Мына бойжеткенді облыстық перинаталдық орталықта жолықтырдық. Қазақ қыздарына сай ұяңдықты Динара Ахметжанованың бойынан аңғару қиын болмады. Саналы өмірін еліміздің денсаулық сақтау саласына арнауды мақсат еткен ол мамандығы бойынша – балалар дәрігері. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің денсаулығының жағдайын, оның перзентханадан ауырмай-сырқамай, отбасы ортасына қосылуын қамтамасыз ететін де осы дәрігер.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жауапты қызметтің тізгінін ұстаған Динара – Көкшетау қаласының тумасы. Астана қаласындағы жоғары медициналық білім ордасын тамамдап, шақыртумен перзентханаға қызметке тұрады. Қызмет етіп келе жатқанына небәрі 2 жылдың жүзі болыпты. Бірақ осы уақыттың ішінде оның алдынан талай солтүстікқазақстандық нәрестелер өтті. Әсіресе, айы-күні жетпей туған шақалақтардың күтіміне үлкен көңіл бөлеміз, дейді неанатолог дәрігер. Ол заңды да. Экстремалды салмақпен дүниеге келген алақандай сәбилерді тиісті қалпына келтіру оңай шаруа емес. Жас та болса дәрігер өз міндетін бес саусағындай біледі, дейді оның әріптестері.
“Перзент сүймей, адамның мейірі қанбас” деген екен Шал ақын. Әр адам өз өмірінде сәби сүюді бақытқа балайды. Баласын 9 ай бойы жүрегінің түбінде өсіріп, тас емшегін жібіткен аналардың да көңіл күйі мен денсаулығын үнемі қадағалауда ұстау – Динара Ахметжанованың дәрігерлік парызы.
– Әйел табиғатынан нәзік келеді емес пе? Босанған келіншектің жан дүниесі сәбидей таза әрі кіршіксіз. Баласы мен оның өзін қызғыштай қорғай алатын отағасының көңіліне зәру болады. Сондықтан ана мен бала перзентханадан үйіне шығарылғанша, біз, дәрігерлер, сол қорғанның рөлін атқарамыз. Ананың денсаулығын қадағалаудан басқа көңіл күйін біліп, онымен тығыз қарым-қатынас орнатудың амалын қарастырамыз, – дейді ол.
Біліктілік пен адами қасиеттерді бойына тоғыстыра білген нәзік жанды Динара Ахметжанова, міне, осындай адам.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.