Петропавл қаласы 2013 жылғы 25 қараша №380
Солтүстік Қазақстан облысы жергілікті мемлекеттік органдарының мемлекеттік
қызметшілері қызмет этикасының қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы №651 Жарлығының 2-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Солтүстік Қазақстан облысы жергілікті мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері қызмет этикасының қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
3. Осы қаулы оны алғаш ресми жариялаған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі С. ЕСКЕНДІРОВ.
Осы нормативтік-құқықтық акт 2013 жылдың
23 желтоқсанында облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Тіркеу №2457.
қызметшілері қызмет этикасының қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді.
2. Осы Солтүстік Қазақстан облысы жергілікті мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері қызмет этикасының қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілері мінез-құлқының негізгі стандарттары болып табылады.
3. Кадр қызметі мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін үш күн мерзімде осы Қағидалармен жазбаша түрде таныстыруы тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жалпы қағидалары
4. Мемлекеттік қызметшілер:
1) заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуға;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;
3) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтініштерін қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеуге, өтініштер бойынша белгіленген мерзімде қажетті шаралар қолдануға;
4) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
5) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;
6) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
7) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайтын іс-әрекеттерге қарсы тұруға;
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;
10) мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, берілген өкілеттіктерді тиімді иеленуге; өзінің қызметтік міндеттерін адал, турашыл және сапалы атқаруға; жұмыс уақытын ұтымды пайдалануға;
11) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жеке және заңды тұлғаларға артықшылық көрсетпеуге, олардың ықпалынан тәуелсіз болуға;
12) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға;
13) кадрларды туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша іріктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
14) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар жасауға мәжбүрлемеуге;
15) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілерін болдырмауға және олардың жолын кесуге;
16) өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;
17) бағынысты қызметкерлерге қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, адамдық қадір-қасиетін кемсіту, жөнсіздік, орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;
18) басшылардың тапсырмаларын орындау барысында тек объективті де анық мәліметтер беруге;
19) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды әрі тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға;
20) ұжымда іскерлік өзара қарым-қатынасты және сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал жасауға;
21) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға;
22) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киімнің іскерлік қалпын ұстануға тиіс.
5. Мемлекеттік қызметшілер іскерлік этикетті сақтауға, ресми мінез-құлық қағидаларын құрметтеуге тиіс.
6. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
Басшы лауазымдар атқаратын мемлекеттік қызметшілер бағынысты қызметкерлерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
3. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы
7. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуі тиіс.
8. Мемлекеттік қызметші, егер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы анық ақпараты болса, мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолдануға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштер жолдау арқылы шаралар қолдануға міндетті.
Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндірудің анық жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшіні оның құқықтарын, заңды мүдделерін кемсітетін қудалаудан қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
9. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
10. Мемлекеттік қызметшілер мемлекетке экономикалық залалдың алдын алу жөнінде барлық мүмкіндіктерді пайдалануы, жеке мүдделеріне және үшінші тұлғалардың мүдделеріне орай тексерулерге бастамашылыққа жол бермеуі тиіс.
11. Мемлекеттік қызметшілер жеке мүліктік және мүліктік емес пайдалар алу үшін өзінің лауазымдық өкілеттіктерін және онымен байланысты мүмкіндіктерді қолданбауға тиіс.
12. Мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолдануы тиіс.
13. Мүдделер қақтығысы туындаған ретте, яғни мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделілігі және оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше атқаруының немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің арасында осы заңды мүдделерге зиян тигізетіндей қайшылық туындайтын жағдайда, мемлекеттік қызметші оның жолын кесу және реттеу жөнінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
4. Көпшілік алдында сөйлеу
14. Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікір-сайысты әдепті түрде жүргізуі тиіс.
15. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік ісінің мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:
1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмесе;
2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
3) мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.
16. Мемлекеттік саясатты жүргізумен, мемлекеттік органның және мемлекеттік қызметшілердің қызметтерімен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органның атынан жариялымдарына жол берілмейді. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асырады.
17. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдануға тиіс.
5. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы
18. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бер-меуге тиіс.
19. Мемлекеттік қызметшілер қарапайымдылық танытуға, көлік, сервистік және өзге де қызметтерді алу кезінде мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп туғызбауға тиіс.