«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІ-ДӘРМЕК: ҚАЙСЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәріханада қандай да бір препарат сатып алу кезінде фармацевттің: “Сіз сұрағандай дәрі бар, бірақ оның атауы басқа, бағасы да төмен” дегенін талай естідіңіз бе? Сатып алмастан бұрын мұндай жағдайда ойлануға бірнеше минут уақытыңыз болады. “Бір жағынан, ақша үнемдесем жақсы. Десе де арзан бағаға қызығып, денсаулығымды жойып жүрмеймін бе? Бұл не болуы мүмкін? Түпнұсқалық дәрілердің орнын алмастыра ала ма?” деген сұрақтар туындауы мүмкін ойыңызда. Сондықтан дұрыс шешім қабылдау үшін жағдайды саралап алайық.

Бүгінде фармацевтикалық нарық тұтынушыға екі түрлі дәрілік зат ұсынады: түпнұсқалық және генериктер, яғни оның баламасы. Фармацевтикалық компанияның жаңа өнімі болғандықтан, түпнұсқалық препараттар әрқашан қымбат тұрады.  

Түпнұсқалық дәрі жасаудың өзі ұзақ уақытты, қомақты қаржыны талап етеді. Ойлап табу мен тұтынушыға жеткізудің өзі ондаған жылға созылып, патентпен қорғалады. Патенттік қорғау белгілі мерзіммен шектеліп, 15-20 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл уақыт аралығында басқа фармацевтикалық компаниялардың ұқсас дәрілерді өндіруге құқығы болмайды. Яғни, өндіруші фирманың шығыны өтелу үшін нарықта жалғыз түпнұсқалық препарат айналымда қалады. Сондықтан бұл кезеңде дәріханада түпнұсқалық препараттың баламаларын тұтынушыға ұсына алмайды. Тек патенттік мерзім аяқталған кезде ғана басқа фармацевтикалық фирмалар құрамында белсенді әсер етуші компоненттері түпнұсқалық препараттарға ұқсас дәрілер өндіре бастайды. Осылайша көптеген генериктер пайда болады. Оны бірнеше фармацевтикалық компания бір уақытта өндіре алады.  

Генерик пен брендтің құрамы мен жанама әсерлері де бір-біріне сәйкес келеді. Десе де пішіні, түсі мен жасау технологиясында айырмашылық болуы мүмкін. Сондықтан олар дамыған мемлекеттерде сұранысқа ие. Мәселен, АҚШ пен Швецияда түпнұсқалық дәрілерге қарағанда генериктерді жиі сатып алады.

Түпнұсқалық препараттар пен генериктердің айырмашылығы мұнымен шектелмейді. Нарықта тіркелу үшін генериктің түпнұсқалық дәрімен биоэквиваленттігі мен биожетімділігі сынаудан өткізілуі шарт. Дей тұра, толық клиникалық зерттеу жүргізудің қажеттілігі болмайды, сондықтан генериктерді мемлекеттік тіркеуден өткізу жылдамырақ жүзеге асады.

Қазақстанда дәрі-дәрмек нарығы айтарлықтай ұлғайды. Еліміздегі ресми тіркеуден өткен 7000-нан аса препараттың 85-87%-ын генериктер құрайды.

Бүгінгі таңда патентпен қорғалған, жақында өндірілген, құрамындағы әр ингредиенттің маңызы бар болып табылатын қатерлі ісік пен ЖИТС ауруын емдеуге арналған бірегей дәрілерден басқа барлық түпнұсқалық дәрілердің генериктері бар. Сондықтан “түпнұсқалық препараттарға қарағанда, генериктердің болмашы әсері ғана бар” деп белсенді түрде насихаттап жүрген БАҚ-тағы пікірлер “негізсіз” екенін ойға түю қажет. Себебі, генериктерді өндіретін үлкен фирмалар дәрі-дәрмектердің өндірілу технологиясын GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарына сай бақылап отырады.

Препараттың екі бірдей атауы бар екенін білудің маңызы қандай? Шамамен барлық дәрінің екі бірдей атауы бар: халықаралық (патенттелмеген) және өндіруші беретін саудалық атауы. Сондай-ақ әр препараттың тек бір ғана халықаралық атауы, ал егер дәріні түрлі компания өндірсе, оның түрлі саудалық атаулары болады.

Мәселен, “Амброксол” – препараттың халықаралық атауы. Бірақ ол “Амбробене”, “Флавамед”, “Халиксол”, “Амбросан”, “Лазолван” сынды түрліше атаумен саудаға шығарылады. Бұл – бір дәрілік затты бірнеше фирма өндіріп, өзінше атап, өз сауда маркасымен жарнамалайды деген сөз. Артынша шығын көлемі есептеліп, препараттың бағасы қойылады.

Осылайша әр дәрілік заттың орамасынан ірі қаріппен жазылған сауда атауын таба аласыз. Оның сәл төменгі жағында ұсақ әріппен халықаралық (патенттелмеген) атауы жазылады. Егер дәрілік заттың құрамында екі немесе одан да көп әсер етуші зат болса (яғни, көп құрамды болса), халықаралық (патенттелмеген) атау орнына құрамы жазылады.

Қажетті дәріні сатып алып жатқаныңызға көз жеткізуіңіз үшін, болмаса дәріханашыға препаратты ауыстыру жөнінде дұрыс сауал қою үшін орамадан халықаралық патенттелмеген атауын немесе құрамын тауып алуыңыз қажет.

Кейбір дәрілердің патенттелген атаулары ұқсас болғанымен, құрамындағы әсер етуші заттектің терапевтік әсері түрліше екенін әрі түрлі жағдайда қолданылатынын ұмытпаңыз.

Сіздің бір препаратқа аллергияңыз болса немесе оны басқа дәрімен бірге қолдануға болмайтын болса, бұл ақпаратты білудің маңызды зор. Себебі, басқа саудалық атауы бар препарат құрамында сіздің аллергияңызды қоздырушы аллерген болуы мүмкін.

Абайсызда екі ішерлік мөлшерін қабылдамас үшін дәрі сатып алған сайын әсер етуші заттекті (ХПА) тексерген дұрыс. Егер сіз дәрігер мен дәріханашыдан бір дәрілік заттың басқа маркасын алсаңыз, болмаса өз бетіңізше дәрілік затты таңдасаңыз, оның көпқұрамды препараттың құрамында болуы немесе сіз қабылдап жүрген дәрілер құрамына енген болу қаупі бар.

Егер жоғарыда көрсетілген және басқа да дәрілік заттарды қабылдауға қатысты қиындық туындаса, ҚР ДСМ “Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы” ШЖҚ РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығына 8-800-080-88-87 телефон нөмірі арқылы (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) хабарласыңыз. Сондай-ақ сауалдарыңызды ДАТО мамандарына www.druginfo.kz сайтындағы арнайы айдарда қоя аласыз.

ҚР ДСМ “Денсаулық сақтауды

дамыту республикалық орталығы” ШЖҚ РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық

талдау орталығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp