Әнді арқау, биді қанат етіп, алға қойған мақсатына ұмтыла білген өнерлі жас қыздардың бірі – Әсемгүл Есенғазина. Ол облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың оныншы сыныбында оқиды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тал шыбықтай бұралған қазақ қызын бүгінгі жастарға үлгі етіп айтуға әбден болады. Оның өз қатарластарынан ешбір айырмашылығы жоқ. Керісінше, артықшылығы бар десе де болады. Әсемгүл Есіл ауданына қарасты Ильинка ауылында туып-өскен. Толыққанды отбасында дүниеге келген ол ағасы Алтынбектің соңынан ерген жалғыз қарындасы екен. Бауырлар бала кездерінен бастап бір-біріне мейірімділік, қамқорлықпен қарап өскен. Оған, әрине, отбасындағы бірлік, ата-ананың қазақы тәрбиесі септігін тигізген. Өз қатарластарымен қатар өсіп келе жатқан Әсемгүл кішкентай кезінде суық тиіп, ауырып қалған. Көпшілігіміз айтарлықтай мән бере бермейтін осы сырқаттың салдарынан оның есту қабілеті нашарлаған. Сондықтан да мектепке баратын уақыты келгенде ата-анасы аталмыш мектеп-интернатқа оқуға бергенді дұрыс деп санаған. Бала кезінен би билеуге бір табан жақын жүретін Әсемгүл осы мекемеге келген күннен бастап оқумен қатар би үйірмелеріне де қатысып жүрген.
– Әлі есімде, кішкентай кезімде теледидардан өлең айтып, билеп жүрген өнер адамдарын көргенде сондай қуанып кететінмін. Олармен қосылып, шамам келгенше билей түсетінмін. Менің биге жақындығымды байқап жүрген анам болашағымды өнердің осы саласымен байланыстырғысы келген екен. Сонымен үйде мені өз білгеніне үйретіп, балалық қызығушылығымды оята түсті. Кейін мектепке келген соң мұғалімдермен сөйлесіп, менің алғашқы талпынысымның жаман емес екендігін тілге тиек етіп, бимен айналысуыма ықпал етті. Сонымен би әлемінің бірінші баспалдағын анаммен бірге бастым деп әбден айтуға болады.Үйірмеге келген соң менімен білікті мамандар жұмыс істей бастады. Оларға сол үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Құлақ кемістігі болған соң әнді есту кезінде қиындық туды, ол әлі де бар. Бірақ менің алға қойған үлкен мақсатым бар. Ол – келешекте осы саланың бір маманы болу. Яғни, өмірімді бимен ұштастырғым келеді. Менің басқа балалардан ешбір айырмашылығым жоқ екенін алдымен өзіме, кейін басқаларға дәлелдесем, бұл да бір жұмысымның нәтижесі болар еді деп ойлаймын. Қазір бимен айналысып жүргеніме сегіз жыл болды. Осы аралықта қол жеткізген жетістіктерім де аз емес. Мұның бәрі, әрине, анамның, ұстаздарымның еңбегі. Есту қабілетім нашар болғанымен, биді жаныммен, жүрегіммен сезінемін, түсінемін, – дейді ағынан жарылған Әсемгүл.
Ешкім де тағдырын таңдамайды. Анадан туғанда дені сап-сау баланың уақыт өте келе осындай қиындықтарға тап болуы, әрине, өкінішті жайт. Бірақ оған мойынсынбай, керісінше жігерленіп, өнерде өрге басып келе жатқан Әсемгүл бүгінгі таңда Марина Сухарева көркемдік жетекшілік ететін “Пульс” би ансамблінің мүшесі болып табылады. Олар халық және заман ағымына сай билерді нақышына келе орындауда алдарына жан салмайды. Республика, облыс көлемінде түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, биік белестерді де бағындырып жүрген жайлары бар.
– 2013 жылы Астана, Мәскеу,Сочи қалаларында өткен фестивальдарға қатысып, бірінші орыннан көріне білдік. Ұжымның осындай биікке көтерілгеніне менің де өз үлесімді қосқанымды мақтанышпен айта аламын, – дейді ол.
Биші бойжеткен “Жанды сөз” ым-ишара ән айту үйірмесіне де қатысады. Яғни, ол өлең айтады десе де болады. Әрине, ол ым-ишара тілін ұғынатындар үшін орындалады. Құлағы еститін адамдар бұл тілді ым-дау, пантомима ретінде қабылдайды. Ал шындығында бұл – сөздің мағынасы мен мәнін жеткізетін тіл. Сондықтан орындаушы ең алдымен тыңдармандарға әннің мәтінін жеткізеді. Және тек қана онымен шектелмейді. Қозғалыс ырғақтарымен бірге тұла бойының қимылы арқылы туғанынан естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға сол музыканы түсіндіруге тырысады. Бұл өте көп еңбекті, шыдамдылықты, қайраттылықты талап етеді. Сондықтан да құлақ кемістігі бар балалар арасында өнердің бұл түрімен айналысатындар саны көп емес. Әсемгүлдің бір ерекшелігі де осында. Ол “өзге әлемнің” әдемі әуенін бізге жеткізушілердің бірі болып табылады. Қарапайым қазақ қызының осындай талпынысын көргенде қалайша қуанбасқа?!
СУРЕТТЕ Ә. Есенғазина.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Жангелді Тәжиннің айтуына сүйенсек, бүгінгі таңда мектеп-интернатта 151 оқушы білім алады екен. Олардың өзі туғаннан естімейтін және нашар еститін болып бөлінеді. Біздің Әсемгүл нашар еститіндер қатарына жатады. Әсемгүлмен қатар Айнұр Сайынова, Гүлнұр Киікбаева, Темірлан Айтқожин, Даниал Қанғожин, Райымбек Ержанов, Ринат Баймолдин сияқты өнерлі ұл-қыздарды атап өтуге болады. Бұлар да мектеп-интернаттың беткеұстар мақтаныштары.