«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН Зияден ағаның өтілі 40 жылға жақын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласындағы “Поиск” ЖШС-нің өндіріс алаңындағы темірдің үйкеліс кезіндегі шықырлаған дыбысы мен ұшқын шашуы жұмыстың қызып жатқанын байқатады. Үлкен цехтың бір бетіндегі жаңа станоктар автоматты түрде бірнеше темір тетікті қатарынан жонып жатса, екінші жақтағы ескі құрал-жабдықтардың қасындағы үстелдің үсті де сужаңа тетіктерге толы. Осында Зияден Әбутәлімовпен жүздескен кезде ол адамның бойында орасан зор еңбекқорлық пен төзімділіктің бар екенін аңғардық. Сол қасиеттердің арқасында оның жігіт шағында қолға алған мамандығы бүгінге дейін өмірлік серігі болып келеді. Сол күні де қызу еңбектің қазанына түсіп, бас көтеруге мұршасы болмай жатқан еңбеккер қасына келген бөтен адамдарды байқар емес. Біздің оған жолығу мақсатымызды білген кезде – еңбегінің еленіп жатқанын қош көрсе де, мақтаншақтық мінезі жоқ жан өзі туралы не айтарын білмей, күмілжіп те қалды. Алайда, бізді көп күттірмей еңбек жолын баяндап, әңгімені бастап кетті.

Зияден аға өзінің Петропавл қаласындағы механикалық техникумды техник-құрылысшы мамандығы бойынша бітіргенін, әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын абыройлы өтеп келген соң екі жыл құрылыс басында еңбек еткенін сөз етті. Алайда, бұл мамандыққа аса көңілі құламаған жас жігіт басқа кәсіп таңдайды.

– Әкем – Ұлы Отан соғысы жылдарында бес жыл бойы солдат етігімен Еуропаны шарлап, елге Жеңіспен аман-есен оралған майдангер. Ол соғыстан кейін облыс орталығындағы шағын литражды двигательдер зауытында еңбек етті.

Әттең, зейнеткерлік жасқа бес ай қалғанда жүрек талмасынан көз жұмды. Менің сол кезде еңбек етіп жүрген жұмыс ортамның ұнамай жүргенін сезді білем: “Балам, бұл жұмыс саған лайық емес”, – деп өзінің зауытына алып барды. Ондағы цех бастығы өзінің қандыбалақ майдандасы болғандықтан, сөзге келмей, мені жұмысқа қабылдады. Сол әкем орнықтырып кеткен зауытта 22 жыл еңбек еттім, – дейді ол.

Зияден Әбутәлімовтің одан кейінгі 10 жыл еңбек өтілі “ЗИКСТО” кәсіпорнына тиесілі болса, соңғы жеті жылдан бері ол мұнай-газ құрал-жабдықтарының түрлі тетіктерін жасайтын “Поиск” ЖШС-де еңбек етіп, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткер мәртебесіне ие болғанымен, еңбек жолын әрі қарай жалғастырмақ ойы бар. Өйткені, өмір бойы еңбекпен еленіп келген адам зейнеткерлік демалыста екі қолды қусырып бос отыру, үлкен жайсыздық тудырады деп ойлайды. Әрине, мұндай білікті кадр өндіріс басында жүрсе, оның кәсіпорынға да, жас мамандарға да тигізер пайдасы мол болары сөзсіз.

– Бүгінгі жастар ынталы, тез үйренеді. Әсіресе, ауылда туып-өскен балалар мұндай ауыр жұмысқа төзімді болады. Зауытта күнұзаққа станоктың басында тік тұрып, жұмыс істеу керек. Аяқ-қолың шаршайды. Сондықтан шымыр, спортқа жақын адам ғана оған төзе алады. Біз балалық шақты күннің астында ойын қуып өткіздік емес пе? Сондықтан болар, мен жастайымнан бұл жұмыстың ауыртпалығына мойымадым. Оның үстіне дене жаттығуларын жасау әлі күнге дейін дағдымда. Жалпы еңбек жолымның өзі спорттан кем емес. Бүгінде 60-тан ассам да, денсаулығымның сыр бермегеніне қуанамын, – дейді Зияден Әнуарбекұлы.

Жауырыны қақпақтай, бойын тік ұстайтын Зияден ағаға қарап, еңбектің қартаюға мұрша бермейтінін мойындайсың. Ол күнде өндіріске келіп, сегіз сағат бойы аяғынан тік тұрып, темір тетіктердің әр бөлігін станокқа жонып, қолмен келтіреді. Автоматты құрал-жабдықтарға бағдарламаны дұрыс салсаң, тетіктер де дәлме-дәл болып шыға береді. Дегенмен, ол жұмыстарды адам факторынсыз атқару тағы мүмкін емес. Бүгінде “Поиск” ЖШС-і өндірістегі құрал-жабдықтарды біртіндеп жаңғырту үстінде. Алайда, заманауи құрылғылар қымбат. Сондықтан серіктестіктегі қолданыстан шықпаған ескі станоктардың басында 50-ден аса токарь жұмыс істейді. Ал Зияден Әнуарбекұлы ұзақ жылғы еңбек өтілінде машина жасау саласындағы неше түрлі құрал-жабдықтардың тетіктерін өз қолымен жасаған.

– Токарьдың жұмысын атқару үшін сауаттылық керек. Ондағы жұмыс сызба бойынша ұйымдастырылады. Геометриялық формулаларды естептеуге жетік болған жөн. Тетік жасалатын шикізаттың өзі неше түрлі болады. Олардың микроқұрылымын білсең, жұмысың сапалы да өнімді болады. Сызбаны пайдалану, әр өлшемнің дұрыс болуын қадағалау маманнан үлкен тиянақтылық пен білгірлікті талап етеді. Сәл қателессең, еңбегің де еш кетеді, материал да ысырап болады, – дейді ол.

Ол – қолына тиген сызба бойынша қажетті тетікті ойып, жонып еңбек ортасын жайлы еткенді оң көретін еңбеккер. Бір қолымен сызбаны ұстап, екінші қолымен темірді жонып, қайтсем сапалы әрі тез еңбек етемін деп ойлайтын білікті маман. Тәжірибесі мол Зияден Әнуарбекұлы технологтің де, инженердің де жұмысын жақсы білгендіктен, кез келген кем-кетікті өзі дұрыстап алуға қауқарлы. Еңбекке деген осындай көзқарасымен өз ортасына сыйлы болып жүрген адамды әкімшілік те ұмыт қалдырмайды. Былтыр еңбеккердің еңбегі тағы бір бағаланып, Машина жасау күні қарсаңында оған облыс әкімі Самат Ескендіров Алғыс хат табыс етті. Ең бастысы – Зияден Әбутәлімов сынды мамандардың кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол.

– Жастарға төзімділік керек. Токарь мамандығына әбден үйрену үшін бір жылғы еңбек аздық етеді. Кем дегенде 2-3 жыл ынтамен үйренсең, бес жылдан кейін кез келген адамнан жақсы токарь шығады. Әрине, денсаулықты қадірлей білу керек. Бұл жұмыс орнының да денсаулыққа зиянды жақтары бар. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтап еңбек етсең, бұл мамандықтан ешқандай жамандық көрмейсің, – деген ақыл-кеңесін де ортаға салды.

Еңбек адамы үшін уақыт қымбат. Зияден аға өзінің бізбен біраз әңгімелесіп қалғанын қабырғада тұрған сағатқа қарап аңғарды да, басқа айтар сөзім жоқ дегендей, жұмыс орнына кетуге ыңғайлана бастады. Біз де оған ризашылығымызды білдіріп, қош айтыстық.

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp