінде жеңіл өнеркәсіп жоқтың қасы. Ал есесіне Қытай, Мексика, Үнді елдерінде бұл сала көш ілгері дамуда. Сондықтан осы елдердің әдіс-тәсілдерін үйренген әлдеқайда пайдалы болатынын айтады. Ал “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша өтетін шеберлік оқулары туралы әңгіме басқа. Ол жерде біздікіндей өндіріске қажетті мамандар оқытылады. Олар өздерінің қайда жұмыс істейтіндерін біледі. Сондықтан өңірімізде жеңіл өнеркәсіп саласында шебер тігіншілер даярлап отырған жалғыз орталық – осы, – деп есептейді жеке кәсіпкер.

Суреттерді түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp