«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

2014 ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КӘСІПОРНЫ

Петропавл қаласындағы “Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернат” коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2014 жылдың үздік кәсіпорны атанып, ұлттық сертификатпен, ал ұжым директоры Жангелді Тәжин “Еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер” орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының 2013-2014 жылдардағы жұмыс көрсеткіштері жалпы мемлекеттік деңгейдегі рейтинг жүйесі бойынша қорытындыланды. Орта буындағы кәсіпорындар арасындағы статистикалық бағамдауды Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі төрағасының бұйрығымен бекітілген “Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторы” негізінде “Сауда-өндірістік рейтинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткізді.

Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты экономикалық қызмет түрлерінің 85.31.0 жалпы классификаторы бойынша негізгі және орта білім мекемелері арасында алғашқы үздік 50 (ТОП-50) қатарына енді.

Көшбасшы кәсіпорындар тізімі халықаралық WRC (Word Rating Сhamber, England) ұйымының жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштерді бағамдайтын әдістемелік жүйесінің негізінде орындалды. Білім ордасының директоры Жангелді Тәжиннің айтуынша, мектеп-интернат сайтына орналастырылған, баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар, оқушылардың жетістіктері мен білім ошағында жүргізілген оқу-тәрбиелік жұмыстар, тағы басқалары арқылы іріктеу сырттай жүргізілген. “Біз рейтинг қорытындысы бойынша “2014 жылдың үздік кәсіпорны” атанғанымызды Астана қаласына марапаттау рәсіміне шақырылғанда бір-ақ білдік”, – дейді Жангелді Уақпанұлы.

Үздік 50 кәсіпорын қатарына ену арқылы мекеменің мәртебесі анықталып, білім ошағының қызмет көрсету аясында таңдаулы екендігін растайтын рейтингтің элитарлық құрмет белгісі белгіленген. Енді мекеме мәртебесін айқындайтын арнайы белгіні білім ошағы өздерінің ақпараттық-экономикалық іс-шаралар өткізу кезінде ресми түрде пайдалануына болады.

Сонымен қатар “Ұлттық-бизнес рейтинг” жобасы аясында “Сауда-өндірістік рейтинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектеп-интернат туралы ақпараттық материалдарды Астана, Мәскеу және Киев қалаларында ай сайын жарық көретін “Кедендік одақ жаршысы” халықаралық электрондық каталогтарында орналастыру бойынша кешендік шараларды жүзеге асырған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp